19 Желтоқсан 11:50
...

Әкімдер портреті. Исабаев. Көш соңындағы «көшбасшы»

Жетісу облысының әкімі
Фото: Коллаж NEGE

Үлкен адамдардың портреті де үлкен, істеген ісіне қарай ауқымды болады. Ал кішкентай адамдардың портреті, сәйкесінше пәстеу, түр-сипатына сай кішілеу келмек...

NEGE Жетісу облысы мен Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев туралы көп жазды. Арнайылап іздеп жазайық демедік, Жетісудың жетістігі мәз емес екенін көз көріп жүр, әкімі де әр нәрсеге сұранып тұрады әрдайым. Сол себепті де жиі жазып жүрміз.

Бай өңірдің кедей тұрғындары

Біз Тәуелсіз Қазақстанның тарихын «Қаңтар оқиғасына дейін және Қаңтар оқиғасынан кейін» деп екіге бөліп қарастырамыз. Бұл бекер емес, 2022 жылдың қаңтарындағы қым-қуыт оқиғалар тарихтың арнасын өзгерткені анық.

Жетісу облысы 2022 жылдың 8 маусымында құрылды. Әкімшілік орталығы – Қаңтар оқиғасы кезінде қатты зардап шеккен Талдықорған қаласы болып бекітілді. Әкімдік ғимараты бүлік кезінде қирап, өртеніп кеткенін білеміз. Осы ғимаратты қайта жасауға байланысты облыс басшылығына қойылар сұрақ көп, бірақ бұл басқа тақырыптың жүгі.

Жетісу облысының әкімі
Коллаж NEGE

Жетісу облысын қайта құру туралы Президенттің жарлығы шыққанда жетісулықтар қуана қойған жоқ, әсіресе, Талдықорғанда қалатын шенді-шекпенділер қатты қамыққанын білеміз. Өйткені «жіліктің майлы басы» Алматы облысына өтті де, Жетісудың еншісі азайып қалды.

Жалпы, Жетісу – Қытай Халық Республикасымен шектесіп жатқан, стратегиялық маңызы мен әлеуеті зор облыс. Сөйте тұра, бұл өңір көш соңында келеді. Биылғы жылдың аяқталуына да санаулы күндер қалды, түрлі зерттеулердің нәтижесі де әне-міне шығып қалар. Ал 2023 жылдың кейбір қорытындысына көз салсақ, жалпы ішкі өнім (ВВП) мен жалпы өңірлік өнім (ВРП) бойынша 17 облыс пен 3 мегаполис арасында Жетісу облысы ең соңғы орында тұр.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне көз жүгіртсек , Жетісу облысында 695,6 мың адам тұрады. Өңірде халықтың табиғи өсімі кеміген. Айталық, табиғи өсім 2023 жылы 7532 адам болса, биыл 6222 адам ғана болған. Табиғи өсім дегеніңіз халықтың әл-ауқатына тікелей байланысты болғандықтан, әзірге Жетісу өңірінен қай саладан болмасын өсім күту бекер.

Тағы да сол «құрғақ статистикаға» қарасақ, 2024 жылдың ІІІ тоқсаны бойынша өңірде 15070 жұмыссыз бар екен. Жұмыссыз ретінде арнайы органдарға тіркелгендердің саны – 13668 адам.

Ұлттық статистика бюросы биылғы жылдың қаңтар-маусым айларындағы жалпы өңірлік өнімнің өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға өскенін көрсетіпті. Бірақ бұған облыс басшылығы қуанбай-ақ қойса да болады, өйткені өсімнің бәрін инфляция жұтып қойып жатыр. 

Тағы да сол статистикаға ден қойсақ, кедейлік деңгейі бойынша Жетісу облысы екінші орында тұр екен. Бейбіт Исабаев үшін бұл – үлкен минус.

Жетісу облысы
Фото: ОҚҚ

Бір бүйірін алып ҚХР «жылытып» жатқан Жетісу облысының экономикалық әлеуеті зор екенін жоғарыда сөз еттік қой, енді жемқорлық жойылып, өңірге іскер басшы келсе екен деп тілеуден басқа амал жоқ.

«Ортақол»

Жыл соңында түрлі-түрлі рейтингтер шығып жатады, оған етіміз де, көзіміз де үйренді. Биыл да талай рейтингті көретініміз анық. Бірақ осы рейтингтердің көпшілігі күмәнді. Өзіңіз ойлап қараңыз, халқының тұрмыс-тіршілігі төмен, кедейшіліктің ар жақ-бер жағында өмір сүріп жатқан өңірдің басшысы әлдебір рейтингте алғашқы орындарда жүрсе, бұған не дейсіз? Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та әлдебір рейтингтерде көбіне-көп алғашқы жетілікте жүреді.

Әкімнің өзі «рейтингтерді жасайтын мен емес қой» деп ақталуы мүмкін, бірақ ондай рейтингтерді кімдердің жасайтыны және қалай жасайтыны ешкімге құпия емес.

Қазақта «ортақол» дейтін ұғым бар, «орташа», «екінші кезектегі», «көптің бірі» дегенді білдіреді. Біздің білуімізше, Бейбіт Исабаев «ортақол әкім» болса керек. Біз рейтинг түзуден адамыз, бірақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы осыған сұранып тұр.

Рейтингтің де түр-түрі болады. Әгәрәки БАҚ-пен тіл табыса алмайтын, журналистерден қорқатын жабық әкімдердің рейтингің жасар болса, сөз жоқ, Б.Исабаев алғашқы бестіктен көрінер еді.

«Чуть-чуть журналист, чуть-чуть дипломат...»

Бейбіт Өксікбайұлының өмірбаянына көз салсаңыз, бастапқы мамандығы журналист екенін көруге болады. ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітірген соң осы салада 1985-1994 жылдары қызмет еткен. 1994-1997 жылдары Шалбай Құлмахановтың тұсында Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды да, одан кейінгі мәнсап жолын дипломатияға арнады.

Жетісу облысы
Б.Исабаевтың Президентті күтіп алған сәті. Фото: ғаламтордан

Айтпақшы Б.Исабаев 2008-2009 жылдары аз ғана уақытқа бастапқы «үйіріне» қайта қосылып, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Президенттің баспасөз хатшысы болды. Одан кейін дипломатияға біржола кеткендей болған. Өйткені шет елдерде елшілік қызмет атқарды.

2019 жылы Қ.Тоқаев Президент болып сайланған соң билікке келген бір топ дипломаттармен бірге Бейбіт Өксікбайұлы да елге оралып, Сенаттан бір-ақ шықты. Ол жәй сенатор болған жоқ, Президенттің Парламенттегі өкілдігін басқарды, Сенаттың әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетіне жетекшілік етті. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан соң Жетісу облысының әкімі болып тағайындалды. Осыдан-ақ Мемлекет басшысының оған зор сенім білдіргенін байқауға болады. Сол сенім ақталды ма?

Жетісудағы тілі тас жаратын әріптестеріміз облыс әкіміне «чуть-чуть журналист, чуть-чуть дипломат» деп ат қойып, айдар тағып алыпты. «Чуть-чуть журналист» дегені – Бейбіт Өксікбайұлының журналистика саласында көп жұмыс істемегенін меңзегені болса керек. Ал енді «чуть-чуть дипломат» деген лақап ат оған журналистер алдында «Жаңа Қазақстанның қандай болатынын білмеймін, оның фотосын маған ешкім көрсеткен жоқ» деп қойып қалып, қазіргі биліктің басты идеологиясын дискредитация жасағаннан кейін таңылған көрінеді.

«Чуть-чуть...» деп басталатын анықтамаға біз «чуть-чуть әкім» деп қостық. Мұнымызға Бейбіт Өксікбайұлы өкпелей қоймас, өкпелеу – дипломатқа жараспайтын қылық. Ал енді алда-жалда Жетісу облысы барлық көрсеткіштер бойынша алға шықса, «чуть-чуть» деген сөзді «нағыз» деген сөзбен алмастыруға әрдайым дайынбыз.

Бірақ бұған Бейбіт Өксікбайұлы үлгере қояр ма екен?..