5 Желтоқсан 10:48
...

Әкімдер портреті. Қарашөкеев. «Аяғын бұзау баспаған бала»

Жамбыл облысы
Фото: Коллаж NEGE

«Жамбылға таяқ ұстап келгендер тай мініп қайтады» дейтін тәмсілді әулиеаталықтар келген-кеткен әкімдерге қарата айтады. Бақсақ, шынымен де Жамбыл облысына әкім болғандардың көбі өсіп кетіпті. Бірақ, арасында өшіп қалғандары да бар екен...

Шегірткеге «таланған» министр

Уикипедияға сенсек, Ербол Қарашөкеев 1976 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Бір басында бірнеше мамандығы бар көрінеді – экономист, экономика магистрі, құқықтану бакалавры, менеджмент саласының маманы. Еңбек жолын 1998 жылы ҚР Статистика агенттігінің Талдау және конъюнктуралық зерттеулер басқармасының бас маманы болып бастаған ол коммерциялық ұйымдарда, Президент әкімшілігінде, квазимемлекеттік секторда, банкте, қаржы министрлігінде қызмет атқарды. Ал әкімдікке дейін ауыл шаруашылығы министрі болды.

Е.Қарашөкеев тұп-тура екі жыл Ауыл шаруашылығы министрі болды: 2021 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың қыркүйегіне дейін. Қарашөкеевті «қатқан министр болды» деп айта алмаймыз, айта алмайтын себебіміз 2021-2023 жылдар шаруалар үшін қиын болды. Осы жылдары шегіртке шабуылдады, шектен тыс көбейген киік егістіктерді жайпады, құрғақшылық қысты. Ал қарапайым шаруалар министрлік тарапынан қолдау көре алмады.

АШМ
Фото: ғаламтордан

Қарашөкеев киік «сүзіп», шегіртке «талаған» министр ретінде есте қалды. Естеріңізге салайық, 2023 жылы көктем-жазда батыс өңірлерде киіктің саны екі миллионнан асып, шаруаларды зар қақтырды. Қас қылғандай сол жылы шегіртке тағы қаптады. Министрдің әлсіздігі сонда көрініп қалды. «Шегіртке талады» деп бейнелеп отырғанымыз сол.

2023 жылы шегірткемен күреске 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінсе де, шетелдік шегірткенің түр-түрі қазақтың миллиондаған гектар жерін жаулап алғаны министрліктің сылбыр жұмысының салдары емей, басқа не? Министр көп нәрсені үндемей өткізіп жібергісі келген, бірақ депутаттар оған мүмкіндік бермеді. «Республика» партиясының тең төрағасы Айдарбек Қожаназаров министрлікті сойып салды. Депутаттың сынына министр өкпелеп қалды, бірақ көп жайтты мойындауға мәжбүр болды.

«Биыл Қазақстан территориясының 1 584,994 мың га аумағына зиянды шегірте жайылады деп болжап отырмыз. Оның ішінде итальяндық прус – 1 302,251 мың га, азиялық шегіртке – 206,793 мың га, марок шегірткесі – 75,95 мың га», – деген хабарлама таратты АШМ.

Е.Қарашөкеев Ауыл шаруашылығы министрлігінен бұрын ауыл шаруашылығына қатысты «ҚазАгро» холдингін басқарғаны бар. Бірақ ол жақтан үйренгені де шамалы болса керек, министрлікті қатырмады, әйтеуір.

«Болыс болдым, мінеки»

Былтыр 4 қыркүйекте Е.Қарашөкеев Мемлекет басшысының жарлығымен Ауыл шаруашылығы министрі лауазымынан босатылды да, бір күннен соң Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалды.

Қарашөкеевтің Жамбыл облысына әкім боп келуін әулиеаталықтар әртүрлі қабылдады. Салыстырмалы түрде «жас әкімнен» үміт күткендер де болды. Дегенмен көпшілік оны Бердібек Сапарбаевпен, Асқар Мырзахметовпен, басқа да «ірі калибрлі» экс-әкімдермен салыстырып, «әй, осы бала қалай болар екен» деп күдіктеніп жүретін. Сол күдік бекер емес сияқты. Қарашөкеевке дейін әкім болған Н.Нұржігітовті жамбылдықтар «тойшыл әкім» дейтін. Өйткені жыл он екі ай той тойлаудан, лента қиюдан қолы бір босамапты. Қазіргі әкім де келе сала ескі сүрлеуге түсіп алғанын жергілікті жұрт жақтырмай жүр.

Әкім
Коллаж NEGE

Е.Қарашөкеевтің қант қызылшасын министр кезінен «жақсы көретінін» білеміз, Жамбыл облысына әкім боп келе сала «тәтті дақылды» көбейтуге кірісіп кетті. Өткен айда ғана өңірде 600 мың тоннадан астам қант қызылшасы жиналғанын жуырда әкімнің өзі мәлімдеген. Бірақ жамбылдық шаруалар жинаған өнімін өткізе алмай әлек боп жүр.

«Бұған дейінгі әкім пияз егіп пайда табамыз деп, жер-көкке пияз егіп тастаған. Ақырында оны өткізетін жер таппай, босқа шіріп қалды. Ал Қарашөкеев қант қызылшасына қарық қыламын деп егістік көлемін арттырған еді, енді міне, шаруалар өнімін өткізе алмай тағы сенделіп жүр. Бұлан нарықты қашан түсінеді өзі?!», – дейді жамбылдық оқырманымыз.

Былтыр дәл осы уақытта, дәл осы күні Е.Қарашөкеев Астанада брифинг өткізген-ді. Тілшіміз әкімге Тараздың іргесіндегі 2,5 млрд теңгеге салынған, бірақ жұмыс істемей тұрған ет комбинатына қатысты сұрақ қойған. Әкім бұл мәселені білмейтін болып шықты. «Мен сізге бір аптаның ішінде жазбаша жауап берейін», – деп күмілжіген. Одан бері бір жыл өтсе де, жауап берген жоқ.

Осындайда Абайдың «Болыс болдым, мінеки» деген өлеңі еріксіз еске түседі екен...

Әкімнің туыстары немен айналысады?

Е.Қарашөкеевтің өзінің атына тіркелген компания немесе қымбат дүние-мүлік жоқ екені айтпаса да түсінікті. Бірақ туыстарының бизнесі бар екен. Айталық, екі жыл бұрынғы деректерге қарағанда, әкімнің әкесі Шырақбай Қарашөкеев басқаратын «Надежда» деп аталатын өндірістік кооператив жұмыс істейді. Бұл кооператив Алматы облысында дәрі-дәрмек сатумен айналысады.

Ербол Қарашөкеевтің әке-шешесі дәрігерлер екен, әкесі – терапевт, шешесі – педиатр. Қарашөкеевтердің бизнесінде бөтен ешкім жоқ, бәрі туыстар. 2018 жылдан бері компания салық жөніндегі түсімдерін көрсетпегені де көңілге күдік ұялатады.

Документ
Фото: Egov.kz

Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда, Е.Қарашөкеев пен оның туыстарының ауыл шаруашылығына қатысты табысты бизнестері болуы әбден мүмкін. Мұны алдағы уақытта зерттеп көреміз.

Қарашөкеевтің портретін жасау барысында әулиеаталықтарға сұрау салдық, сонда тұрақты оқырмандарымыздың бірі оған «аяғын бұзау баспаған бала ғой, жанында өзі сияқтылар толып жүр» деп баға берді.

Оқырманымыз оның ауыл шаруашылығы саласын жақсы білмейтінін, кабинеттен көп ұзап шыға бермейтінін меңзесе керек, сірә...