7 Қазан 08:53

«Қаржы-құбыжық» нарықты «көбікке» айналдыруы мүмкін бе?

Фото:

Келесі жылы қаржы нарығына зейнетақы жүйесінен триллион теңгеден астам сома келеді. Ол ақшаны нарық игере ала ма? Әлде бұл нарықтың қызып, «көбікке» айналуына әкеле ме?

Негізі зейнетақы қорында жатқан ол сома онсыз да қаржы нарығында, бірақ мемлекеттік құнды қағаздар мен квазимемлекеттік сектордың облигацияларында жатқан болатын. Енді оны қалай жұмсарын азаматтардың өздері шешеді. Олар облигация алмасы анық. Сондықтан бұл ақша қаржыгерлердің көзіне қалай құбылатыны белгісіз құбыжық сияқты көрініп тұр.

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық жобалардан шығу жоспары айқын емес. БЖЗҚ портфелінің көпшілігі төмен пайыздағы мемлекеттік бағалы қағаздар мен облигациялар екенін ескерсек, оларды БЖЗҚ-дан кім сатып алады?», – дейді қаржыгер Владислав Туркин. Оның айтуынша, болмашы инфляциялық қысым болады.

«Алайда оның деңгейі жоғары болады деп айта алмаймын. Ипотеканы мерзімінен бұрын өтеу банктер үшін біраз қаражатты босатып береді. Банктер өз кезегінде оны қайтадан несие беруге жұмсамақ. Бірақ дәл осы жерде тұтынушылық несиенің үлес салмағы артып кетуі мүмкін»

«Әзірге нақты ештеңе жоқ. Банктерге ипотеканың мерзімінен бұрын жабылуы тиімсіз», – деп есептейді Nege.kz түсініктеме сұраған EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы Андрей Чеботарев. Оның сөзінше, бұл жерде инвестициялық қорларға арналған ойын ережелері түсініксіз.

«Олар қайда ақша сала алады? Бұл тек ішкі нарық па? Егер тек ішкі нарық болса, онда еш қызығы жоқ. Егер оларға шетелдік нарықтарға инвестициялауға, тәуекелі жоғары және тәуекелсіз бағалы қағаздарды жинауға рұқсат берілсе, онда бұл қаржы нарығына серпін берер еді. Қазір оның ережелері жазылып жатыр. Осы кезеңде ереже авторлары ақылға сиымды шешімдер қабылдайды деп сенемін»

Владислав Туркин қаржы секторының тұрақтылығына қауіп басқа жақтан төніп тұр дейді. Адамдар ипотекасын жаппай жаба бастаса, банктерде ақша массасы артады және құрылыс пен ипотека салалары қызып кетуі мүмкін.

Nege.kz есебінше, келесі жылы баспана нарығы мен ипотека саласында қолдан жасалған ажиотаж, бағаның өсуі сынды құбылыстар жүруі мүмкін. Бұл өз кезегінде көбіктің үрленуіне әкеліп, артынан нарық құласа, қаржы секторы ауыр соққы алуы ғажап емес. Ал оны болдырмау тікелей ҚНРДА мен Ұлттық банктің шаруасы. Біз оған дайындықтан қалай жүретінін бақылап отыратын боламыз.

Тегтер: