12 Шілде 18:15

Әлемдік құбылыстардың ықпалы емес. Сарапшылар біздегі азық-түлік бағасының күрт көтерілуін НЕГЕ басқаша түсіндіреді?

Фото:

Қазақстандағы азық-түлік бағасының күрт қымбаттауы инфляцияны 7,9 пайызға бір-ақ жеткізді. Ауыл шаруалышығы министрінің лауазымынан айрылуына себеп болды және инфляцияны 4-6% коридорында ұстап отыруға уәде берген Ұлттық Банктің барлық жоспарын бұзды. Үкімет бағаның өсуін әлемдегі қымбатшылықпен байланыстырса, сарапшылар проблеманың басқа жақтан шығып отырғанын айтады. Басты проблема – мемлекеттік басқару жүйесінің дағдарысы.

Азық-түлік проблемасына баса назар аударған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, қымбаттау өндірістік шығындармен қатар сыбайлас делдалдық схемаларға да байланысты болып отыр. Еліміздің алты аймағында ғана заманауи көкөніс сақтайтын қоймалар бар. Оларды жаңғырту бойынша талай тапсырма берілсе де, мәселе жүйелі шешілмей келеді.

«Үкіметке әкімдермен бірлесіп көкөніс қоймаларын салу және жаңарту жоспарын әзірлеу тапсырылды. Біздің көптеген қолдау бағдарламаларындағы ақшаның бір бөлігін дәл осы мақсаттарға бағыттаңдар», – деген болатын Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

«Әкімдер бағамен келісіп, бас иземеуі керек. Аймақ үшін жауапкершілік сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан Үкімет «Атамекен» палатасымен қазіргі тұрақтандыру құралдарының тиімділігін бағалап және жаңа, неғұрлым тиімді шаралар пакетін ұсыну қажет»

Үкімет болса, бағаның өсуін әлемдегі қымбатшылықпен байланыстырып отыр. Бірақ бағаларды орнына келтіре алмайтынын өздері де мойындайды. Премьер-министр Асқар Маминнің сөзінше, 12 өңір үшін шекті бағалар белгіленді. 16 мыңға жуық тауар өндірушімен және бөлшек сауда орындарымен келісімдер жасалды. Форвардтық сатып алу (алдын-ала сатып алу) қаржысы 33,3 миллиардтан 50 миллиард теңгеге дейін артты. Осының бәрі орындалған жағдайда ғана, Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсімін 9,5% деңгейінде ұстап қалмақ. Яғни бәрібір бағаның өсімі болады және оны тоқтатуға әлі дәрменсізбіз.

Президент бағаны тежеу ​​құралдары тиімсіз десе, сарапшылар мемлекеттік басқару жүйесінің өзі тиімсіз дейді. Яғни бағаны әлемдік нарықтағы ауытқулар емес, біздегі басқару жүйесінің толық тұралап қалғаны өсіріп отыр.

Фото: Liter.kz

«Инфляцияны ауыздықтауы тиіс Ұлттық Банк осымен екі жыл болды, ешқандай инфляциялық таргеттеу саясатын жүргізбей келеді», – дейді кезінде өзі Ұлттық Банк төрағасы кеңесшісі болған экономист Айдархан Құсайынов.

«Инфляциялық күтулер деген ұғым бар. Нарық ойыншылары тауар бағасының, валюта бағамының өсуіне қарап, инфляцияның жоғары болуын күтеді. Егер сол кезде орталық банктер интервенция жасап, бағамды орнына қайтарса, инфляциялық күту деңгейі азаяды. Ал бізде Ұлттық Банк нарыққа қанша интервенция жасаса да, инфляциялық күтулер енді еш уақытта азаймайтын болады. Себебі, биліктің өзі біздің нарықты ұзақ жылдар бойы осыған үйретіп тастады. Енді өздері қақпанға түсіп отыр»

«Шынында да, біз әр түрлі азық-түлік тауарларына бағаның өсуін байқаймыз. Олар көбінесе бір-бірімен байланысты емес. Тек ортақ ерекшелігі - бұл экономикадағы мемлекеттік басқару жүйесіндегі дағдарыстың көрсеткіші», – дейді «Ұлағат Консалтинг групп» директоры, экономист Марат Қайырленов.

«Мұндай салыстырмалы түрде шағын стресстік жағдайларды біз бұған дейін де көргенбіз. Соңғы он жылда теңге төрт есе құлдырады. Бірақ сонда да, ол кезде бағаның бұлайша күрт өсуі байқалмады. Себебі, тиімсіздеу болса да механизмдер әзірленді. Тұрақтандыру қорлары, субсидиялар, монополияға қарсы заңнамалар жұмыс істеді. Қазір олардың ешбірі жұмыс істемейді. Өйткені элиталардың эгоизмі тым шектен шығып барады»

Қазір Үкіметтің бағаны тұрақтауға бағыттаған шараларының нарыққа деген әсері болмашы 1-4% шамасында. Президенттің өзі осындай баға беріп отыр.

Үкімет қандай жаңа шаралар қабылдайды? Олар тиімді бола ма? Біз де оны жіті бақылап отыратын боламыз.

Тегтер: