17 Қараша 18:00
...

Алтын опцион. OFAC шешімі НЕГЕ бізге майдай жағуда?

KPO
Фото: Nege.kz

Nege.kz дереккөзінің сөзінше, Қазақстан Лукойлдың Қарашығанақтағы үлесін шамамен 300 миллион долларға сатып алуға қарсы емес. Үлестің нарықтық бағасы кемінде 900 миллион доллар болса да, осы айда санкцияға ұшыраған Лукойл уақыт цейтнотында отыр. Ол 13 желтоқсанға дейін, яғни 26 күннің ішінде, өзінің Қазақстандағы активтеріне сатып алушы табуы тиіс.

«Қарашығанақ» кенішінде мұнай өндіретін KPO консорциумында (Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В.) Лукойлдың 13,5 пайыз үлесі бар. Ал консорциумдағы шетелдік компаниялардың үлестерін сатып алуға берілген басымдық опционын «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы арқылы Қазақстан мемлекеті ұстап отыр.

«Қазақстан шамамен 300 миллион долларға ұсыныс жасады. Лукойл мәмілені жауып үлгергісі келсе, онда тез арада жауап беруі тиіс. Себебі оларда тек 26 күн ғана қалды», – дейді, дереккөз.

Лукойлдың үлесіне 300 миллион доллар беру бізге тиімді ме? Ресейлік алпауыттың Қарашығанақтағы үлесін ұстау үшін құрылған «Лукойл Оверсиз Карачаганак» компаниясы 2024 жылы 184 миллион доллар таза пайда көрсетті. Қарапайым есеппен, Лукойл үлесін сатып алуға кеткен қаржыны орта есеппен екі жылдың ішінде қайтарып алуға болады. Бұл – өте тиімді инвестиция.

«Лукойл Оверсиз Карачаганак»
Фото: «Лукойл Оверсиз Карачаганак» 2024 жылғы есебі

Қазмұнайгаз да Қарашығанақ кенішінде 10% үлес ұстап отыр. Оны арнайы құрылған «ҚМГ Қарашығанақ» ЖШС арқылы басқарады. Егер Лукойл үлесін сатып алса, KPO консорциумында Қазмұнайгаз үлесі 23,5 пайызға дейін өспек. Осылайша бес акционердің орнына тек төртеуі қалады және үлес бойынша Қазмұнайгаз Шевронды басып озады. Демек консорциумдағы үлестер: Eni – 29,25%, Shell – 29,25%, Қазмұнайгаз – 23,5%, Chevron – 18% болып қайта құрылымдалмақ.

Қазмұнайгазда Лукойл үлесін сатып алуға ақша бар ма? Биылғы жылдың алғашқы жарты жылдығында ҚМГ-ның таза кірісі 534 миллиард теңгені құрады. Бұл шамамен 1 миллиард доллар. Оның Қашағандағы қазіргі 10 пайыздық үлесін ұстап отырған «ҚМГ Қарашығанақ» еншілес компаниясы былтырғы жылдың нәтижесінде осы үлестен 30 миллиард теңге таза кіріс алды.

Кашаган
Фото: Nege.kz

Таза кіріс ақшасын басқа да валюталық кері бағалау кірістерімен қосып, «ҚМГ Қарашығанақ» жыл сайын Қазмұнайгазға дивиденд ретінде аударып келеді. Жалпы, капиталына да, еркін ақша ағынына да көз салсақ, Қазмұнайгаздың 300 миллион доллар таба алатын барлық мүмкіндігі бар.

Бір жақсысы, Қарашығынақ жыл сайын таусылып, сарқылып жатқан кеніш емес. Керісінше, ондағы өндіру көлемі жыл сайын артып келеді. Былтыр KPO консорциумы мұнай экспорты бойынша рекорд орнатып, сыртқы нарықтарға 10,93 миллион тонна жөнелткен болатын.

Оның ішінде KPO бір жылда КТК құбыры арқылы 9,81 миллион тонна, «Дружба» құбырымен 1,1 миллион тонна мұнай жіберді. Сонда KPO Қазақстанның бір жылдық мұнай экспортының 16 пайызын қамтамасыз етіп отыр.