Қоғамдық кеңес Гужавинді неге қолдап шықты?

Алматының тау бөктерінде экотуризмді дамыту жобаларына қатысты қызылкеңірдек талас-тартыс толастамай тұр. Біреулер үзілді-кесілді қарсы шықса, біреулер қос қолдап қолдап жатыр. Алматы қаласының Қоғамдық кеңесінің мүшелері де қолдады. Жобаның таныстыру рәсімінен кейін бірауыздан мақұлдады. Кеңес мүшелері «Туранга групп» компаниясының жобасын неліктен қолдады? Бұл жайында Қоғамдық кеңестің мүшесі, Қазақстан Фин Тех қауымдастырығының атқарушы директоры Ерлан Смайлов пікір білдірді.
– Қоғамдық кеңес жобаны не үшін қолдады? Бұл жөнінде пікіріңізді айтудан бас тартпайтын шығарсыз?
– Қазіргі қоғамда туризм саласында жаңа үрдістер пайда болып жатыр. Өз басым салауатты өмір салтын ұстанамын. Табиғатқа жиі шығып тұрамын. Тау-тасқа жаяу шығып, көрікті жерлерді іздеймін. Мен жалғыз емеспін, мұндай көп адам бар. Менің ортамда, туыстарым мен достарымның арасында бос уақытын осылай табиғат аясында өткізетіндер аз емес. Бұл – бас қосып, көкке шығу деген сөз емес, алдын ала әзірлік жасап, рюкзак арқалап, мойнына фотоаппарат асынып, тауды бірнеше күн аралау. Аңшылық десе, ішкен асын жерге қоятын кейбір достарымның өзі қаруын тастап, жаяу туризмге көшіп жатыр.
Өздеріңіз қараңыздаршы, бұдан 10-15 жыл бұрын Алматыда адамдар жаппай велосипедке отыра бастайды деп ойлап көріп пе едіңіздер? Алматылықтар жиі велосипед тебетін болды. Тіпті, бүкіл отбасы болып, тау велосипедтерімен зырылдап жүр. Он жыл бұрын адамдардың спортқа бел шешіп шұғылданып жүргенін көрген жоқ едік. Қазір әр паркте жүгіріп жүрген адамдардың қарасы көбейді. Қаланың қай түкпірін алсаңызда, солай. Мәдениет қалыптасып, өмір сүру дағдысына айналды. Яғни, біздің қолдағанымыздың бірінші себебі – қоғамда бұған сұраныс бар.
Екінші себебі – ұлттық парктердің жұмыс жүйесін қайта қарау аса қажет болып тұр. Туризмді дамыту үшін өркениетті форматта қолайлы орта жасалуы тиіс. Ең алдымен табиғатқа зиян келмеуі тиіс.
– «Жабайы» кәуап туризмі болмасын дейсіз бе?
– Олай емес. «Жабайы» туризм – керісінше, жақсы нәрсе. Бұл жерде «жабайы адамдардың» туризмі болмасын» десек, дұрысырақ болады. Тау шатқалдарында қазір біз не көріп жүрміз? Әр демалыс сайын «жабайы» көкке шығу, қоқыс, айғай-шу, ағаштар мен бұталарды құрту. Бұған тоқтау салу керек. Қоғамдық кеңестің отырысында инвестордың таныстыру рәсімі болды. Біз одан маңызды нәрсені көрдік. Алматылдықтар мен қала қонақтарының жақсы көретін көрікті жерлерін тәртіпке келтірмек. Жаяу жүруге арналған жолдары бар, қауіпсіз, жұрттың бәріне қол жетімді болатындай жібі түзу инфрақұрылым жасалмақ. Осы жобаны талқылай отырып, біз балалардың, егде жастағы және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді болуы жөнінде ұсыныс бердік.
– Десе де, бұл бизнес-жоба емес пе?
– Иә, бұл – бизнес жоба. Бірақ бұл жерде маңызды бір жайт бар. Инвестордың өзі ақша салады, қаржы тартады. Мемлекеттен көмек сұрамай, өзі үлес қоспақ. Ақиқатын айтсақ, қазір елімізде экотуризмді дамытуға бөлетін мемлекеттің қаражаты жоқ. Бұған жекеменшік инвестиция керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, ішкі экотуризм – экономика дамуына түрткі болатын тетіктердің бірі. Бұл – үшінші себебі.
Көп адамдар мені көрсоқыр деп ойламасын. Жұмыс басталғалы отырған жерде – Аюсай шатқалында Қоғамдық кеңестің жиыны өтті. Біз көп сұрақ қойдық. Жерді қалай пайдаланатыны, құқықтық мәртебесі жайлы білдік. Мемлекеттің барлық ықпал тетіктері сақталып қалады. Жобаға бөлінген жер телімдері жекеменшікке де, жалға да берілмеген. Міндеттерін орындамаса, инвестормен арадағы келісім-шарт бұзылады да, ол дереу бұл аумақты босатып береді. Қолдағанымызда қойған тағы бір талабымыз мынау: қоғамның ұсыныс жасап, түзету енгізуге мүмкіндігі болуы тиіс. Жобаның бастамашысы Гужавин мұны қолдап отыр. Ұлттық парк инвестормен бірге ғылыми және білім беру жұмыстарын жүргізеді. Жобаны қадағалау құқығын өзімізде қалдырып отырмыз. Маңыздысы, жарияланған дүниелердің нақты нәтижесі көрінуі тиіс.
– Жобаның сіздерге ұнамаған тұстары жоқ па?
– Біз отырыстарда салалық министрліктердің өкілдерін тыңдадық. Талқылау барысында олар сауалдарымызға тұшымды жауап берді. Егер титтей күдігіміз болса, олар Қоғамдық кеңестен қолдау таба алмас еді. Меніңше, жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік беру керек-ақ. Ол кезең-кезеңмен іске асырылмақ. Төрт жылға арналған. Бірінші кезеңі қалай қолға алынатынын байқап көрейік. Сосын екіншісі бар. Егер біз күткен жайттар орындалмаса, оны өзгертуді немесе жауып тастауды талап етеміз. Бұл – алматылық ретінде, Қоғамдық кеңестің мүшесі ретіндегі өзімнің жеке пікірім.
Алматы ботаникалық бағынан бір мысал келтірейін. Қоғамдық кеңестің президиумының тапсырмасы бойынша оны қайта құрылымдау жөніндегі бірнеше қоғамдық тыңдауларды ұйымдастырдым. Әрине, қызыл кеңірдек тартыстар болды. Жұрт арасында «қайта құрылымдаймын» деп, инвестор бақтың аумағын басып алып, нысандар салып тастайды» деген қауіп басым болды. Шешімнің дұрыс екеніне көзіміз жеткен соң, жоба іске асырылды. Қазір спонсордың өз міндеттерін қалай атқарғанын көріп отырмыз. Ботаникалық бақ қаланың тағы бір мақтанышына, көрікті жерлерінің біріне айналды.
Оның үстіне, әлемдегі және еліміздегі қазіргі ахуал – коронавирус пандемиясы адамдардан өз денсаулығын сақтап, иммунитетін көтеруді талап етіп отыр. Экотуризм жобасы салауатты өмір салтын ұстануға ықпал етуі тиіс. Табиғат аясында адамдар демалып, таудың таза ауасымен тыныстауға арналған қоғамдық кеңістік жасалуы керек. Қазір жұрт Қазақстанды аралауға да мұршасы келмей отыр. Әсіресе, егде, отбасылы адамдар. Жобада табиғатты бүлдіретіндей дәнеңе де жоқ. Керісінше, жобаның мақсаты – табиғатты сақтауға басымдылық беру. Бұл – төртінші себеп. Ең маңыздысы да осы.