Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды

Қазақстан Президенті ШЫҰ-ны дамытудың басым бағыттары жөніндегі көзқарасын жеткізді.
Алматы, NEGE. Ең бірінші басымдық – Ұйым аясындағы стратегиялық серіктестік пен өзара қолдауды нығайту.
– Геосаяси қақтығыстардың ушығуы, технологиялық бәсеке, қаржы-экономикалық санкция, экологиялық және техногенді апаттар белең алған кезеңде ШЫҰ саяси ықпалдастықты кең ауқымда үйлестіруге, халықаралық қоғамдастықтың өзара сенімін нығайтуға, гуманитарлық ынтымақтастық пен өркениетаралық диалогты дамытуға арналған тұрақты алаңға айналуға тиіс. Осы орайда Қытай Төрағасының жаһандық даму, жаһандық қауіпсіздік, жаһандық өркениет және жаһандық басқару жөніндегі бастамаларын оң бағалаймыз. Біз бүгін қабылдайтын ШЫҰ-ның онжылдыққа арналған даму стратегиясын толық жүзеге асыру аса маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәнін атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық терроризм, діни экстремизм, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, киберқылмыс және басқа да деструктивті үрдістер дендеп тұрған уақытта бұл бағыттың мәні арта түседі.
– Халықаралық қауіпсіздікке төнген мұндай сын-қатерлерге, соның ішінде «үш зұлымдыққа» қарсы бірлесіп қана күресе аламыз. Сондықтан Қазақстан ШЫҰ-ның қауіпсіздік сын-қатерлерімен күрес жөнінде төрт орталық құру бастамасын қолдайды. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес арасында іскерлік байланыстарды күшейту маңызды деп ойлаймыз. ШЫҰ елдерін Ауғанстанға гуманитарлық, техникалық көмек көрсетуді жалғастыруға шақырамын. Сол арқылы аталған мемлекетті қалпына келтіріп, өңірлік және экономикалық процестерге қатыстыра аламыз. Қазақстан Ауғанстанның бірқатар инфрақұрылымдық және логистикалық жобаларының құрылысына кірісті. Бұл ШЫҰ мемлекеттері арасындағы өзара байланысты күшейтуге мүмкіндік береді. Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге барлық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үйлестіру үшін аталған Орталықтың әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынамыз, – деді Президент.