Дефолт иісі. ҚТЖ мәселесімен қазір айналыспасақ ертең НЕГЕ кеш болады?
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы тағы да қарыз алып, сол ақшаға бұрынғы қарызын жабумен талайдан бері айналысып келеді. 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша, ҚТЖ 553 миллиард теңге қарыз алып, оның 338 миллиард теңгесін қарыз жабуға жұмсаған.
Қазіргі кезде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының міндеттемелері 3,65 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 2,08 триллион теңге – компанияның ұзақ мерзімді қарызы. Ол 4 миллиард доллар шамасында.
Кесте бойынша соны жыл сайын өтеу үшін «ҚТЖ» кемінде 300-400 миллиард теңге тағы қарыз алуға мәжбүр. Базалық ставка инфляцияға сай жоғары деңгейде болғандықтан, соңғы борыш проценттері де арзан емес. Сондықтан, қарыз алған сайын компанияның қаржылық жағдайы нашарлай түсуде.
Қазір «Қазақстан темір жолының» активтері 5,5 триллион теңге болса да, амортизациялық және әкімшілік шығындары жыл санап тез өсіп барады. Сонымен қатар, теңге бағамының ауытқуы да балансқа шығын болып тиюде.
Биыл компанияның жағдайы тіпті қиындай түсті. Былтыр «ҚТЖ» 9 айда 130 миллиард теңгедей таза табыс көрсетсе, биылғы 9 айда табысы 50 миллиард теңгеге азайып, небәрі 80 миллиард теңгені көрсетуде. Демек, 2024 жылғы нәтижелердің былтырға қарағанда төмен болатынын болжауға болады.
«ҚТЖ» жағдайы қызыл сызыққа жетті. Себебі биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша оның қысқа мерзімді міндеттемелері қысқа мерзімді активтерінен 428 миллиард теңгеге асып кеткен. «ҚТЖ» келесі жылдың жартысына дейін 369 миллиард теңге қарызын төлеу керек. Ал қазіргі тапқаны 80 миллиард теңге ғана.
Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата басшысы Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамына «дефолт алдында тұр» деген баға берген болатын. Ол кезде де «ҚТЖ» алатын қарыздың 45 пайызы оның ескі қарыздарын жабуға жұмсалып жүрді.
Ал қазіргі жағдайы тіпті ушығып барады. Сондықтан алдағы жылдары мемлекет көп шаруаны ысырып қойып, «ҚТЖ»-ны құтқару бойынша жедел шараларға баруы мүмкін.
Ал мемлекет мұны тек қана Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры немесе Ұлттық қор есебінен ғана жасай алады.