Президент атына Республика күніне орай құттықтау жеделхаттары келіп түсті
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ұлттық мереке – Республика күніне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп жатыр.
Ресей Президенті Владимир Путин жеделхатта Қазақстан әлеуметтік-экономикалық даму жолында нық қадам басып, халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өткен.
– Ресей-Қазақстан байланыстарының деңгейі өте жоғары. Елдеріміз түрлі бағытта табысты ынтымақтастық орнатқан. ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясында тиімді қарым-қатынас жасайды, – деп жазды Владимир Путин.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан қоғамында татулық пен тұрақтылық салтанат құрып, экономика қарқынды дамып келе жатқанына, сондай-ақ халықтың тұрмыс деңгейі жоғарылап, елдің аймақтағы және халықаралық аренадағы позициясы нығая түскеніне тоқталған.
– Қытай тарапы Қазақстанмен саяси ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге, өзара қолдау көрсетіп, даму стратегиясын ұштастыруға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жоғары деңгейлі ынтымақтастықты ілгерілетуге күш-жігер жұмылдыруға дайын, – деп жазған ҚХР Төрағасы.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев құттықтауында Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстанда соңғы жылдары экономиканы қарқынды дамыту және халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін ауқымды жұмыс атқарылғанына тоқталып, елдің халықаралық аренадағы ықпалы мен беделі ұдайы артып келе жатқанына назар аударған.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан экономикалық және әлеуметтік өркендеуде зор табысқа қол жеткізгенін жазған. Сондай-ақ Қырғыз елінің басшысы одақтастық қатынастар мен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растайды.
Президент Эмомали Рахмон Қазақстанмен одақтастық байланыстар Тәжікстанның сыртқы саясатында маңызды бағыт болып қала беретінін жеткізген.
Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов достас екі елдің тату көршілік қарым-қатынасы конструктивті әрі стратегиялық сипатқа ие екенін айтқан. Сонымен қатар Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов те өзінің жылы лебізін білдірді.
Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған бауырлас Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері даму мен өрлеу жолында жеткен табысымен мақтанатынын жеткізген.
– Жалпы адами құндылықтарға арқа сүйеген қарым-қатынасымыздың ерекше сипатына көңіліміз толады. Өзара ықпалдастығымыз екіжақты деңгейде де, көпжақты құрылымдарда, соның ішінде Түркі мемлекеттері ұйымының аясында да қалыпты дамып келеді, – деді ол.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанның барлық саладағы елеулі жетістіктері, экономикалық өсімі, халықаралық беделі мен азаматтарының әл-ауқатының артуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың нәтижесі деп санайды.