Қазақстандағы зорлық зомбылық туралы заңның басқа елдердегі заңдардан айырмашылығы қандай?

Жақында Қазақстан Сенаты әйелдер мен балаларға жасалған қылмыстар үшін жазаны ауырлату туралы заң қабылдады.
Бұндай шешімнің еліміздегі отбасылық жағдайлардың ушығып кетуінен қабылданғанын білеміз. Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, әсіресе әйелдер мен балаларға әсер ететін күрделі әлеуметтік мәселе болып отыр. Елімізде бұл құбылыстың таралуына әлеуметтік, экономикалық және мәдени аспектілерді қоса алғанда, бірқатар факторлар әсер етеді.
Соңғы жылдары Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін шешуге елеулі күш салынды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу үшін кешенді шаралар мен әйелдер мен балаларға жасалған қылмыстар үшін жазаны ауырлату туралы заң қабылданды. Ендеше, Қазақстандағы зорлық зомбылық туралы заңда не өзгерді?
ҚР Конситуциясында өзгерген заңдар....
Денсаулыққа тигізген жеңіл жарақат үшін айыппұл 15 АЕК-тен 200 АЕК-ке өзгертілді. 15 күндік қамаудан 200 сағаттық ауыр жұмыстарды істеуге ауыстырылды.
Әйелді немесе баланы қолмен ұрғаны үшін айыппұл 10 АЕК-тен 80 АЕК-ке өзгертілді. 10 күндік қамаудан 25 күнге дейін қамауға ұзартылды. Немесе қамаудың орнына 80 сағаттық ауыр жұмыстарды істеуге болады.
Азаптап немесе қинағаны үшін бұрын 1 000 АЕК айыппұл, 600 сағаттық ауыр жұмыс, екі жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу берілетін. Ал қазір, 600 сағаттық ауыр жұмыс істеу мен үш жылға бас бостандығынан айыруға өзгертілді.
Денсаулыққа тигізген орташа жарақат үшін екі жыл бас бостандығынан шектеп қана қоймай, екі жыл бас бостандығынан толығымен айыруға өзгертілді.
Денсаулыққа тигізген ауыр жарақат үшін үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан шектеп қана қоймай, үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан толығымен айыруға өзгертілді.
Педофилия үшін адамның бас бостандығынан жиырма жылға айыру немесе шектеуден өмір бойы бас бостандығынан айыруға өзгертілді.
Кәмелетке толмаған баланы өлтірген үшін адамның бас бостандығынан жиырма жылға айыру ия шектеуден, немесе істің ауырлығына байланысты өмір бойы бас бостандығынан айырудан толығымен өмір бойы бас бостандығынан айыруға өзгертілді.
Қазақстанда әйелдер мен балаларға қатысты заңдар енді қайта қаралап, күшіне ене бастағанда, шетелдіктер адам бостандығы мен қауіпсіздігі үшін бұндай қатаң заңдарға бізден жиырма бес жыл бұрын қол жеткізіп қойған.
Швецияда әйелдер мен балаларды қорғау қалай жүзеге асырылады?
Мысалы, Швецияда әйеліне тигізген жеңіл жарақаттар үшін күйеуі бірден екі жылға дейін сотталып кетеді. Ал, біздің елімізде бұндай іс әрекет үшін айыпталушы тек қана айыппұлдармен, болар болмас күнге түрмеге қамалуымен ғана шектеледі. Сонымен қатар, Швецияда әйел күйеуімен татуласып, арызын қайтып алған жағдайда да, қылмыстық іс сотпен қаралып, іс аяғына дейін бақылуда болады.
Шведтер әр жыл сайын әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін жақсарту әртүрлі жобаларымен үздіксіз айналысып отырады. Тіпті, мектеп жасындағы балаларға арнайы «отбасы», «гендерлік теңдік» тақырыптары бойынша сабақтар өтіп, агрессивті балалармен психолог жұмыс істеп отырады. Психологтар оларға ашуын қалай басу керектігін үйретіп, агрессияға байланысты түрлі психологиялық жаттығулар жасатады.
Олардың ойынша, жазаланатын қылмыстық істердің қатарына, қолмен істелген жарақаттар мен соққылар ғана емес, әйелдер мен балаларға тигізілген психологиялық ұрыс керістерде де зиян тигізуші жазасыз қалмауы тиіс.
АҚШ пен Германия, Францияда әйелдер мен балаларды қорғаудың ерекшеліктері қандай?
