Дубайдағы дүрбелең. «Дикий Арманның» Қайрат Келімбетовке қатысы бар ма?
Кейбір БАҚ беттерінде Қаңтар оқиғасынан кейін түрмеге түскен Арман Жұмагелдиевтің («Дикий Арман» лақап атымен танымал) ресейлік Finiko қаржы пирамидасының басшысына шабуыл ұйымдастырғаны туралы ақпарат тарады.
Оқиға биыл қаңтар айының басында Дубайда болған. Бұл іске қатысты Жұмагелдиевпен қатар экс-министр Қайрат Келімбетовтің күйеубаласы Жанболат Серіковтің де есімі аталады. Оның қандай қатысы бар?
«Дикий Арман» Finiko-ға неге өшікті?
Finiko қаржы пирамидасы 2018 жылы Ресейдің Қазан қаласында құрылған. Сарапшылар бұл ұйымды Ресейдің посткеңестік тарихындағы «МММ-нен кейінгі ең ірі алаяқтық топ» деп атаған. Қазірге дейін барлық басшылары ұсталып, кейбірі сотталып үлгерген ұйымның халыққа келтірген зардабы 5 миллиард рубльге (шамамен 25 миллиард теңге) бағаланады.
Аталған қаржылық ұйымнан зардап шеккендердің қатарында қазақстандықтар да бар. Мысалы, 13 қаңтарда Қостанайда «Finiko қаржы пирамидасына басшылық етті» деген күдікке ілінген әйел 7 жылға сотталған. Сот мәліметінде қаржылық топтың алаяқтық әрекетінен 12 азаматқа жалпы сомасы 42 миллион теңгеден астам материалдық залал келтірілгені жазылған.
Қаржы пирамидасының кейбір ұйымдастырушылары шетелге қашып үлгерген. Оның бірі – Эдвард Сабыров. Жоғарыда аталған «Дикий Арманның» айтқанымен жүретін қылмыстық топтың шабуылына ұшыраған – дәл осы Сабыров.
Деректерде 2025 жылдың қаңтар айының басында Finiko қаржы пирамидасының ұйымдастырушысы делінетін Сабыровтың Дубайдағы жеке вилласына қарулы топ басып кіріп, әйелі екеуіне шабуыл жасап 1,2 миллион дирхам ақшасын (шамамен 172 миллион теңге) алып кеткен. Шабуыл жасағандар Сабыровтың құлағын кесіп алғаны туралы да айтылады.
Белгілі болғандай, Сабыров Ресей және Түркия елдерінің азаматы, атышулы Finiko қаржы пирамидасын ұйымдастырушысы ретінде аты үш жыл бұрын таныла бастаған. Ол өзі алдаған инвесторлар мен бұрынғы серіктестерден жасырынып, БАӘ-ге көшіп келген. Сонымен қоса шабуыл жасалған уақытта Ресей билігі Сабыровқа халықаралық іздеу жариялап үлгерген.
Сабыровқа жасалған шабуылды Арман Жұмагелдиевтің ұйымдастыруы мүмкін деген болжам бар. Өйткені «Дикий Арман» қаржы пирамидасының қашқын басшысына бұрын қолдау көрсетіп келген. Ол дәл осы шабуыл арқылы өзінің міндеттерін есіне салып қоюды ұйғарса керек.
Экс-министр мен оның күйеу баласының бұл іске қатысы қандай?
Алдын ала болжам бойынша, Біріккен Араб Әмірліктерінде Эдвард Сабыров пен оның әйеліне шабуылды ұйымдастырған – Жанболат Серіков. Ол «Ескі Қазақстанның» беделді шенеуніктерінің бірі – бұрынғы вице-премьер, Президент әкімшілігін басқарған әрі Ұлттық банктің экс-төрағасы Қайрат Келімбетовтің күйеу баласы. Серіковтің бұрынғы шенеуніктің қызы Шынар Нематовамен тұрмыс құрғаны туралы деректер бар. Сонымен қоса оның Қаңтар оқиғасынан бері тергеліп, түрмеде отырған «Дикий Арман» Жұмагелдиевтің жақын досы екені айтылады.
Серіковті «Дикий Арман» қылмыстық тобының белсенді мүшесі деп атайды, ол сондай-ақ ұзақ уақыт бойы ықпалды қайын атасының беделін пайдаланып келгенге ұқсайды.
Біріккен Араб Әмірліктерінде болған оқиғаны Келімбетовтің өз күйеу баласы арқылы ұзақ жылдар бойы «Дикий Арман» бандасымен және Қазақстанның тұңғыш президентінің інісі Қайрат Сатыбалдымен тығыз қатынасты болуының дәлелі деп қарастыратындар да бар.
Шабуылдан кейін күдіктілер БАӘ-ден шығып, Ресейге одан әрі Түркияға ұшып кеткен. Біріккен Араб Әмірлігінің билігі Ресей ішкі істер министрлігі мен Түркия шекара қызметіне қылмыскерлердің орналасқан жері мен ұсталған жерін анықтау үшін құқықтық көмек көрсету туралы өтініш жолдаған.
БАӘ құқық қорғау органдары шабуыл жасағандарға іздеу жариялап, нәтижесінде олардың екеуі, Қазақстан азаматтары – 29 жастағы Есболат Кенжеғазы мен 26 жастағы Анорбек Түмибаев Ресей жерінде қолға түскен.
Тергеу жүріп жатқан уақытта Қазақстанның басқа азаматтарына қатысты да күдік пайда болып, Дамир Мұратұлы Түркияда ұсталған. Ал шабуылды ұйымдастырушы делінетін Жанболат Серіков Түркиядан келген бетте Әзірбайжан аумағында қамауға алынған.
Ұзақ тергеу мен жабық сот
Қаңтар оқиғаларына қатысты басты күдіктіге айналып, түрмеге жабылған Арман Жұмагелдиевтің тарапына қатысты айыптаулар бұрын да болған.
Мәселен, 2005 жылдың көктемінде «Дикий Арман» Шымкенттегі «Турист» қонақ үйінде «Әділетті Қазақстан үшін» оппозициялық қозғалысының жиыны өтіп жатқан залға басып кіріп, оппозиция жетекшілеріне шабуыл жасаған. Осы оқиғадан соң Шымкент қалалық соты Жұмагелдиевті шартты түрде жазаға кесті. Оның жазаны өтеген-өтемегені белгісіз.
А.Жұмагелдиев 2022 жылдың қаңтарына дейін шетелде тұрды. Ол үш жыл бұрын қаңтардағы дүрбелең кезінде ұсталғанымен тергеу ұзаққа созылып, қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйегінде ғана сотқа жіберілді. Қазір Алматы қаласында А.Жұмагелдиев пен тағы бірнеше адамның соты жабық өтіп жатыр.
«Дикий Арман» деген лақап атпен танылған күдікті А.Жұмагелдиевтің бұрынғы шенеунік Қайрат Келімбетов пен оның күйеу баласына қатысы бар ма? Біз бұл сұрақтың жауабын Қ.Келімбетовтің өзінен алуға тырысып көреміз.
Ақберен Амангелді, журналист.