Қазақстандық сервис: тұтынушылар қызмет көрсету сапасын қалай бағалайды?
ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мәліметінше, кәсіпкерлер мен сатушылар көрсететін сервиске деген азаматтар тарапынан түскен шағым саны жыл санап артып келеді. Сервисті жақсарту бойынша мемлекет қандай шаралар қолдануда?
Соңғы рет 2020 жылғы шілде мен қазан аралығында қазақстандықтар арасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласы бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Сауалнаманың мақсаты халықтың қандай да бір қызмет түрлерімен қанағаттану деңгейін анықтау, сондай-ақ қазақстандықтардың тұтынушылық сауаттылығы деңгейін білу болатын.
- Тақырыпқа орай: Тұтынушы және құқық. Мемлекет қаржы саласындағы тұтынушылардың құқығын қалай қорғауда?
Респонденттер сауда мен қызметтің 20 саласын бағалады. Сауалнама нәтижесінде ел тұрғындарының қанағаттану пайызы орташа деңгейден жоғары (67%) екені белгілі болды. Әлеуметтік сауалнама негізінде азаматтардың тұтынушылық құқықтары үнемі бұзылатын қызметтердің топ-5 проблемалық саласы анықталды.
Фото: wfin.kz
Бұл тізімде медициналық қызметтер көш бастап тұр. Тұтынушылардың 45,9 пайызы медицина сапасын нашар деп бағалайды. Ал 43,2 пайызына теміржолдағы жолаушылар тасымалы қызметі ұнамаған. Автомобиль көлігі, оның ішінде такси қызметі тұтынушылардың 42 пайызының көңілінен шықпай отыр. Азаматтардың 41 пайызы білім беру орталықтарының қызметтеріне қанағаттанбаған. Ақсап тұрған бесінші сала ретінде – байланыс жүйесі аталды. Онымен бірге туристік сала, қоғамдық тамақтану сынды салаларға қатысты шағымдар аз емес.
- Тақырыпқа орай: Әлемдік құбылыстардың ықпалы емес. Сарапшылар біздегі азық-түлік бағасының күрт көтерілуін НЕГЕ басқаша түсіндіреді?
Жалпы қазақстандықтар сервис деңгейі жыл санап жақсарып келеді деген пікірде. Енді осы зерттеу қорытындысы бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті бірқатар ұсыныстар әзірледі. Ең алдымен, мемлекеттік органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың барлық бағыттары бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейту ұсынылады. Кәсіпорынның, ұйымның, көрсетілетін қызметті берушінің имиджіне әсер ету арқылы көрсетілетін қызметтер саласында бәсекелес ортаны қолдау және құру маңызды. Бұл тауарлардың, қызметтердің сапасын арттыруға және тұтынушылық шағымдардың санын азайтуға көмектеседі. Мектептерде, колледждерде, жоғарғы оқу орындарында тұтынушылық сауаттылық негіздеріне оқыту ұсынылды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер заңнамалық реформаларды жалғастыру қажеттігін көрсетті. Атап айтқанда, 2021 жылы "тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңға түзетулердің екінші пакетін әзірлеу басталды.
Фото: plus.rbc.ru
Осы мәселеге қоғамды да барынша тарту шаруасы атқарылуда. Маусым айында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаевтың төрағалығымен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің бірінші отырыс өтті. Отырысқа мемлекеттік органдардың басшылары, Мәжіліс депутаттары, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері мен Ұлттық Медиаторлар палатасының өкілдері қатысты. Тұтынушылық құқықтарды қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды, "тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына түзетулердің бірінші пакетін өзгертудің оң тәжірибесі атап өтілді, сондай-ақ түзетулердің екінші пакетінде әзірленетін ұсынылып отырған нормалар талқыланды. Отырыста, атап айтқанда, "саннан сапаға" қағидасы бойынша бірлестіктер институтын қайта форматтауға көмектесетін тұтынушылардың Ұлттық қауымдастығын құру мәселесі көтерілді. Бұл ретте мемлекеттің тұтынушылық дауларды шешуге қатысуы барынша азайтылады.
Естеріңізге сала кетейік, ведомствоаралық кеңес 2020 жылдың қазан айында ҚР Үкіметі жанынан құрылған болатын. Оның басты қызметі – тұтынушылардың құқықтарын қорғау, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметін бағалау, сондай-ақ тұтынушылық құқықтарды қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу. Ведомствоаралық кенестің қызметін Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті қамтамасыз етеді.
Ведомствоаралық кеңес отырыстары жылына кемінде бір рет өткізіледі, онда мемлекеттік органдардың тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы жұмысының қорытындылары талқыланады. Сонымен бірге қолданыстағы практикадағы олқылықтар анықталып, тиісті ұсыныстар шығарылады. Бұл консультативтік-кеңесші органның қызметі ашық және Комитеттің сайтында, Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланып отырады.