9 Қараша 12:01

Рейтингі төмен, көмекке зәру. Есеп комитеті НЕГЕ «Қазпоштаның» сатылуын құптамай отыр?

Фото:

Есеп комитеті өткізген «Қазпоштаның» мемлекеттік аудиті пошта саласындағы ұлттық оператордың халі тым нашарлап бара жатқанын көрсетті. Қазпоштаның рейтингі құлаған, индикаторлары орындалмаған және биылғы жылдың аудиттелген қаржы есебі бойынша шығынға ұшырайтыны анық байқалады.

Бұған дейін біз «Қазпоштаның» биылғы алғашқы жартыжылдық есебі бойынша 1,8 миллиард теңгеге шығынға батқанын жазған болатынбыз. Ал Есеп комитеті аудитінің қортындысы бойынша, «Қазпошта» өзінің 2027 жылға дейінгі Жол картасындағы іс-шаралардың тең жартысын орындамаған. Одан бөлек, Дүниежүзілік пошта одағының рейтингінде жыл сайын 3 позицияға құлдырап барады. 2017 жылы «Қазпошта» рейтингте 46-шы орында болса, 2018 жылы 49-шы орынға, 2019 жылы 52-ші орынға құлаған.

Бұған дейін «Қазпошта» акцияларын сатып алуы мүмкін инвесторлардың тізімі бекітілген болатын. Олардың ішіне «Қазақстан Халық банкі», Eurasian Digital Ventures I LP мен «ТрансКом» компаниясынан тұратын бірлескен консорциум, сонымен бірге «Алмалы» басқарушы компаниясы мен «Хави Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктесінен құралған консорциум кірді. Демек үш инвестор пулы бар.

Үржар ауылындағы "Қазпошта" бөлімшесі. Фото: Яндекс карта

Негізі Қазпоштаны кіріс түсіретін компанияға айналдыру қиын емес. Тек ол үшін шалғай ауыл, аудандардағы бөлімшелердің барлығын жауып тастау керек. Ондай тәуекел Есеп комитетін де алаңдатады. «Акциялардың бақылау пакетін инвесторларға сатқан жағдайда, ауылдық жерлерде зейнетақы төлеу және пошта жөнелтілімдерін жеткізу бойынша әлеуметтік маңызы бар функцияны орындайтын «Қазпошта» АҚ рентабельді емес бөлімшелерінің жабылу тәуекелі бар», - деп жазады, Есеп комитеті өзінің аудиторлық есебінде.

«Сондай-ақ, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғауды қамтамасыз ету бойынша ерекше жарғылық міндеттерді орындайтын «Қазпошта» АҚ филиалы ретінде Республикалық арнайы байланыс қызметінің одан әрі жұмыс істеу мәселесі туындайды»

Халықаралық рейтингте төмендеп бара жатқан ұлттық компанияның өз қызметін шала атқаратыны білініп отыр. Аудит оның операциялық қызметінде субсидиялауға, пошта жәшіктерімен қамтамасыз ету, тауарлар мен қызметті сатып алуларға қатысты көптеген олқылықтарды анықтап шықты.

Мәселен, биыл тамызда Түркістан қаласында салынған және пайдалануға қабылданған Цифрлық кеңсе ғимараты әлі бос тұр. Себебі, Қазпошта филиалы Шымкенттен Түркістанға көшпеген. Ал осы уақытта ғимаратты ұстап тұру үшін 1,7 миллион теңге шығын кеткен. Ғимарат тіпті толық дайын емес. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес келмесе де пайдалануға қабылданып, барлық актілеріне қол қойылып тасталған.

Сарапшылардың пікірінше, «Қазпошта» ұстағышы жоқ чемодан сияқты. Мемлекет оны тастауға қимайды, бірақ тастамаса күннен-күнге шығыны көбейіп барады. Шалғай ауылдарға зейнетақы мен жәрдемақы сынды төлем жеткізіп отырған әлеуметтік функциясы компанияны артқа тартуда. Бірақ онсыз да болмайды. Ауылға болмаса, қаладағыларға поштаның аса қажеті жоқ.  

Тегтер: