Қазақстанның ішкі саудасы. Даму мен перспективалар
Сауданың маңызы артып барады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша сауданың экономикалық әсері ЖІӨ құрылымында 7,6%-ға нақты өсуді көрсете отырып, 17%-дық үлеспен көрініс тапты. Бұл – құрылыспен қатар, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуынан озық түсіп отыр, экономикалық қызметтің барлық түрлерінің арасындағы көлемі бойынша екінші көрсеткіш.
Соңғы жылдары ішкі тауар айналымының тұрақты өсуі байқалуда. 2019 жылдың қорытындысы бойынша бөлшек және көтерме сауда көлемі 10,6%-ға өсіп, 37,5 триллион теңгені құрады.
Мысалы, 2019 жылы бөлшек сауда көлемі 11,3 триллион теңгені құраған. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 12,9%-ға артық.
Жұмыспен қамтудағы көтерме-бөлшек сауданың үлес салмағы 16,3%-ды құрады. Бұл дегеніміз 1,4 миллион Қазақстандықтың сауда саласында жұмыс істейтіндігін анық байқатады.
Nielsen зерттеуіне сәйкес, тұтынушылардың ең көп келетіні үй жанындағы дүкендер – 17,8%, супермаркеттер – 5,7%, ашық базарлар – 3,6%, гипермаркеттер – 3,7%. 2018 жылғы жағдай бойынша Қазақстанда ірі супермаркеттердің үлес салмағы 3%-ды, орташа дүкендер – 15%-ды, шағын дүкендер – 38%-ды, дүңгіршектер – 6%-ды, ашық базарлар – 18%-ды, косметика және парфюм дүкендері – 5%-ды, үй шаруашылықтары – 4%-ды, дәріханалар 11%-ды құрады.
Алайда, COVID-19 коронавирустық пандемияға байланысты ішкі саудадағы ахуал нашарлады. Кейбір сауда субъектілерінің, атап айтқанда, азық-түлікке жатпайтын бөлшек сауда және базарлардың қызметін тоқтата тұру кәсіпкерлердің кірістерінде айтарлықтай шығындарға әкелді. Тұрғындардың көп жиналатын орындарға барудан «қорқуының», сондай-ақ қымбат эпидемияға қарсы шараларға байланысты тұтынушылар ағынының төмендеуі базарларда, сауда үйлері мен сауда-ойын-сауық орталықтарында сауда жасайтын жекелеген кәсіпорындардың банкротқа ұшырау қаупін тудырды. Бөлшек саудада шағын кәсіпорындар айтарлықтай зардап шекті, олардың айналымы былтырғы пандемияда 15,5 пайызға тқмендеп, 1,9 триллион теңгені құрады.
Қазір әлемдік бөлшек саудада өткізу нарықтарын бақылайтын негізгі ойыншылар ретінде желілік ритейлерлердің рөлі артып келеді. Deloitte есебіне сәйкес 250 ірі әлемдік ритейлердің обороты 4,53 триллион АҚШ долларын құраған. Және осы айналым көлемі жыл сайын артып келеді. Қазіргі таңда АҚШ, Германия және Франция компаниялары халықаралық нарықтағы ірі ритейлерлер болып отыр. Нәтижесінде неғұрлым дамыған елдерде «ритейлизация» деңгейі азық- түлік тауарларының бүкіл бөлшек сауда нарығының орташа есеппен 80%-ына жетеді, Ресейде бұл көрсеткіш 69%-ға, Белоруссияда – 61%-ға жетіп отыр. Ал Қазақстанда бұл деңгей 31%-ға ғана жетті.
Осылайша, Қазақстанда қазіргі заманғы сауда форматтары, оның ішінде бөлшек сауда желілері жеткілікті дамымаған. Сатудың басым бөлігі сауда желілеріне кірмейтін шағын «үй жанындағы дүкендер» арқылы не базарлар арқылы жүзеге асырылады. Тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында соңғы жылдары қазіргі заманғы ритейлдің тұрақты түрде дамып келе жатқаны байқалады. Және ашығын айтсақ, дәстүрлі дүкендер мен базарлар төмен еңбек өнімділігімен жұмыс істейді. Оларда интернет-сауда, «сатушысыз кассалар», BigData және басқа да заманауи озық технологиялар жоқ.
Шетелдік ойыншылар бізге енді ғана көшін бұрды десек те болады. Қазақстандық нарықта қазірдің өзінде шетелдік бөлшек сауда желілері бар. Бұдан басқа, соңғы жылдары Қазақстанда ресейлік «Аникс» желілері, X5 Retail Group, Дикси, БАӘ-ден MAF Group сияқты және басқа да шетелдік компаниялардың ұлттық нарыққа кіруі бойынша бірқатар зерттеулер жүргізілген болатын. Ресми статистика деректері бойынша Қазақстанда халықтың сауда алаңдарымен қамтамасыз етілуі 1000 адамға есептегенде небары 634 шаршы метр, ал Еуроодақ елдерінде 1000 адамға есептегенде 1100-1700 шаршы метрді құрайды. Былтыр Қазақстанда ірі форматты сауда объектілерінің ауданы 1016 мың шаршы метрге ғана жеткен.
Базарды қайда жібереміз?
Мемлекеттің ойынша, еліміздегі базарлардың жоғары үлесі және қазіргі заманғы сауда форматтарының жетіспеуі алыпсатарлық бағаның негізсіз өсуіне ықпал етеді. Осы проблема COVID-19 коронавирусының пандемиясына байланысты шиеленісе түсті. Сауда алаңдарының тапшылығы сауда алаңдарын жалға алу мен сатып алудың жоғарылатылған мөлшерлемелеріне алып келеді. Нәтижесінде бөлшек сауда бизнесін ұйымдастыруға арналған шығындар қсе бастамақ. Ол түптеп келгенде осы дүкендердегі өнімдер мен тауарлар бағасының жоғары болуына алып келеді. Құрылыстың аз көлеміне және тиісінше жаңа сауда-саттық алаңдарын ұсыну көлемдерінің аз болуына қатысты проблема ең алдымен заемдық қаржыландырудың қымбаттығына байланысты.
«Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР Заңының стационарлық емес әмбебап сауда базарларын стационарлық сауда объектілері етіп жаңғырту қажеттігі туралы талаптарына қарамастан, елімізде бұрынғысынша жаңғыртылмаған базарлар саны көп. Мәселен, қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатқан 750 базардың тең жартысы станционарлық емес. Негізгі проблема базарларды жаңғыртуға керек кредиттік қаражаттың тапшылығы мен қымбаттығы болып табылады.
Базарлар көлеңкелі экономиканың бірден бір ошағы. Статистика деректеріне сәйкес көтерме және бөлшек сауда соңғы үш жыл ішінде жалпы ішкі өнімдегі көлеңкелі экономиканың ең үлкен үлесін иеленіп отыр. Базардағы көлеңелі экономиканың көлемі 5,2 триллион теңгеге жеткенін айта кету керек. Бүкіл сауданың тең жартысы салық органдарын айналып өтеді.
Дәл осы кезде елімізде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін оңтайлы шоғырландырып, тарата алатын заманауи көтерме базарлар мен көтерме-тарату орталықтарының жүйесі жоқ екенін айта кетуіміз керек. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректері бойынша көтерме азық-түлік нарықтарының өндірушілер мен тұтынушылар үшін шешуші маңызы зор. Өйткені олар өндірушілер үшін нарыққа қолжетімділікті кеңейтеді, ал тұтынушылар үшін қолжетімді баға ұсына алады.
Бізде тауарлардың негізгі көлемі көптеген тиімсіз делдалдар арқылы ұсақ көтерме саудада өткізіледі. Осы делдалдар бағаның 40 пайызға өсіп кетуін туғызады. Тағы бір басты мәселе, қазіргі заманғы форматтағы қоймалардың болмауы болып табылады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша бүгінде елімізде жалпы сақтау көлемі 1500 мың тонна болатын 900-ден астам көкөніс сақтау қоймасы бар. Бұл ретте, қолданыстағы көкөніс қоймаларының көпшілігі қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келмейді, ол тауардың түпкілікті бағасынан көрініс табатын орасан зор шығынға (шамамен 20-30%) алып келеді.
Өндірушілер мен тұтынушылар арасында кері байланыстың болмауы, атап айтқанда тауар номенклатурасы, сипаттамасы бойынша тұтынушылардың қалауын ескермей өндіру шетелдік бәсекелестермен салыстырғанда, отандық тауар өндірушілерді тиімсіз жағдайға қояды.
Сондай-ақ, шағын дүкендер бір-бірімен кооперацияланатын және сауда-сатып алу одақтарын құратын шет елдердің тәжірибесіне назар аудару керек. Бұл оларға сатып алынатын өнім көлемін ұлғайту есебінен өндірушілермен ең жақсы бағалармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазақстанда кооперацияның мұндай түрі дамымаған.
Сондай-ақ, Қазақстанда ұтқыр сауда сияқты бизнес түрі дамымаған. Бизнестің бұл түрі шет елдерде ойдағыдай дамып келеді. Бұл, бір жағынан, шағын және орта бизнес үшін көп жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан, тұтынушыға арналған бағалардың төмендеуіне әсер етеді. Ұтқыр саудадағы бағалар, әдетте, жалға беруден үнемдеу есебінен, стационарлық сауда объектілеріндегі бағаға қарағанда айтарлықтай төмен.