31 Наурыз 20:33

Көзқарасы жақсарды. НЕГЕ Дүниежүзілік Банк Қазақстанға сеніп отыр?

Фото:

Дүниежүзілік Банк биыл Қазақстан экономикасы 3,2 пайызға өседі деп отыр. Ал жылдың басында халықаралық қаржы институты біздің өсім көрсеткішімізді тек 2,5 пайызға бағалаған болатын. Мұндай оптимизмге не себеп болды?

Дүниежүзілік Банк сарапшыларының есебінше, отандық экономиканың өсуіне әлемдік сұраныстың қалпына келуі мен тұрақты бюджеттік ынталандыру себеп болмақ. Бюджеттік ынталандыру дегеніміз – Ұлттық Қор есебінен жасалатын трансферттер көмегімен түрлі бағдарламаларға қаржы бөлу.

Экономистер «2021 жылы ішкі тұтыну өседі», – дейді. Nege.kz есебінше, зейнетақы жинақтарын пайдалану мүмкіндігі тұрғын үйге деген сұранысты едәуір арттырды. Соның салдарынан салаға деген инвестиция көлемі өсіп, мультипликативті эффект арқасында жалпы ішкі өнім күшейе түседі. Бірақ, екінші жағынан, азаматтар үшін үй бағасы шарықтай бастады. Дүниежүзілік Банк сарапшылары шикізаттық емес бюджет тапшылығының қысқаратынын болжап отыр.

«Шикізаттық емес тапшылық 2021 жылы жалпы ішкі өнімнің шамамен 9 пайызына дейін қысқарады деп болжануда. Үкіметтік қарыз ішкі қарыз алу мен сыртқы несие бойынша төлемдердің өсуіне байланысты жалпы ішкі өнімнің 27% -на дейін өсуі мүмкін»

Дүниежүзілік Банк есебі бойынша, инфляция 2021 жылы 6,8%-дан 6,2%-ға дейін төмендейді. Бірақ жұмсақтау ақша-бюджет саясаты инфляцияға қысым көрсетпек.

Карантиндік шараларға қатысты қауіп жоқ емес. Вакцинация бойынша ақсасақ, бизнестің тынысы тоқтайды. Онда экономиканың қалпына келуі бәсеңдейтіні түсінікті.

Nege.kz есебінше, ішкі тұтынуды арттыру үшін ешқандай карантин болмауы тиіс. Өз кезегінде оған тек вакцинация мүмкіндік бере алады.

Сондықтан біздің экономикалық өсуіміз Ұлттық Банк пен Ұлттық экономика министрлігіне емес, Денсаулық сақтау министрлігіне көбірек байланысты болып отыр.

Тегтер: