8 Мамыр 15:20
...

Ильхам Әлиев Мәскеудегі әскери шеруге барудан НЕГЕ бас тартты?

Әзірбайжан
Фото: ғаламтордан

Жыл сайын 9 мамыр күні Мәскеудің Қызыл алаңында Жеңіс күніне орай әскери шеру өтеді. Тіпті, дәстүрлі форматтағы салтанатты шараға басқа елдің басшылары тайлы-тұяғы қалмай жиналуды үрдіске айналдырған.

Биыл Ресей екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығына жылдағыдан да өзгеше дайындалып, шеруге 30 мемлекеттің басшысы қатысады деп күтілген. Алайда, ресейлік ақпарат құралдары Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің соңғы сәтте Мәскеуде өтетін шеруге қатысудан бас тартқанын жарыса жазуда.

Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков: «Олар мұны Гейдар Әлиевке арналған ішкі шараларға қатысуы керек деп түсіндірді», – деді.

Соңғы рет Ильхам Әлиев Мәскеудегі Жеңіс шеруіне 10 жыл бұрын, яғни 2015 жылы қатысқан екен. Бірақ наурыз айында Әзербайжан мен Ресей президенттерінің баспасөз қызметі Әлиевтің Путиннің мерекелік шараларға қатысуға шақыруын қабылдағанын растаған-ды. Алайда, соңғы сәтте шеруге барудан неге бас тартты? Екіжақты қарым-қатынастың салқындауына былтыр желтоқсандағы 38 адамның өмірін қиған Әзірбайжан әуе компаниясының AZAL жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы себеп болуы мүмкін бе?

NEGE тілшісі мұны саясаттанушылардан сұрап көрді.

Дос КӨШІМ, саясаттанушы:

Путин шеруді де Ресейдің саяси ойын құралына айналдырып алды

Саясаттанушы
Д.Көшім. Фото: ғаламтордан

– Әзірбайжанның AZAL жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауынан кейін екі елдің арасы суып кетті. Сол себептен де бас тартуы әбден мүмкін. Әңгіме қорқу-қорықпауда емес. Әр елдің басшысы өз шаруасы, жұмысына қарай ыңғайлайды. Шын мәнінде, кез келген мемлекет басшысы бұл шеруге қатыспаса да өзі біледі.

Ең алдымен мына мәселені білуіміз керек. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңіп шыққан Ресей ғана емес. Бұл соғыста жеңген – Кеңес үкіметі. Меніңше, 9 мамыр күні әр республика өз елінде атап өтуі керек. Не үшін міндетті түрде Мәскеуге жиналуы қажет? Тіпті, бұрын шеру болған жоқ, өтпейтін. Мұны кейіннен шығарды. Ал Путин шеруді де Ресейдің саяси ойын құралына айналдырып алды.

Бұл шараға мемлекет басшыларының келу-келмеуі де конспирологияға айналып кеткен сияқты. Сондықтан басқа республика басшылары мұндайға айналдырмауға тырысуы керек. Себебі, Ресей сияқты Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Әзербайжан да дәл солай соғысты, дәл солай атап өтуге құқы бар. Бірақ неге екені белгісіз, Путин бұл соғыста жеңімпаз тек Ресей сияқты көрсетеді. Оның соңғы уақытта істеп жатқан әрекетінің бәрі соған алып келеді. Сондықтан барудың түкке де қажеті жоқ. Оған Путин де, орыстар да ренжімесін. Әңгіме – мойындамауда емес. Әр республика өзінше атап өтсе, бұл тарихта қателік болып саналмайды.

Путин неге Душанбеге келіп атап өтпейді? Меніңше, әр жылы Кеңес одағының құрамында болған әр елде өткізген әлдеқайда орынды болар еді. Сонда бәрінің бір мемлекет атынан соғысқандығының көрінісі болар еді.

Қазыбек БЕЙСЕБАЕВ, саясаттанушы:

Ильхам Әлиев өз елінде болғанын дұрыс санаған шығар

Саясаттанушы
Қ.Бейсебаев. Фото: ғаламтордан

– Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Мәскеудегі шеруге, біріншіден, халықаралық жағдайға байланысты, екіншіден, 10 мамыр күні әкесі – Гейдар Әлиевтің туған күніне қатысты бармауы мүмкін. Бұдан саяси астар іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, ол шеруге шақыратын тізімді жасағанда баратынын айтып, келісім берген.

Халықаралық жағдайға келсек, Әзербайжан Израильмен жақсы қарым-қатынаста. Қазір ондағы саяси ахуалдың қиындап кеткені белгілі. Одан бөлек Пәкістан мен Үндістан арасы шиеленісіп жатыр. Сол себептен де Ильхам Әлиев өз елінде болғанын дұрыс санаған болуы мүмкін. Соңғы сәтте басқа шешім қабылдау болып тұрады.

Қателеспесем, Әзербайжан қарулы күштері әскери шеруге қатысады. Екінші дүниежүзілік соғыста әзербайжан ұлты да – жеңімпаз. Егер саяси мәселеге қатысты бас тартса, салтанатты шараға әскерін де жібермес еді. Бәріміз бір мемлекет болдық. Жеңістен жеңімпаздар бас тартпайды.

Ал енді AZAL жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауы себеп десек, бұл мәселені өзара шешті ғой. Ресей өтемақысын төлеп, әзербайжан халқы алдында кешірім сұрады.

Парад
Фото: ғаламтордан

P.S: Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков Қызыл алаңнан 13 елдің, атап айтқанда Әзербайжан, Вьетнам, Беларусь, Мысыр, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Лаос, Моңғолия, Мьянма, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның әскерлері сап түзеп өтетінін мәлімдеді.