25 Маусым 17:26
...

Жоғарғы оқу орны диплом алмаған студенттен «жұмысқа орналасқаны туралы» анықтама талап етуі заңды ма?

Білім, түлектер
Фото: ЖИ

Әне-міне дегенше, төрт жыл бойы жоғары оқу орнында білім алған студенттер оқуын аяқтап, көптен күткен дипломдарын қолдарына алады.

Бұл жылдар ішінде студенттер өмірлік тәжірибе жинап, өз мамандықтарының қыр-сырын меңгерді, білім алады. 

Еліміздегі университеттердің көпшілігі 4-курсты аяқтап жатқан түлектерден «белгілі бір мекемеде жұмыс істеп жатыр» деген анықтама талап етіп жатыр. Тіпті, қолына диплом алмаған студенттен «штатта жұмыс істейді» деген анықтаманы сұрататындары бар. Диплом алып, жұмысқа орналасқаннан кейін сұратса, орынды. Ал дипломын алып үлгермеген студенттен мұндай анықтама сұрау қаншалықты дұрыс? Университеттер не себепті мұндай анықтаманы талап етіледі?

NEGE тілшісі жолдаған осы сауалға Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке АБЫЛАЙХАН жауап берді.

Ақерке АБЫЛАЙХАН
Фото: ОКҚ

«Студент жастарды жұмысқа орналастыру – өзекті мәселе. Өндірісте жұмыс істеймін деген студенттерге практикада тәжірибе жинау, дуалды білім беру жүйесі бойынша оқуды ұйымдастырудың маңызы зор. Жалпы, әлеуметтік желілерді алып қарасаңыз, мұндай ақпарат көп. Бірақ, бізге нақты фактілер керек. Жоғары оқу орнын бітірмеген студенттен қай оқу орны анықтама талап етіп отыр? Біз студенттердің жұмысқа орналасуына қатысты мониторингті жас маман оқуын бітіріп, жұмысқа орналасқаннан кейін зейнетақы қорына аударылған төлемдер бойынша жасаймыз», – деді Ақерке Абылайхан.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасарының айтуынша, қандай да бір ЖОО-дан бүгін бітірген түлегіңді жұмысқа орналастыр деген көрсеткішті ешкім талап етіп отырған жоқ.

«Ондай мақсат мүлдем жоқ, ондай тапсырма да жоқ. Сондықтан университеттердің де «ондай анықтама алып кел» деп талап етуі мүмкін емес. Біз ондай талап қойып отырған жоқпыз. Тек қана жастардың жұмысқа орналасуына көңіл бөлуін сұраймыз. Себебі, ол – жас қой. Ол ары қарай магистратураға оқуға түсе ме, не болмаса жұмысқа орналаса ма? Қай жерге жұмысқа тұруға мүмкіндік бар? Қайда барарын, қайда жұмыс істейтін, қандай бағыт-бағдарды таңдайтынын оқып жүріп анықтауы тиіс. Мысалы, кеше ғана Астана қаласының Сот істері жөніндегі әкімшілігімен бірлесіп, түлектерге «Астанаға жол» жобасын таныстырдық. Мұның барлығы түлектерге қандай мүмкіндіктер бар екенін көрсету үшін ұйымдастырылып жатыр», – деді комитет төрағасының орынбасары. 

Биыл оқу бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші келесі жылы есепке алынады. Сондықтан бұл жұмыс жүйеленген.

«Бұл жерде студенттердің бізге өтірік анықтама алып келгені қажет емес. Біз университеттерден қандай да бір рейтинг талап етіп отырған жоқпыз. Ал биыл ЖОО бітірген түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштеріне желтоқсан айы бойынша зейнетақыға түскен қаражатты қарау арқылы қорытынды жасалады. Сондықтан, ондай талап жоқ. Ал егер нақты бір оқу орны туралы осындай ақпарат болса, бізге беріңіз», – деп жауап берді Ақерке Абылайхан.