Жамбыл облысында дәрігер қателегінен жүкті әйел баласынан айырылып, мүгедек болып қалған
Жамбыл облысы Талас аудандық соты аудандық аурухананы іштегі баласынан айрылып, мүгедек болып қалған әйелге 5 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық өтемақы төлеуге міндетті.
Астана, NEGE. Тергеу нұсқасына сәйкес, келіншек жүктіліктің 10-аптасында аудандық ауруханада «ерте токсикоз» диагнозымен ем алған. Ауыр жағдайына қарамастан, әйел мерзімінен бұрын ауруханадан шығарылған, медициналық көмек толық көрсетілмеген. Көп ұзамай әйелдің жағдайы күрт нашарлап, шұғыл түрде облыстық ауруханаға жатқызылған. Ауруханада медициналық көрсеткіштер бойынша жүктілік тоқтатылып, кейін келіншекке III топтағы мүгедектік тағайындалған.
Осы жайттан кейін Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті аудандық ауруханаға тексеру жүргізген. Тексеру барысында медицина қызметкерлері тарапынан көптеген бұзушылық анықталған. Атап айтқанда, клиникалық хаттамалар сақталмаған, тексерулер мен ем-дом толық көлемде жүргізілмеген, бейінді мамандар тарапынан консультация берілмеген, медициналық құжаттама талапқа сай жүргізілмеген.
«Тексеру қорытындысы бойынша аурухана әкімшілік жауапкершілікке, ал дәрігерлердің бірі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ұсынылған дәлелдемелерді бағалай отырып, сот жол берілген бұзушылықтар мен талап қоюшының денсаулығының нашарлауы арасында тікелей байланыс бар деген қорытындыға келді. Сот келтірілген зиянды өтеу туралы талап қоюды орынды деп тапты», – деп хабарлады Талас аудандық сотының баспасөз қызметі.
Сот шешімімен әйелдің пайдасына 246 мың теңге көлемінде материалдық залал, 5 млн теңге моральдық өтемақы және өкілдің қызметтерін төлеуге жұмсалған 300 мың теңге өндірілді.
Сот шешімі заңды күшіне енді.