9 Наурыз 15:15

Қазақстандағы реформаларға кесірін тигізеді. Мұнай бағасының қымбаттауы сарапшыларды НЕГЕ қуанта қоймады?

Фото:

Кеше мұнайдың Brent маркасы барреліне 75 долларға жетіп, бүгінгі коррекциядан кейін 68 долларға құлдырады. Бірақ қара алтын бағасының өсу тренді байқалады және ол Ұлттық қорға кіріс әкелгенімен, үкіметтің арқасын кеңге салып қоюы мүмкін.

Еліміз әйелдерді құттықтап жатқан кезде, Нью-Йорк биржасындағы қара алтынның бағасы үш фактордың қосарланып келуінен бірден бірнеше пунктқа өсіп кетті. ОПЕК + аясындағы статус-квоның сақталуы, Сауд Арабиясының сәуір айында нарыққа тәулігіне 1 миллион баррель мұнай шығару бойынша жоспарынан бас тартуы мен хуситтердің кезекті шабуылы бір уақытта орын алып, биржаға бірден сигнал түскендей болды.

Нью-Йорк биржасындағы Brent бағасы. Сағат 13-00 бойынша жағдай

«2020 жылдың қараша айынан бастап мұнай бағасының тұрақты өсуі, бір жағынан теңгенің тұрақтылығы үшін өте тиімді және жақсы болжамдарға жетелейді», – деп жазады қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.

Бірақ, оның сөзінше, бағаның былай биікке секіруі мұнай компанияларына емес, үлкен қаржылық ойыншыларға көбірек қажет деген қорқыныш бар. Расул Рысмамбетов брокерлер қолдан тудырған спекулияцияны меңзеп отыр.

«Егер бұл рас болса, онда сәуірде Brent баррелінің бағасы 50 доллардан төмен құлдырайды. Мен Қытайдың вакцина шығарып, азаматтарына вакцина егіп жатқанына қуаныштымын. Себебі, мұнайға деген сұраныс көбіне Қытайдағы экономикалық белсенділікке тікелей байланысты. Жақында Қытай ішкі жалпы өнімнің 6 процентке өсетінін болжады. Оны қамтамасыз ету үшін Қытайға көмірсутек керек болады»

Мұнай бағасының көтерілуінен Ұлттық Қорға түсімдер түсе бастайды. Қазір Қорда 57,7 миллиард доллар жатыр. Жылдың басынан бері ортақ әмиянымыз бюджетке трансферттер алынғандықтан 1 миллиард долларға кеміп қалған еді.

«Ұлттық Қордың толатыны жақсы жаңалық», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген EXANTE халықаралық брокерлік тобының сарапшысы Андрей Чеботарев. «Өткен жылдың қор үшін қиын кезең болғанын және қоржынға қол салуымыз әлі де азаймай отырғанын ескеру керек». Сарапшының айтуынша, мәселенің екінші жағы да бар. Мұнайдың жоғары бағалануы ұлттық валюта мен реформаларға қауып төндіреді.

«Бастысы, мұнай қымбат болса да, біз экономиканы диверсификациялаудан таймаймыз деп сенгім келеді. Мұнай тіпті барреліне 100-120 доллар болып бағаланса да, бұл бізге кедергі болмауы тиіс. Егер мұнай рентасын ақылмен бөліп отырсақ, керісінше жақсы нәтижелерге қол жеткізе аламыз»

Расул Рысмамбетов болса, нарықтың өсуінен түскен қаржыны үкімет ЭКСПО сынды шоуларға салмай, болашақ өсімге бағыттауы қажет дейді.

Мұнай бағасы баррелі 100 доллардан асып тұрғанда үкіметтің талай орынсыз ысырапқа бой алдырғанын көзіміз көрді. Бұл тарихи факт. Бастысы – бюджеттің мұнай есебінен толыға бастауы құрылымдық реформаларды кейінге қалдырмауы керек.

Тегтер: