24 Қараша 14:33
...

Интернет-дүкеннен алған тауар сізге сай келмесе, не істей аласыз?

Онлайн сауда
Фото: pixabay.com

Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз конференциясында тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Соңғы уақытта жарнамада көрсетілген баға мен дүкендердегі нақты баға арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Жарнамада тауар арзандау көрсетілгенімен, сату кезіндегі бағасы едәуір жоғары болып шығатын жағдайлар жиілеп кетті. Осы олқылықтың алдын алу және жарнамадағы бағаның шынайылығын қамтамасыз ету үшін қандай бақылау және реттеу тетіктері қарастырылған?

Аталмыш сауалға Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің мемлекеттік саясатты қалыптастыру басқармасының басшысы Еркебұлан ТАҒАШЕВ жауап берді.

«Қазір біз бұл мәселемен белсенді айналысып жатырмыз. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық кодексте жалған жарнамаға қатысты 157-бап бар. Бұрын бұл мәселе салық органдарының құзыретінде болған. Олар бұл жұмысты дұрыс орындамаған соң, жауапкершілік бізге берілді. Қазір жергілікті бөлімшелерге тиісті тапсырмалар жіберілді. Егер жалған жарнамаға қатысты жағдайға тап болсаңыз, біздің өңірлік департаменттерге шағым түсіре аласыз. Шағыммен бірге фото немесе видео сияқты дәлелдер міндетті түрде болуы қажет. Соның барлығын қосып, шағым жолданған бойда біз заң аясында қажетті шараларды қабылдай аламыз», – деді басқарма басшысы NEGE тілшісінің сауалына.

Еркебұлан Тағашев
Фото: ОКҚ

Қазір заман талабына сай, дәстүрлі саудадан бөлек интернет-дүкендердің саудасы қызып, дәурені жүріп тұр. Сол себепті, бұл жақта да тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылады. Мәселен, онлайн тапсырыста киім-кешектің өлшемі, түрі, сипаттамасы, жарнамадағы тауар мен алған тауар сәйкес келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда сатушылардың көбі тауарды кері қабылдаудан бас тартады. Осындай құқық бұзушылық кезінде тұтынушылар өз мәселесін шешу үшін қай уәкілетті органға жүгінуі қажет және мұндай дауларды реттеу бойынша қандай рәсімдер көзделген?

Еркебұлан Тағашевтің айтуынша, ең алдымен, тұтынушы сатушыға ресми түрде наразылық білдіруі тиіс. Өйткені тұтынушы құқығының нақты қай сәттен бастап бұзылғанын анықтау үшін дәл осы наразылық білдірілген уақыт есепке алынады.

«Мұның барлығы тұтынушылардың құқықтарын қорғау заңында көрсетілген. Ең біріншіден, сатушыға наразылық білдіру міндетті. Тұтынушының шағымы түскеннен кейін біз дереу шара қолданамыз. Егер сатушы тұтынушының өтінішіне 10 күн ішінде жауап бермесе, бұл да әкімшілік құқықбұзушылық болып саналады. Сол кезде біз іске араласамыз. Заңға сәйкес, сатушы тауар туралы толық әрі дұрыс ақпарат беруге міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, тұтынушы шағымының көшірмесін және өз арызын қоса отырып, біздің жергілікті департаменттерге жүгінуіне болады», – деп түсіндірді басқарма басшысы.

Тұтынушылардан келіп түскен шағым саны 2020 жылы 21 мың болса, 2024 жылы 62,5 мыңға дейін өсті. Биылғы 10 айдың өзінде шамамен 68 мың шағым түскен. Тұтынушылардың үлес салмағы бойынша шағымдарының ең көп саны бөлшек сауда (41%), онлайн-сауда (23%), тұрмыстық қызметтер (8%) сияқты салаларда байқалады. Сонымен қатар, білім беру және қоғамдық тамақтандыру салаларына да шағым білдіргендердің саны артқан.

Комитет дерегінше, әр үшінші азамат шағымы бойынша өтемақы алған. 2025 жылы тұтынушылардың құқықтары 2,2 млрд теңгеге қорғалды. Тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Болат Таңабергеновтің айтуынша, осы жылдың 10 айында өңірлік департаменттер кәсіпкерлік субъектілеріне 1080 тексеру және 31 профилактикалық бақылау жүргізді, олардың нәтижелері бойынша 23 млн теңгеге 696 бизнес субъектісі айыппұл түрінде, 347 бизнес субъектісі ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.