Түздегі нарық: «Қазақмыс» активтері НЕГЕ қымбаттап барады?
«Қазақмыс» тобы өзінің Жезқазғандағы мыс активтеріне сатып алушы іздей бастағаны туралы қауесет күн санап шындыққа жанасып келеді. Қазір бұл активтерді «Kazakhmys Copper» акционерлік қоғамы ұстап отыр. Болашақ сатып алушылар қатарында калий бизнесіне бет бұрған «Qazaq Stroy» тобының қожайыны Нұрлан Артықбаев, Тимур Құлыбаевтан «Шұбаркөл Премиум» компаниясын сатып алған Шухрат Ибрагимов пен Кеңес Рақышев тандемі аталуда.
Бірақ Nege.kz дереккөзі бұл мәмілеге басқаларға қарағанда Нұрлан Артықбаев жақын тұр дейді. Және әңгіме ең кемі 30% үлес туралы болып тұр. Активтердің әділетті бағасы «Kazakhmys Copper» компаниясының биылғы жылды қалай аяқтауына байланысты болмақ. Ал олар мүлде арзандамаған.

Биылғы 9 айдың нәтижесінде «Kazakhmys Copper» қаржылық көрсеткіштері жақсы өсіп келеді. Компания табысы 1,5 триллион теңгені көрсетсе, таза кірісі 80 миллиард теңгеге жетіп қалған. Бұл былтырғы 9 айдың көрсеткішінен екі есеге артық.
«Kazakhmys Copper» АҚ қазіргі капиталы 885 миллиард теңге шамасында болып тұр. Егер дисконтпен емес, осы қалпында сатылса, оның 30 пайыз үлесі кемінде 265 миллиард теңге тұруы тиіс. Бұл жарты миллиард доллар.

Ондай ақша Нұрлан Артықбаевта бар ма? Форбс рэнкингінде оның қазіргі дәулеті 228 миллион доллар шамасында деп көрсетілген. Бірақ бұл оның жиынтық активтерінің нарықтық құны екені түсінікті. Бұл ешқандай да кэш емес.
«Qazaq Stroy» компаниясының қаржылық есептілігі ашық деректерде жоқ. Сондықтан біз Артықбаевтың өзінің негізгі бизнесінен қанша дивиденд алғанын анықтай алмаймыз. Кәсіпкер өз бизнесінің тірегі саналатын осы құрылыс компаниясын 2003 жылы құрған еді.
2024 жылдың соңында Артықбаевтың Jusan Bank-тен «Қазақтелекомның» 8,1% акциясын сатып алуы оның ең дәулетті кәсіпкерлер рейтингіне енуіне ықпал еткені сөзсіз.
Бұл үлестің қаншаға сатылғаны жарияланбады. Және былтыр «Qazaq Stroy» ЖШС-ы өзіне тиесілі құрылымдар арқылы Түркістан облысындағы күкірт қышқылы зауытының капиталына кірді. Бұл жобада Артықбаев «Қазатомпром» ұлттық компаниясымен серіктес болып отыр.
Бұдан кейін Нұрлан Артықбаев калий бизнесіне қызыққанын жазғанбыз. Әлі өндіріс басталған жоқ. Бірақ бизнес жобасы жаман емес. Биылғы жылдың қорытындысы шыққаннан кейін ол туралы кеңінен жазатын боламыз.