30 Желтоқсан 12:30
...

2024: Экономикалық блокқа қойылған сұрақтар НЕГЕ азаймады?

қаржы
Фото: Фото: Nege.kz

Қазақстан экономикасының 2024 жылғы картинасы екіұдай ой қалдырды. Бір жағынан өсім бар. Екінші жағынан болашақ қатерлер күшейе түсті.

Үкіметтің экономикалық блогы жыл аяғына жақындап қалғанда Ұлттық экономика министрінен айрылды. Оның басты себебі – биыл біз экономикалық жоспарлау сапасының мүлде құлдырап кеткенін көрдік. Салық пен бюджет түсімі бойынша бірде-бір жоспар орындалған жоқ. Түсім көрсеткіштерінің тым оптимистік нотада бекітілгені шығыстар деңгейінің жоғары болуына әсер етті. Салдарынан бюджеттік дефицит ұлғайып, Ұлттық қорға кезексіз қол жүгіртулер жиіледі. Соның қырсығынан биыл Ұлттық қор ойдағыдай өскен жоқ.

премьер
Фото: Nege.kz

Сонымен, экономика тынысы қалай өзгерді?

                                                                 Ішкі жалпы өнім

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі 4,4% болды. Бұл көрсеткіш негізінен шикізаттық емес секторлардың дамуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығында – 13,4%, құрылыста – 10,3%, саудада – 8,2%, көлік және қоймалауда – 8,1%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,3% өсім байқалды. Өнеркәсіп саласында өңдеу өнеркәсібінің тұрақты өсуі (5,1%) тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі өсімнен (0,3%) едәуір озық болды. Өңдеу өнеркәсібінің салалары арасында машина жасау өндірісінің 9,4%-ке, металлургияның 8,3%-ке, химия өнеркәсібінің 5,3%-ке, фармацевтикалық өнімнің 14,8%-ке және жиһаз өндірісінің 28,3%-ке өсуі тіркелді. Демек, 2024 жылы біздің ортақ өсім шамамен 4,4-4,5 пайыз болады. Бұл жаман емес, бірақ Президент қойған межеге кемінде 1,5 пайыз жетпей тұрмыз.

Биылғы жақсы жаңалық – экономиканың мұнайсыз өсуі. Яғни, мұнай бағасы арзандап жатса да, өңдеуші нақты сектор бір орында тұрмай, алға жылжыды.

                                                   Инфляция және макроэкономикалық тұрақтылық

2024 жылы инфляция деңгейі айтарлықтай төмендеді. Қараша айында жылдық инфляция 8,4%-ға дейін бәсеңдеді. Жылды біз 8,5% деңгейінде жабуымыз керек.

                                                        Қаржы және банк секторы

Қазақстанның қаржы секторы 2024 жылы тұрақты даму көрсетті. Банк секторының капиталдандыруы мен активтері өсті, бұл экономиканың нақты секторын несиелендірудің артуына ықпал етті. Ұлттық банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляцияны төмендету мақсатында ақша-несие саясатын қатаң ұстанды. Оның деректеріне сәйкес, жыл басынан бері банктердің жалпы активтері 7,8 трлн теңгеге немесе 15%-ға артып, 59,2 трлн теңгеге жетті. Алайда, бұл өсіммен бірге тәуекелдер де байқалды.

Тәуекелдер несие нарығының тым тез өсуімен байланысты. Банктердің несие портфелі 2024 жылы 5,1 трлн теңгеге (+17%) ұлғайды. Алайда, несие портфелінің сапасы нашарлаған. 90 күн бойы төленбеген проблемалық қарыз көлемі бір жыл ішінде 863,8 млрд теңгеден 1,13 трлн теңгеге дейін көбейді. Яғни бір жылда проблемалық несиелер 30 пайызға өсіп отыр. Түйткілді кредиттер үлесі жалпы несие портфелінде 2,89%-дан 3,22%-ға дейін артты.

pixabay
Фото: pixabay

2024 жыл Қазақстан экономикасы үшін жаман болды дей алмаймыз. Алайда, Үкімет көзге көрініп тұрған бюджеттік дефицит пен сыртқы қарыздың ұлғаюы мәселелері бойынша ешқандай шара қабылдаған жоқ.

Осы қылығына қатысты үлкен сұрақ туындайды. Содан да болар сарапшылар 2025 жылы бұл бағыттағы жағдай жақсы жағына өзгереді деуге батпай отыр.