«Бишімбаевтар үшін 1 млн доллар түк емес» – Адвокат Ерлан Ғазымжанов
Бишімбаевтар отбасына қатысты тағы бір шу шықты. «Жығылғанға жұдырық» демекші, бұл жолы қысылтаяң кезде «жанашырлық танытпақ» болған туысынан опық жеген көрінеді.
NEGE тілшісіне мән-жайды Бишімбаевтардың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов түсіндіріп берді.
– Ерлан, тағы бір іске қатысты Бишімбаевтар отбасының қорғаушысы болып жүр екенсіз. 1 млн долларға қатысты дау жайында кеңірек айтып берсеңіз. Жалпы, Бишімбаевтар отбасы үшін 1 млн АҚШ доллары көп пе?
– Әрине, көп емес. Олар баяғыдан бизнеспен айналысады. Бұл табысының бір бөлігі ғана шығар. Альмира Нұрлыбекова Кеңес одағы тараған уақытта Қызылорда қаласында мұғалім болып жұмыс істеген. Ол бір алмағайып заман еді ғой. Мұғалімдерге айлық төленбеді. Сондай қиын кезде базарға шығып, Ресейден азық-түлік әкеп сатқан. Тауарды көтерме бағамен сататын қоймасы болыпты. Оған қосымша Қарақалпақстаннан қаракөл терісін әкеп, Ресейге жөнелтіп отырған. Сол кезде-ақ түрлі кәсіп істеп, байи бастаған.
Мұнымен қоса ғимаратты жалға алып, жекеменшік мектеп ашқан. Бұл кейін жекеменшік университетке айналды. Сосын стоматология үшін зертхана ашып, пломба және жасанды имплант сала бастайды. Мұның бәрі бизнес қой. Соның нәтижесінде кезінде «Жылдың үздік кәсіпкері» атағын алған. Кейін Шымкентке көшіп, мұнда да кәсіп көзін тауып, жұмыс істеген.
Қазір олардың Астанада көтерме бағамен сататын тауар айналымы жоғары қоймасы бар. «BAU» мейрамханасында да үлесі болды.
Әкесі – Уәлихан Бишімбаев та 22 жыл ректор, кейін депутат болды. Ал Қуандықтың өзі вундеркинд бала боп өскен, «Болашаққа» өзі түскен. Кейбіреулер «Уәлихан Бишімбаев – Назарбаевтың досы. Баласы соның арқасында өсті», – дейді. Оттаған әңгіме, бәрі өтірік. Олар бір-бірін жақын білмейді де. Биліктің өзі «Болашақ» түлектерін қызметке тартқанда, Қуандық сол кездегі президенттің көзіне түскен. Өзі көтерілді, өзі министр болды. Кейін «кландар соғысы» болып, оған жұмыс істеуге мүмкіндік бермеді. Енді кеп бәрін бұрмалап «Бишімбаевтар кланы» деп айтады. 70-тен асып кеткен екі зейнеткерлер «Бишімбаевтар кланын» құра ала ма? Клан деген екі зейнеткерден тұрмайды ғой?! Әкесі ауырып, бірнеше жылдан бері үйден шықпайды. Альмира Нұрлыбекова күйеуіне қарап, арасында кәсібіне де үлгеруге тырысып жүр.
Демек, «Бұл отбасында мұндай ақша қайдан болады?» деген сұраққа жауап осы. Олар үшін 1 млн доллар түк емес. Жыл сайын декларация өткізген, рәсімдеген. 2016 жылы Қазақстанда мүлікті заңдастыру ісі жүрді. Бәрін заңды түрде жасаған. Қуандық Бишімбаев ер жетіп, лауазымды қызметтер атқарғанға дейін-ақ отбасының әлеуеті осындай болған.
– Жұрттың көкейінде «Онда неге адал еңбекпен жиған ақшаны туысына беруге келісті екен?» деген сұрақ бар.
– Біріншіден, тергеу амалдары жүріп жатқанда Бишімбаевтардың үйіне Бекзат Кемелова келіп (туысы Қайрат Кемеловтің әйелі – ред) «Антикорда жұмыс істейтін күйеубаламнан естіп-білдім, «Қуандықтың туыстарының үйіне тінту жүргізеді екен. Тізімде 30 адам тұр, тек біздің ғана фамилия жоқ» деп айтты. Сондықтан үйіңізде қымбат, бағалы дүниелер немесе ақша болса, бекерден-бекер күйіп кетпесін. Одан да біз алып, сақтап берейік. Керек кезде аласыз ғой...», – деп сендіріп әрі психологиялық қысым жасап, қорқытады. Ең қызығы, ол бұл әрекетін күйеуіне айтпаған көрінеді.
Есіңізде ме, дәл сол уақытта ақпарат құралдарында «Бұлардың бүкіл ақшасын тексеру керек! Бәрін тартып алып қою керек!» деген жазбалар көбейді ғой. Одан кейін Нүкенованың әкесі «Бишімбаевтар байлығын тексеруді талап етемін. Олар ақшаны қайдан тауып жатыр?» деген сарында президентке ашық үндеу жолдаған.
Бұл бар, екінші жағынан әлгі туысының айтқаны бар, Альмира Нұрлыбекова басында тартыншақтағандай болады. Бірақ ойлана келе, туысына сеніп, 1 млн долларын береді. Екіншіден, аяқ астынан доллар өсіп кеткенде жиған-тергені сәл де болса сақталады деп ойласа керек. Содан ешқандай тінту шарасы жүргізілген жоқ. Сот өтіп, Қуандық Бишімбаевқа жаза тағайындалған соң, Альмира несиесін, шығынын төлеу үшін ақшасын сұрайды. Бірақ неге екені белгісіз, күнде «ертең», «келесі апта» деп жүріп, ақыр соңында «Бізде ешқандай ақша жоқ. Біз сіздерге ештеңе бере алмаймыз» деп сөзінен тайқып шыққан.
Содан кейін Бишімбаевтар 2024 жылдың қазан айының басында құқық қорғау мекемелеріне шағым түсірді. Олар «Бишімбаевтар резонанстан қорқады» деген шығар. Қазір «алаяқтық» ісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Бекзат Кемелованың ақшаны алғаны туралы WhatsAPP желісінде жазылған хаттар мен куәгерлер бар.
– Сонда алған ақшаны бір жылдай бермей созып жүрген бе?
– Иә, шамамен 2023 жылы желтоқсан айының 19-ы күні алған. Банк есепшоттарын қарасақ, Кемеловтер ақпан айында екі пәтер сатып алған. Біреуін ЭКСПО қалашығынан алып, сол кезде-ақ жөндеу жұмысын жасап тастаған. Сондай-ақ, бұған дейінгі ипотекаға алған пәтерінің қарызын да жапқанға ұқсайды. Сол аралықта Түркияға, Грузияға демалуға барған. Тіпті, Түркиядан үй сатып алуы немесе бизнес ашуы да ғажап емес. Себебі, 27 тамыз күні тұрмысқа шыққан қызы Инстаграмдағы парақшасына «Босфор бұғазы қандай әдемі!» деп видео салған. Қызын Түркияға бекер ертіп бармағаны анық. Не алса да, қызының атына рәсімдеуі мүмкін. Міне, осының бәрін толыққанды тексереміз.
Бекзат Кемелова тағы ұялмай «Бишімбаевтардың үйіне барғанда, қаптаған блогер жүрді. Олар сот-медициналық сараптама жасайтын эксперт Тахир Халимназаровты да сатып алғысы келді», – деп жалған ақпарат айтқан. Біз Халимназаровтың сараптама жасағанын кейін білдік. Тіпті, біздің қолымызға дайын экспертиза берген жоқ па?! Соны біле тұра Қайрат Кемелов: «Бишімбаевтар экспертизаны Халимназаров жасайтынын алдын ала білді. Сонымен сөйлестіруге адам тауып бер деп айтты», – деп өтірікті суша сапырған. «Сендерді интернетте, әлеуметтік желіде айтып, тағы да ұятқа қалдырамыз» деп кеткен. Міне, соны істеп отыр.
Шын мәнінде, талай жыл пәтер жалдап жүрген Кемеловтер отбасына Бишімбаевтар алғашқы жарнаның ақшасын беріп, ипотекаға үй рәсімдеуге қолұшын созған. Керек кезде көмегін алған отбасы туысы бола тұра, осындай сатқындық, арамдық жасады.
– Қуандық Бишімбаевтың жағдайы қалай? Барып тұрасыз ба?
– Ол Степногорскідегі түрмеде басқалар сияқты жазасын өтеп жатыр. Денсаулығы жақсы, шүкір деуге болады. Екі айда бір рет барып, кездесіп тұрамын. Қазір отбасының бизнесіне, басқа да істеріне көмектесіп жүрмін. Енді көріп тұрсыз ғой, жан-жақтан талаған мародерлер көп. Әке-шешесі кімге сенерін білмей қалды ғой. «Баласы сотталды» деп, онсыз да уайымнан көз ашпаған зейнеткер кісілерді бұлай қорлауға бола ма?!
– Сізді «өзіне «майшелпек» тауып алды» деген пікірді де оқып қалдық. Бұған не дейсіз?
– (Күлді). Айта берсін. Үлкен кісілер кімге айтып, кімнен көмек сұрайтынын білмейді. Жаңа адвокат жалдап, оған бастан-аяқ түсіндіріп жата ма? Бірге жұмыс істеп, адами қарым-қатынас жасап, бір-біріміздің сенімімізге кіргелі біраз болды. Қазір бірдеңе болса, маған хабарласады. Кім біледі, бүгінде алдап кету оп-оңай. Егер алаяққа тап болса ше? Сондықтан адами тұрғыдан көмектесуден бас тартпаймын.
P.S: Бұл іс туралы Уәлихан Бишімбаев: «Біздің қорқатын ештеңеміз жоқ. Өмір-бақи жұмыс істедік. Бәрі заңды. Інім Қайрат Кемеловтің әйелі келіп, жеңгесін қорқытып-үркіткен. Үйде тұрған ақшаны бере салған. Уайымдамасын деп маған айтпаған да.
Кейін ақша керек болғанда, немерелердің алименті, мектебі, сол сияқты шығындарды төлейтін кезде ғана білдім. Содан үйіне барып, ақшаның керек екенін айттық. «Көке, ақшаңызды біреуге қарызға беріп едім. Шетелден келген соң, қайтарамын. Мен намаз оқимын, Құдайға сенемін. «Нан ұрсын» деген еді. Кейін «Ештеңе істей алмайсыңдар, ақша жоқ!» деп шықты. Бірақ сол ақшаға қос-қостан пәтер алғанын білдік.
Қайрат Кемелов – туған бөлем. Шешелеріміз бір әке, бір анадан туған. Кезінде ата-анам «бауырым» деп жанына тартып, көмектескен еді. Міне, туыс ағайынның өзі біздің жағдайымызды пайдаланып, осындай арамдық жасайды деген ойға келмепті. Қазақтың «Табалдырықтан биік тау жоқ, жаман ағайыннан асқан жау жоқ» деген сөзі бар. Осы шындыққа айналғанына көз жеткіздік...», – деді бізге берген пікірінде.