Вирус қанатын кескенде. «Air Astanaның» қаржылық жағдайы НЕГЕ ауыр?

17 мамыр, 13:01

Фото: Nege.kz

2020 жылдың қортындысы бойынша «Эйр Астана» АҚ (Fly Arystanды қоса алғанда) 38,6 миллиард теңгеге шығынға батқан. Компанияның капиталы 39,4 миллиард теңгеден 7,7 миллиард теңгеге кеміген. Ал қарызы 340 миллиард теңгеден 433 миллиард теңгеге бірден көбейген.

Коронавирус пандемиясы және оның аясында енгізілген карантин әлемдегі әуе компанияларына ауыр тиді. «Cirium» агенттігінің есебінше, әлем бойынша 2020 жыл 42 әуе компаниясы банкрот болған. Негізі толық банкрот «есігін қағып тұрған» әуе тасымалдаушылардың саны одан да көп, бірақ олардың қызметіне мемлекеттері араласып, қаржылай қолдау көрсеткен. Германия «Lufthansa» ұлттық тасымалдаушысының жабылып қалуына жол бермеу үшін 9 миллиард еуро бөліп, компанияның 20% акциясын сатып алды. Еуропаның басқа елдерінде де осы жағдай қайталанды.

Фото: zagranportal.ru

Қазақстанға келер болсақ, былтырғы жыл «Air Astana» үшін компания тарихындағы ең ауыр кезең болды. KPMG өткізген аудиттелген қаржылық есебіне көз салсақ, компанияның таза шығыны 38,6 миллиард теңгеге жеткен. 2020 жылғы жолаушы тасымалының көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 28 пайызға төмен шықты.

«Эйр Астана» АҚ 2020 жылдың қортындысы бойынша аудиттелген қаржы есебі. Аудитор KPMG

«Топ («Эйр Астана» АҚ) шығындарды қатаң бақылауды енгізу, барлық маңызды емес инвестицияларды кейінге қалдыру және ірі несие берушілермен кейінге қалдырылған төлемдер туралы келіссөздер жүргізу арқылы шығындарды азайту бойынша белсенді шараларды жүргізді», – деп жазады KPMG.

«Топ несиелік желінің мөлшерін екі кезеңде 40 миллионнан 115 миллион долларға дейін арттыра алды. Кейіннен, 2020 жылғы қыркүйекте өзгертілген шарттарға сәйкес несие желісінің мөлшері 160 миллион АҚШ долларына дейін ұлғайтылды»

Бұдан біз «Air Astanaның» қарызға бата бастағанын байқаймыз. Егер 2019 жылы компанияның міндеттемелері 340 миллиард теңге болса, 2020 жылы оның берешегі 433 миллиард теңгеге өсті.

«Бірақ Air Astanaның шетелдік ірі акционері бар және осы фактор оған деген инвесторлар сенімін жоғары деңгейде ұстай алады», – дейді Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары.

«Қазір компания акцияларының 51 пайызын «Самұрық-Қазына» қоры арқылы мемлекет ұстап отыр, ал қалған 49 пайызы британдық «BAE Systems» қолында. Қаржылық тәуекелдерге тек қана мемлекет жауап бермейді. Демек компанияны қосымша капиталдандыруды осы екі акционер бірігіп шешуі тиіс»

Қаржылық есепке сай, «Air Astana» тығырықтан шығудың бірнеше сценарийін қарастырып отыр. Оның ішіндегі базалық сценарий бойынша, биыл ішкі маршруттардағы жолаушылар санының өсуі 20,4% деңгейінде болады деп күтіледі. Ал IATA болжауы бойынша, Қазақстандағы ішкі бағыттарға сұраныс 25 пайызға, халықаралық бағыттарға деген сұраныс 54,4 пайызға өседі. Рейсті орташа пайдалану коэффициенті 76 пайызға көтерілмек. Бұл нарықтық көрсеткіштерге сәйкес келеді.

Байқағанымыздай, «Air Astana» бар үмітін 2021 жылға артып отыр. Егер елде және шет мемлекеттерде карантин бітіп, тасымал қалпына келетін болса, компанияның дағдарыстан шығу мүмкіндігі бар. Бірақ биыл да коронавирус бой бермей, билеттер сатылымы көбеймесе, компанияның азайып қалған капиталы оның міндеттемелерін қамтамасыз ете алмайтын жағдай туындауы ықтимал.

Онда «Air Astana» өз акционерлерінен, олардығ ішіндегі ең ірі акционері – Қазақстан үкіметінен көмек сұрауы мүмкін. Ал бұл сіз бен біздің онсыз да түбі көрінген қалтамызды одан әрі қаға түспек.

#airastana #фостер #пандемия
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации