22 Қыркүйек 16:35

Құмар ойындарға тәуелділікті қалай жеңуге болады?

Лудомания, шенеуніктер
Фото: ғаламтордан

Құмар ойындарға тәуелділік адамзатты ғасырлар бойы алаңдатып келе жатқан мәселе. Мұндай тәуелділікке «лудомания» деген ресми атау берілген. Ол аурулардың халықаралық классификациясына шамамен 40 жыл бұрын енгізілген ресми диагноз.

Ойынға тәуелділік көбіне ойын залдары мен казиноларда, букмекерлік кеңселерде, сондай-ақ онлайн платформаларда дамиды. Құмарлықтың мотивтері – жеңіл ақша табу, өзінің артықшылығын көрсету, көңіл көтеру және т.б. Сол себепті құмарлықтың себептерін психотерапевт пациентті тексергеннен кейін ғана анықтайды. Құмар ойындарға тәуелділіктің мотивін анықтамай, тәуелділікпен күресудің мәні жоқ.

Бүгінгі күні құмар ойындарға тәуелділік мәселесі жан-жақты зерттелген. Сонымен қатар оның белгілері мен алдын алу шаралары да қарастырылған. Сарапшылар құмар ойындарға тәуелділік қалай дамитынын кезеңдерге бөліп түсіндірді.

Бірінші саты – ЖЕҢІС.

Адам жеңіл ақшаның дәмін татқан кезде тәуелділіктің алғашқы кезеңі басталады. Тіпті кішігірім ұтыстың өзі құмар ойындарға тәуелділіктің дамуына түрткі болуы мүмкін. Адамның бойында өзінің бағын қайта-қайта сынап көргісі келетін құмарлық пайда болады. Жиі ақша тігу арқылы жеңіске бір қадам жақындағандай, қомақты қаржы алатындай көрінеді. Ол көп ақшасын салады және ойынға көп уақытын жұмсай бастайды. Бұл кезеңде тәуелді адамға көмектесу оңай, өйткені ол әлі шындықпен байланысын жоғалтпаған. Ол айналасындағыларды тыңдай алады, олардың пікірлерін талдай алады, сонымен қатар өзінің қаржылық жағдайын бағалай алады.

Екінші саты – ЖЕҢІЛІС.

Ұтысқа ақша тігу көбейген сайын, жеңілістердің де саны артады. Құмар ойынға тәуелді адам ұтылған ақшаны қайтару үшін қарызға ақша ала бастайды. Банктен несие алып, достары мен туыстарынан қарызға ақша сұрап, барлық құнды заттарын ломбардқа өткізеді. Ойынға деген қызығушылықтың күшейгені сонша, адам айналасындағы өзгерістерді байқамайды. Бұл кезеңде құмар ойыннан емдеу күрделірек болады. Бұл сатыда мамандардың көмегінсіз тәуелділікпен күресу мүмкін емес.

Құмар ойын, карта
Фото: pixabay.com

Үшінші саты – ЕССІЗДІК.

Тәуелділік осы кезеңге жеткен кезде адам өзінің әлеуметтік және отбасылық байланыстарынан ажырай бастайды. Оның түсінігінде ойынға кедергі келтіретіндердің барлығы зұлымдық алып келетіндей көрінеді. Сондықтан ол жұмысынан, достарынан және отбасынан айырылады. Ойын өмірінде бірінші орында тұрады. Кейде істеп жүргендерінің дұрыс емес екенін түсініп тоқтағысы келеді. Бірақ ол ойынан тез айнып шығады. Құмар ойындарға қажетті ақшаның болмауы тәуелді адамды заңсыз әрекеттер жасауға мәжбүр етеді. Келесі бәс тігуге ақша табу үшін лудоман кісі өлтіруден де тайынбайды. Тәуелділіктің бұл сатысында емдеу шаралары жан-жақты жүргізілуі тиіс. Ол психотерапия мен дәрі-дәрмектің әртүрлі әдістері және өзін-өзі бақылау әдістерінен тұрады. Науқас жақындарының қолдауына өте мұқтаж. Емдеуде оң нәтижелерге психотерапевт, пациент және оның отбасы мүшелерінің бір жылдық бірлескен жұмысынан кейін ғана қол жеткізуге болады.

Төртінші саты – ШАРАСЫЗДЫҚ.

Бұл тәуелділіктің шарықтау шегіне жеткен кезеңі. Лудоманның ойыннан көңілі қалады, бірақ тоқтай алмайды. Бұл кезеңде құмар ойындарға тәуелділік көбінесе басқа зиянды тәуелділіктермен – алкоголизммен немесе нашақорлықпен бірге жүреді. Құмар ойынға тәуелді адам үнемі депрессияда жүреді, өз-өзіне қол жұмсағысы келеді, ұйқысы мен тәбеті бұзылады. Бұл кезеңдегі тәуелділікті емдеудің ең өзекті әдісі – дәрілік терапия. Препараттардың әсері көбінесе психикалық патологиялардан (невроздар мен терең депрессия) арылуға көмектеседі.

Сол үшін құмар ойындарға тәуелділікті емдемес бұрын оның жоғарыда көрсетілген сатысын анықтау керек. Психотерапия құмар ойындарға тәуелділікті емдеудің негізгі әдісі болып қала береді. Ол зерттеулерде дәлелденген ең жоғары деңгейге ие.

Тәуелді адамдар көбінесе өзінде тәуелділіктің бар екенін жоққа шығарады. Сол себепті емдеу шарасын жүргізу қиынға соғуы мүмкін. Барынша шыдамдылық танытқан жөн. Құмар ойындарға тәуелді адамның қарсылығына дайын болуыңыз керек. Өйткені мақсатқа жету жолында біраз жұмыс атқаруға тура келеді. Мұндай кезде құмар ойынға тәуелді адамға жақындарының қолдауы қажет.

Лудоман
Фото: pixabay.com

Лудоманды емделуге көндіру үшін ең алдымен психологтың кеңесін алу қажет. Маман науқасқа және оның туыстарына мәселенің мәнін, оның салдарын және емдеуге ерікті келісімнің құндылығын түсіндіреді. Егер құмар ойынға тәуелді адамның күресуге ниеті болмаса, күшті емдеу шарасын бастауға болмайды. Ондай жағдайда психотерапевтік және емдік сипаттағы кез келген шараның дәрмені жоқ.

Құмар ойындарға тәуелділік – үлкен мәсле. Құмар ойындарға тәуелділер казиноларды қаржылық мәселелерді шешудің жолы ретінде, ал онлайн компьютерлік ойындарды көңілді уақыт өткізу құралы ретінде қабылдайды. Бірақ шын мәнінде, мұндай ермек адамды құрдымға кетіреді. Әр минутыңызды пайдалы нәрсемен айналысуға жұмсаңыз. Адам көбінесе зерігуден құмар ойындарға тәуелді болады. Сондықтан өзіңізді мүмкіндігінше жұмысқа жегіңіз және бос уақытыңызда спортпен, кітап оқумен немесе өзгеде пайдалы іспен айналысуға жұмсаңыз.

Құмар ойындарға тәуелділік – бұл өз бетімен емделмейтін ауыр психикалық ауру. Өтініш айту, жылау, талап ету және бопсалау көмектеспейді. Шамадан тыс табандылық та тек жағдайды күрделендіреді. Өкінішке қарай, құмар ойындарға тәуелділікті толығымен емдеу мүмкін емес. Бейсана деңгейінде ойынға құмарлық қала береді. Барлығы тек емделушінің өзіне байланысты. Ерік-жігері мықты болса, ойынға қайта жолмайды.

Құмар ойындарға тәуелділікпен күресуге болады және күресу керек. Емдеу нәтижесінде науқас тәуелділіктің әлсірегенін немесе толық жойылғанын, психикалық және физикалық денсаулығының қалпына келгенін, жаңа өмірлік ұстанымдардың пайда болуы сияқты өзгерістерді бастан кешіреді. Әрине, бәрі бірден бола салмайды, шешілмеген мәселелерде қалуы мүмкін. Сонымен қатар құмар ойындарға тәуелділіктің қайталануын да жоққа шығаруға болмайды. Алайда оның барлығы адамның өзіне, ішкі күш-жігеріне, нәпсісін басқара алуына байланысты.