16 Шілде 07:08
...

Швейцариядағы қазақ дәрігері: Індеттің этимологиясы – Covid-19, асқынған түрі – пневмония

Фото:

Nege.kz порталы Қазақстандағы Қытай елшілігінің елімізде тұратын өз азаматтарын аса сақ болуға шақырып, COVID-19-дан да қауіпті «белгісіз пневмонияны» жұқтырып алмауды ескерткені туралы жазған еді. Елшіліктің бұл хабарламасын кейбір әлемдік БАҚ та іліп әкетті. Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі мұны теріске шығарып, ресми емес дерек көзіне сенбеуге шақырған болатын. 

 Тақырыпқа орай: 

Nege.kz порталының редакциясына Швейцарияның Лисс қаласында тұратын қандасымыз, терапевт-дәрігер, Еуропа қазақ дәрігерлері қауымдастығының жетекшісі Серік Тұрсын хабарласып, осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

– 1988 жылы Ақмоладағы медициналық институтты бітірдім. Екібастұз қаласында, біршама уақыт ауылда жұмыс істедім. Кейін Германияға көшіп, онда 10 жылдай еңбек еттім. Қазір Швейцарияда тұрып жатқаныма – 14 жыл. Германияда да, Швейцарияда да жекеменшік емханам болды. Жоғары оқу орны студенттеріне тәжірибеден дәріс берем. Негізінен ішкі құрылыс ауруларының маманымын.

Еуропа қазақ дәрігерлері қауымдастығын өзіміз құрдық. Онда Еуропаның жеті мемлекетінде тұратын қазақтар бар. Бәрі медицина саласында жұмыс істейді. Әртүрлі ғылыми дәрежедегі білікті мамандар. Осы қауымдастық атынан Қытайдың таратып жатқан жалған ақпаратына байланысты ойымды білдірсем деймін. Қазір бұл әлемнің ақпарат құралдарына тарап кетті. Бұл – жалған. Негізгі қателік медицинаны басқару тарапынан болды. Статистиканы саясатқа айналдырып жіберді. Осы жағынан сақ болу керек.

– Сонда қазіргі кезде жаппай тараған пневмония мен коронавирус бір ме?

– Кейбір Қытай БАҚ-тарында «Қазақстанда коронавирусқа қарағанда көп өлім белгісіз пневмония жағдайларынан болып жатыр» деген ақпарат таралуда. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой өз сөзінде бұл «белгісіз пневмония» туралы: «Қазақстан әлемнің басқа елдері сияқты осындай пневмонияны есепке алу және мониторингтеу жұмыстарын жүргізуде. Бұл «белгісіз пневмония» Covid-19 емес деген сөз», – деді.

Қытай елшілігі айтқан жайтты министр қолдай жөнелді. Бұл пікірдің мағынасын түсіну керек еді. Бүкіл дүниежүзінде Қытайдан шыққан вирусты ғылыми тұрғыда компьютерлік томографиямен (КТ) анықтап жатыр. Оны «матового стекла» синдромы, яғни өкпенің қабынуы немесе ақ өкпе, сүт өкпе деп атайды. Өкпеде ақ дақ пайда болады. Оны тек КТ ғана көрсетеді. Бұл 100 пайыз Қытайдан шыққан Covid-19. Дәл осыған әлем халқы «коронавирус» деген диагноз қойды. Осы уақытқа дейін Қазақстандағы жақындарымнан 10 шақты КТ келді. Бәрінде де «матовая стекло» деп жазылып тұр. Бұл дегеніміз, сол – коронавирус. Ал қазақтар мұны «пневмония» деп жүр.

Сол себептен диагнозды «Covid-19-пневмония» деп қою керек. Яғни, індеттің этимологиясы – Covid-19, ал асқынған түрі – пневмония. Екеуін екі бөліп қарастырмау керек. Осы күні Қазақстанда 98 мыңнан астам адам пневмониямен ауырып жатыр. Оның қаншасы қайтыс болатыны әлі белгісіз.

– Басқа мемлекеттің бәрі баудай қырып жатқан белгісіз індетті зерттеді ме?

– Дүниежүзі бойынша алатын болсақ, Covid-19 диагнозымен науқастың 3,5 пайызы көз жұмуда. Одан бөлек жансақтау бөліміне түскендердің 13,5 пайызы бақилық болып жатыр. Егер Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сенсек, «науқастардың 80 пайызы симптомсыз түрімен ауырған» дейді. Егер пневмониясы бар 98 мың адам небәрі 20 пайыз болса, 80 пайызы көшеде симптомсыз ауырып жүр деген сөз. Осы есеппен алғанда, Қазақстанда 500 мың адам Covid-19-ға шалдыққан дегенді білдіреді. Ал мұны анықтау да оңай емес. ПТР тесттің 30 пайызы қате шығады. Ал КТ жасаса, сонда анық байқалады. Қазақстандағы пневмонияны Covid-19 десек, онда бізде белгісіз пневмония түрі деген ұғым болмайды. Қытайдың мәліметін министрлік нақты айтып, жоққа шығаруы керек. Статистика бүлінсе де, қазақ мемлекетінің деңгейі, беделі түсіп қалмайды деп түсіндіру керек. Халықты шатастырмау қажет. Сондықтан мұны бүгін түземесе, ертең кеш болады.

 Статистиканы да бүгіп қалудың астарында «саясат» бар шығар...

–  Қытайдың «Қазақстанда коронавирустан да қауіпті инфекция бар» деп көрсетуінің астарына үңілу керек. Бұл – жалған сөз. Бәлкім, Қазақстан үкіметі «Бізде коронавирус жұқтырғандар саны аз. Біздің медицина жоғары деңгейде» деп көрсеткісі келген шығар. Енді мұны дереу түзеткен жөн. Коронавирусты пневмониядан бөлек есептеген дұрыс емес. Өйткені, Covid-19 – инфекция, ал пневмония – оның асқынған түрі. Халық неліктен ақ өкпе болып жатыр? Сондықтан КТ бойынша анықталған пневмония (ақ өкпені) Covid-19 деп дұрыстап жазып, осы уақытқа дейін қанша адам қайтыс болғанын қайта есептеу қажет. Меніңше, қазірдің өзінде бұдан көз жұмғандардың саны 2 мыңнан асып кетті.

–  Қазір Covid-19 жұқтырып, қайтыс болғандар саны бойынша алдыңғы ондыққа қай елдер кіреді?

– Қазақстанда статистика жоқ деуге болады. Бәрін жасырып отыр. Сондықтан қай елдің қай орында екенін айту қиын. Қазір қазақ елінде өлім-жітім Италиядағыдай көбейіп кетті. Біртанов кезінде шетелден, жан-жақтан келгендерді карантинге, стационарға жатқызды. Ал көшеге шыққандарды полиция ұстап, қолдарын бұрап, қамап тастауы қателік болды. Індетті таратушылар полицияның өздері болуы мүмкін. Қоғамдық көліктің іші лық тола. Қазіргі кезде автобусқа отыратын адамның саны ондағы орындық санынан аспауы керек. Бәрі маска тағып, қолын жуып, арақашықтықты сақтағана ләзім. Сонда ғана індеттің бетін қайтара аламыз.

Өлім-жітім жағдайына келсек, Италия, Испания, Франция елдерінде көп дерек тіркелді. Ал Швейцария, Германия, Австрияда адам шығыны аз. Швейцарияны алатын болсақ, үш мемлекетпен (Италия, Германия, Франция) шекаралас жатса да, тек италияндықтар мен француздар тұратын бөлігінде ғана өлім көп болды. Мысалы, Швейцарияда 33 016 адам ауырса, 1968 адам қайтыс болды. АҚШ-та 3 млн 483 мың 900 адам індет жұқтырса, 138 358 адам көз жұмды. Ресейде 746 369 адам дертке шалдықса, 11 770 адам өмірмен қош айтысқан. Ал Италияда 243 344 адам ауырып, 34 984 адам бақилық болса, Францияда 172 377 адам жұқтырып, 30 мың 29 адам көз жұмды. Сол сияқты Испанияда бір тәуліктің 6 минутында бір адамнан қайтыс болды.

– Біздің елде, өзіңіз білетіндей, ауырып жатқандар көп. Оның дені үй жағдайында емделуде. Ауруханада орын жоқ. Ал өз бетімен, түрлі халық емімен (қойдың, борсықтың, иттің майын ішіп, хрен тамырын жеп) емделіп жатқандардыкі дұрыс па?

– Үйде жағдайы ауыр емес адамдар ғана емделуі керек. Ыстығын түсіру үшін «Парацетомол» ішіп, сорпаланып емделуге болады. Бұл жөтелін жеңілдетіп, қақырығын шығарады. Ал «иттің, борсықтың майымен емделіп, құлан таза айығып кетті» деген ғылыми түрде дәлелденбеген. Сондықтан біреуге ем болуы мүмкін, біреуге керісінше әсер етеді. Бұл адамның ағзасына, иммундық жүйесіне байланысты.

– Тіпті, кейбір дәрігерлер тарапынан Covid-19-ды емдеу хаттамасын өзгерту керек деген де айтылды. Маман ретінде сіздің пікіріңіз қандай?

–  Жалпы, бұл жерде Қазақстан «хаттама» деген сөздің өзін қате енгізген. Бұл тек емдеу жағдайындағы ұсыныс деп айтылуы керек. Ұсынысқа дәрігерлер науқастың жағдайына қарай ойын қосады, өзгерте алады. Ал хаттама деген онкологиялық ауруларға қатысты. Мысалы, бір диагнозбен: біреуі 80 келі, екіншісі 50 келі екі адам келуі мүмкін. Бойларында да айырмашылық бар. Бір дәріні екеуіне екі түрлі қолданады. Осы кезде дәріні қашан және қалай береді, мұны хаттама арқылы белгілейді. Ал амбулаториялық түрде ауырғанда ұсыныс деп айтылуы керек. Оның ішіне барлық дәрі кіреді. Суретшінің бәрі бір адамды бірдей сала бермейді ғой. Дәрігер өзінің білімінің деңгейіне байланысты дәріні науқастың дертіне қарап, таңдап алады.

Қазақстанда соңғы екі айдың ішінде хаттаманы он рет өзгертті. Тіпті, күніне бір рет өзгерткен кездері болды. Дәрігерлердің өзі шатасып қалды. Мөлшерінен де қателесіп жатыр. Яғни, білмейді деген сөз. Мысалы, «Азитромицин» дәрісін басында 500 мг, кейін 300 мг деп жазыпты. Ондай мөлшерді қайдан алды? Кім нұсқау берді? Ал науқас қатты ауырып жатса, «Азитромицинді» 1 мың мг-нан 6 күнге дейін беру қажет.

Жоғары білікті 8 дәрігер қол қойған хаттаманы қарасам, «Парацетомолды» 500 мг-нан екі рет беру керек» деп жазыпты. Бұл – балаға беретін мөлшер, ал ауырып жатқандар ересектер емес пе? Бұдан қандай көмек болады? Жасы үлкен адамдарға күніне 1 грамнан 4 рет беруге болады. Қарапайым «Парацетомолды» қалай беру керектігін білмей жатыр. Қазақстандағы Қайыргелді Көпеев деген балалар невропотологы, тағы басқа педиатр мамандар коронавирусты емдеу тұрғысындағы нақты ұсынысты Денсаулық сақтау министрлігіне жібермекші. Қысқасы, Қазақстан бойынша бірдей емдейтін ұсыныс жасалуы керек. Сонда ғана жақсы нәтиже береді.

– Бұл дертті шетелде қалай емдейді?

– Біздегі клиникалардың ұсынысында бәрі нақты жазылған. Қандай симптом бар, соған байланысты тағайындайды. Негізінен вирусқа қарсы «Ремдесивир» дәрісін қолдануда. Бұл – бүкіл дүниежүзінде осы дертке қарсы пайдаланып жатқан преапараттардың бірі. Бір қызығы, бұл дәрі Қытайда дәлелденбесе де, АҚШ-та қолдады.

Екіншісі – «Дексаметазон». Мұның вирусқа қарсы тұратынын Оксфорд университеті дәлелдеп берді. Мысалы, қан айналым нашарлағанда, фиброз пайда болғанда науқастың 40 пайызы көз жұмады. Бұл препаратты емге қолданғалы өлім-жітім саны 27 пайызға дейін төмендеді. Қазір бүкіл әлемде жан сақтау бөлімінде өлгендер саны – 13,5 пайыз. Әрине, ауруханаларда оттегі аппараты міндетті түрде болу керек. Дәрі тапшылық тудырған кезде, тым болмаса плазма дайын тұру керек. Қазақстандық дәрігерлердің осыны ескергені жөн. 

Тегтер: