Әкімдер портреті. Қасымбек. «Арбаның артқы дөңгелегі»
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек туралы сөз болғанда ең алдымен ойға оның әкесі Махмұд Қасымбек орала кетеді. Неге? Өйткені Жеңістің артында Махмұд тұр...
Билік ауысқанға дейін...
Жеңіс Қасымбектің 1997 жылдан бастап, 2019 жылға дейін атқарған қызметтеріне көз жүгіртсеңіз, жаңылып қалуыңыз мүмкін. ҚазГАСА-да тәлімгер-зерттеушіден бастап, Премьер-министрдің орынбасарлығына дейінгі аралықта талай-талай лауазымды қызмет атқарды. Солардың сүбелісін тізіп көресек, тізім былай түзіледі: 2005-2009 – Транспорт және коммуникация вице-министрі, 2009-2014 – Транспорт және коммуникация министрлігінің жауапты хатшысы, 2014 – Транспорт және коммуникация министрі, 2014-2016 – Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары, 2018 – Инвестиция және даму министрі, 2018-2019 – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, 2019 – Премьер-министрдің орынбасары.
2019 жылы наурыздың 19-ы күні Нұрсұлтан Назарбаев президенттіктен кететінін мәлімдеп, Президент өкілеттігі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткенін білеміз. Билік сатыларымен адымдай аттап, тез көтеріліп келе жатқан Жеңіс Қасымбектің өсу қарқыны президент ауысқан соң біршама баяулағандай болды.
Ол 2019 жылы қыркүйекте Қарағанды облысының әкімі болып тағайындалды. Осы қызметті үш жылға жуық атқарды да, 2022 жылы желтоқсанда Астана қаласының әкімі лауазымына ауысты.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Исабаев. Көш соңындағы «көшбасшы»
Міне, одан бері де екі жылдан астам уақыт өтті. Бір кездері ешкімге бет қаратпаған Махмұд Қасымбектің ұлы «бетегеден биік, жусаннан аласа» күй кешіп жатыр...
«Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық»
Былтыр берген сұхбаттарының бірінде Жеңіс Қасымбек әкесіне қатысты сұраққа шамданып қалып, бүй деп жауап берген: «Біріншіден, менің әкем қазір зейнет демалыста. Ол тұңғыш президент кеңсесінде жұмыс істемейді. Мұны тексеруіңізге болады.
Екіншіден, менің мемлекеттік қызметте қалыптасуым нақты бір адамға байланысты емес. Мемлекеттік қызметте жұмыста жүргеніме 25 жылдан асты. Менің өсуім кәсіби қабілетіме, білім деңгейіме, жұмыс істеу құлшынысыма байланысты».
Сыпайылап айтқанда, Жеңіс Қасымбек бұл жерде қуланып отыр. «Иә, әкемнің қамқорлығын аз көргенім жоқ, ақылын айтты, батасын берді» десе, ешкім шапанын шешіп алмайтын еді және жөні де осы еді. Заңды сауалға шамданып қалған әкім сұрақты өзі көбейтіп алды.
- Оқи отырыңыз: Әкімдер портреті. Сыздықбеков. «Пиарщик»
Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа адалдық танытқан екі адам болса, соның бірі – Махмұд Қасымбек. Бүгінде жасы 73-ке таяған Махмұд Базарқұлұлы сонау 1990 жылдан бастап (бәлкім, одан да ары) 2023 жылға дейін экс-президент Н.Назарбаевтың жанынан бір елі кеткен жоқ. Әлі де кетпеген болуы мүмкін, Ж.Қасымбек «әкем қазір онда жұмыс істемейді» деп қанша қашқалақтаса да.
Махмұд Қасымбек 1996 жылы Президент кеңсесінің жетекшісі болып тағайындалды да, осы қызметте табан аудармай 27 жыл отырды. Тек соңғы төрт жылында ғана «экс-президент кеңесесінің жетексіші» деген бұрынғыдан пәстеу лауазымды атқарды. Бірақ бұл М.Қасымбектің абыройы төмендеп, ықпалы кеміп қалды деген сөз емес. Бұрынғыдай кадр мәселесіне тікелей араласа алмаса да, шешім қабылдайтын адамдарға сөзі әлі де өтеді. Мұндайды қазақ «жыланды жеті рет кессең де, кесірткедей қауқары бар» дейді.
Жеңіс Қасымбектің әкесінің ықпалы туралы ашып айтудан не себепті қашқақтағанын ішіңіз сезетін болар. Ол әкесі туралы айтудан ғана емес, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың аты-жөнін атаудан да қашатынын байқатты. Жоғарыда сөз болған сұхбатта Астана қаласы туралы сұрақ қойған журналист елорданы экс-президентпен байланыстыра келе, Н.Назарбаевтың шешім қабылдауға ықпалы бар-жоғын сұрайды. Бұл сұраққа Ж.Қасымбек: «Бүгінгі күні қалаға байланысты тапсырмалардың барлығын қазіргі президент, үкімет, орталық үкіметтік органдар береді. Болды!», – деп шорт кескені де біраз жайттан хабар берсе керек.
Қазақта «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген мақал бар еді. Жеңіс Қасымбекті «жаман бала» деуден аулақпыз, әрине. Біздікі тек «баласы әкесінен кейбір жақсы қасиеттерді үйренсе екен» деген тілек қой. Ол арбаның алдыңғы дөңгелегі қалай жүрсе, артқы дөңгелегі де солай жүретінін неге ескермеді екен, ә?..
Зейнеткердің ұлы
Астананың бұрынғы әкімдерінің көбі өсіп кетті. Өшіп қалғандары да бар. Мәселен, сонау Батыс Қазақстаннан үкілеп әкеп қойған Алтай Көлгінов Президенттің үмітін ақтай алмай, креслосынан ұшып түскені күні кеше ғана.
Астананың бүгінгі әкімі Жеңіс Қасымбек «әкемнің ықпалы тиген жоқ, өсуіме кәсіби қабілетім, білім деңгейім, жұмыс істеуге деген құлшынысым әсер етті» деді ғой, әкімге қабілеті мен деңгейін һәм құлшынысын нақ көрсететін уақыт енді келді.
Өйткені, Ж.Қасымбек 2019 жылға дейін «президент кеңесесі жетекшісінің ұлы» еді, 2019 жылдан былтырға дейін «экс-президент кеңсесі жетекшісінің ұлы» болды, ал қазір ол «зейнеткердің ұлы»...