АҚШ, Германия, Франция және басқа да еуропалық елдерде зардап шеккендер паналайтын үйлер мен пансионаттар санын арттырып, барынша жағдай жасалынады. Мемлекеттен әйелдер мен балалар үшін үнемі қаржы мен керек жарақтар бөлініп отырады. Сонымен қатар, бұл елдерде, ер адам әйелі немесе баласына қол көтерсе,ата-ана құқықығынан дереу айрылады. Француз соттарының ойлары бойынша, өз баласы мен әйеліне бір рет залал келтірген адам жақсы әке бола алмайды.
Ал, АҚШ-тан бөлек, Германия мен Францияда күйеуі қол көтергеннен кейін, мемлекеттік дәрежеде сотқа жүгініп, күйеуін үйден қуып шығуына болады.Кейін күйеуіне, үйге жолауға да, әйелі, балаларымен сөйлесуге де тыйым алынады. Тағы бір ерекшелігі, осы елдерде, әйел адам отбасылық жағдаяттарға байланысты арыз жазатын болса, сот қысқа мерзім ішінде арыз қарап, шешім шығаруға міндетті. Тіпті, АҚШ-та «зорлық зомбылық» мәселелерін ғана шешетін арнайы сот орындары бар.
Қазақстанда жапа шеккендер саны екі есе артқан....
Бас прокуратура берген есепке сәйкес, биыл «зорлық зомбылыққа» байланысты 46 мың әкімшілік істер тіркелген. Ал осыдан алты ақ жыл бұрын, яғни 2018 жылы әкімшілік істер тек 23 мың ғана болған. Ал, денеге тигізген жеңіл жарақаттар арызы бойыншы арыздардың саны 15 мыңнан 20 мыңға дейін өскен. Сарапшылардың айтуы бойынша, бұл статистика заң бұзушылықтың көбейгенін емес, керісінше әйел адамдардың қорықпай полиция мен мемлекетке жүгінушілердің сандарын артқандығын көрсетеді екен.
Гендірлік теңсіздік
Шынайтында, біздің елімізде бұрыннан қалып кеткен ұғым – «ер адамды әйелден жоғары» санау әлі күнге дейін жалғасып келеді. Ер адамдардың барлығы кішкентай күнінен: «Мен әйел адамнан жоғарымын, әйел адам маған бағынышты болу керек, айтқанымды тыңдамаса ұрсам да, тепсем де өзім білемін», - деп өседі. Осындай ойлар кішкентай балада қалыптасуының негізі – тәрбиеде. Қазақ атамыз «Тәрбие-тал бесіктен» деп бекер айтып кетпеген. Егер әр бала отбасында әкесінің анасын қалай сыйлайтынын, қыз баласын құрметтейтінін көріп өссе, «қыз баласына әлімжеттік көрсету» азайатыны сөзсіз. Ал ана баласының құлағына «қызды сыйлау керек, әйелің болса тіпті, екі есе құрметтеуің керек» деп құяса, «зорлық-зомбылық» мүлдем болмас па еді, кім біледі? Сол себепті кішкентай баланы мектеп жасынан бастап қыз балаларды, өзінен әлсіз адамдарды қорғауға, оларға зәбір көрсетпеуге тәрбиелеу керек.
Өскен соң, әрине адамдар ойындағысын істейді. Оған мысал, жазушыларымыз жазып кеткен «Гауһартас», «Ақбілек» романдарынан бастау алып, Бишембаетың жары Салтанатты өлтіруімен жалғасады.
Қазіргі Қазақстан
Күннен күнге әлеуметттік желілерде көретініміз «күйеуі әйелін ұрыпты», «күйеуі әйелін өлтіріпті», «бес жастағы қызды зорлап кетіпті» деген сияқты жүрекке ауыр тиетін жаңалықтар. Дамыған заманда, бұндай жаңалықтар көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Дегенмен, инстаграм, тик-ток желілеріндегі «әйел затын сыйлап, құрметтеуге» байланысты видеороликтардың арқасында ер адамдардың әйел адамға сыйластықтары артқаны рас.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – мемлекеттің, қоғамның және әрбір адамның араласуы мен қолдауын талап ететін күрделі мәселе. Күштерді біріктіру арқылы ғана біз қауіпсіз, зорлық-зомбылықсыз ортаны құра аламыз және қоғамның барлық мүшелерін қорғауды қамтамасыз ете аламыз. Егер сіз немесе сіз білетін адам тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болса, қолдау көрсете алатын ұйымдардан немесе мамандардан көмек сұрау маңызды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тек жәбірленушіге ғана емес, жалпы қоғамға да ауыр әсер етеді. Ендігі кезекте, заңның өзгеріп ауырлануына байланысты, осындай ауыр жағдайлар азаятынына сенеміз!