30 Қыркүйек 15:15

Авиабизнесті айыра алмады. «QazaqAir» НЕГЕ мемлекет қаржысын сорудан басқа шаруаға қауқарсыз болып отыр?

Фото:

«Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорына тиесілі «QazaqAir» әуе компаниясы 2020 жылдың қортындысы бойынша 12,5 миллиард теңге шығын әкелді. Және оның пандемияға еш қатысы жоқ. Енді мемлекет үшін мұндай тиімсіз лоукостерден құтылудың өзі қиын болары анық. НЕГЕ?

«QazaqAir» ұлттық әуе компаниясы құрылған уақыттан бері 2015 жылы – 1,1 миллиард, 2016 жылы – 9,1 миллиард, 2017 жылы – 7,9 миллиард, 2018 жылы – 6,9 миллиард, 2019 жылы – 7,2 миллиард, ал былтыр – 12,5 миллиард теңге шығынға ұшыраған. Компания өзін-өзі ешқашан ақтамаған.

Дереккөз: gosreestr.kz

Қазір «QazaqAir» қарамағында 5 «Bombardier Q-400» ұшағы бар. Олар лизингте емес, екеуі тікелей сатып алынса, үш ұшақ операциялық жалдау шарттарына өзгерістер енгізу арқылы компания меншігіне өткен. 2020 жылдың қортындысы бойынша «QazaqAir» қызметін аудиттен өткізген KPMG мәліметінше, әуе компаниясы алдағы 3 жыл бойы минуста болмақ.

«QazaqAir» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебі. Аудитор: KPMG

«QazaqAir» қызметінің өзіндік құны оның операциялық выручкасынан екі есе асып түседі», – дейді Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов.

«Ақылды инвестор мұндай компанияны сатып алмасы анық. Бастысы мемлекет «QazaqAir» қарызын жабу үшін Ұлттық қорға қол салмаса болды. Ең дұрысы, әуе компаниясын банкроттыққа ұшыратып, қалған мүлкін нарықтық бағамен сатып жіберу керек»

Басында лоукостер атанса да, компания билеттері бәлендей арзан емес. «Самұрық-Қазына» еншісіндегі екінші лоукостер – «FlyArystan»-ға қарағанда, тасымал бағасы қымбат екені байқалады. Солай бола тұрып, компания биыл Ұлттық қор мен бюджет есебінен субсидия ала бастады. 2020 жылғы карантинге қарамастан, «QazaqAir» амортизациялық шегерім, іссапарлар ақысы, кәсіби қызмет пен жалға алуды есептемесек, әкімшілік шығындарын өсіріп жіберген.

«QazaqAir» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебі. Аудитор: KPMG

«QazaqAir» мемлекеттің бекітілген жоспары бойынша 2022 жылдың аяғына дейін жекеменшікке сатылуы тиіс. Бірақ осы тұста үлкен сұрақ бар. Қазіргі шығындарымен мұндай компания ешкімге керек емес. Оның балансын шығындардан тазартып, инвесторларға қызықты қылу үшін қомақты қаржы қажет. Ол Ұлттық қордың тағы да жұқаруына алып келмей ме?

Бір қызығы, пандемияға қатысты карантиндер біте бастаған сәтте әлемдегі лоукостерлер бірден пайда таба бастаған. Ryanair, Wizzair сияқты алпауыттарды есептемегенде, тіпті идеологиясы «QazaqAir»-мен шамалас Ресейдің «Победа» лоукостері 2020 жылды 8,1 миллиард теңге (1,4 миллиард рубль) таза кіріспен аяқтады.

Сонда біздің компанияларға табысты жұмыс істеп, нарықтан пайда табуға не кедергі? Отандық сарапшылар осы феноменнің шешімін көптен бері таппай келеді.

Тегтер: