Қарыз көп, дивиденд жоқ. ERG НЕГЕ Қазақстанға биыл да пайда әкелмейді?
Eurasian Resources Group (ERG) трансұлттық корпорациясы 2024 жылдың қорытындысы бойынша шығынға бататынын болжауға болады . Себебі, ферроқорытпалар нарығы 2023 жылмен салыстырғанда өскен жоқ. Бұдан бөлек, биылдан бастап ERG Ресейлік «ВТБ» мен «Сбер» алдындағы 4,7 миллиард доллар қарызын қайтара бастауы тиіс.
Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша ERG 142 миллион доллар (қазіргі бағаммен шамамен 74,5 миллиард теңге) шығынмен шығып, акционерлеріне дивиденд төлемеген болатын. Сондықтан 2024 жылдың нәтижесі жақсарып, дивиденд төленеді деп ойламаймыз.
Бұл – ERG корпорациясының 40% үлесіне ие негізгі акционер Қазақстан Үкіметі үшін жағымсыз жаңалық. Бюджет дефициті жағдайында Үкіметке квазикомпаниялардан келетін әр тиынның өзі бағалы. ERG 2022 жылғы табысынан соңғы рет 500 миллион доллар дивиденд төледі.
Бірақ оның Қазақстанға тиесілі 200 миллион доллары Стати ісіне қатысты бұғатталып жатты. Қазақстан «Стати ісін» жауып, бұғаттан босағанда, енді қырсық шалып ERG табысты жұмыс көрсете алмай отыр.
2023 жылы ERG қаржылық көрсеткіштердің жаппай құлдырауын бастан кешті. EBITDA 54,9%-ға төмендеп, выручка бар-жоғы 6,51 миллиард доллар болды. Оған әлемдегі ферроқорытпалар нарығында ұсыныстың артып кетіп, бағаның төмендеуі себеп. Енді бұл нарықтың тез арада бұрынғы позициясына келуі қиын.
ERG корпорациясы еш уақытта өзінің қаржылық есебін ашық жарияламайды. Алайда inbusiness.kz порталы онымен аффирленген британдық ENRC Management (UK) Limited компаниясының Companies House бизнес-реестрінде жарияланған есебін тауып алған.
Биылдан бастап ERG алдағы 5 жылдың ішінде «ВТБ» мен «Сберге» 4,7 миллиард доллар қарызын төлей бастауы керек. Алғашқы транштар осы жылы басталады. Егер әлемдік споттық биржаларда баға көтерілмейтін болса, онда қарыз траншын аударған сайын корпорацияның қаржылық тұрақтылығына төнген қауіп арта бермек.
«Қазхром», «Соколов-Сарыбай кен-байыту бірлестігі», «Қазақстан Аллюминийі», «Шұбаркөл көмір» сынды ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындарында 62 мыңға жуық жұмысшы бар екенін ескерсек, корпорациядағы кез-келген қиындық әлеуметтік дүмпу туғыза алатын күшке ие. Сондықтан ERG-дің басына туған кеп Үкіметтің жіті назарында болуі тиіс.