Қарызы жылдық выручканың жартысынан көп. «Самұрық-Қазына» НЕГЕ кризисте отыр?
2024 жылдың 9 айында «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры бәлендей тиімділік көрсетпеді. Теңгелей выручканың өсуі доллар бағамының өсу деңгейінен қалып қойды. Долларға шаққанда «Самұрық-Қазына» былтыр ешқандай прогресс байқата алмаған
Есесіне қарызы теңгелей де, доллармен де өсіп барады. Оның үстіне үш тоқсанның выручкасы 964 миллиард теңгеге өссе, тиісінше өнім өндірудің өзіндік құны 752 миллиард теңгеге қымбаттап отыр. Ал толық жылдың қаржылық нәтижелерін алғанда, картинаның одан да мүшкіл болатынын болжай аламыз.
2024 жылдың 9 айы бойынша «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының қарызы 6,41 триллион теңгеге бағаланады. Бұл Қазақстан Үкіметінің 2024 жылы Ұлттық Қордан тартқан трансферттерінен де көп. Ең қауыптісі, осы қарыздың жартысынан астамы АҚШ долларымен алынған. Тиісінше, біздегі теңгенің құлдырауы қараша айында орын алғанын ескерсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша қордың қарызы кемінде 10 пайызға артуы тиіс.
Пессимистік болжаммен, біз «Самұрық-Қазына» қарызының 7 триллион теңге межесіне жететінін тұспалдай аламыз. Оның 1,6 триллион теңгесін қор 2024 жылы қайтаруы тиіс болатын.
2024 жылдағы 9 айдың шоғырланған қаржылық көрсеткіштеріне келсек, қордың активтері 38,6 триллион теңгеге жетіп, выручкасы 12 триллион теңгеден асты.
Ал таза кірісі 2,52 триллион теңгені құрады.
Біршама уақыт бұрын «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов мемлекет басшысының қабылдауында болып, істелген жұмыстар бойынша есеп берген. Оның айтуынша, қор қазіргі таңда энергетика, мұнай-газ химиясы, логистика және басқа да салаларда жалпы құны 53 триллион теңге болатын шамамен 130 жобаны жүзеге асыруда.
Оның ішінде, биыл жалпы құны 700 миллиард теңге болатын 4 ірі жоба іске қосылды. Басым бөлігі энергетикалық жобалар. Алматыдағы ТЭЦ-2 және ТЭЦ-3 үшін газ инфрақұрылымы жасақталды. Сондай-ақ, ГРЭС-1-дің бірінші энергоблогы қайта қалпына келтіріліп, пайдалануға берілді. Осы энергоблок электр тапшылығы мәселесінде көмектесуі тиіс. Сиань қаласында құрғақ жүк терминалы пайдалануға берілсе, Қарашығанақ кен орнында бесінші компрессор жұмыс істей бастады.
Қазақстан 2024 жылы шетелден тікелей инвестиция тарту бойынша жоспарын мүлде орындай алмады. Осы олқылықта «Самұрық-Қазына» қорының да кінәсі бар. Инвестициялық жобаларды әзірлеу мен ұсыну бойынша тиімді жұмыс жүргізілмеді.
Nege.kz тілдескен инсайдерлердің сөзінше, биыл қордың басшысы ауысады. Қордағы трансформация одан күтілген қарқынмен жүрген жоқ. Стагнация белгілері жоғары жаққа ұнамай отыр.