Әкім Бейбіт ИСАБАЕВ Мемлекет басшысын НЕГЕ қылжақ етіп жүр?
Жетісу облысының әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ баспасөз жиынын өткізіп, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берді.
Құрылғанына бір жылдан енді асқан Жетісу облысында бірқатар шулы оқиғалар болып үлгерді. Талдықорған қалалық білім бөлімінің есепшісі миллиардтаған теңге жымқырғаны анықталып, есепші мен орынбасары және білім саласына қатысы бар тағы бірнеше қызметкер қамауға алынды.
Облыстық қоғамдық даму басқармасы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Ә.Оралов суицид жасады. Бұл туралы егжей-тегжейлі жазғанбыз. Біздің сұрауымызға құзырлы органдар «Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр» деп қана жауап берген.
Жуырда Талдықорған қаласы Полиция департаментінің басшысы 27 жастағы қызды зорлады деген күдікке ілініп, қамауға алынды.
Бұл аз десеңіз, үш жыл бұрын әйеліне пышақ жарақатын салып, айыпты деп танылған Жомарт ҚАРАТАС жақында Халық шығармашылығы орталығына директор болып тағайындалыпты.
«Осы оқиғалардан кейін қоғамдық даму саласына тікелей жауапты орынбасарыңыз Рустам ӘЛИДІ қызметінен НЕГЕ босатпадыңыз? Әлде Жетісу облысында кадр тапшы ма? Жалпы, облыстағы моральдық ахуал қандай?» – деген сұрақты тілшіміз төтесінен қойды.
Ет пісірім уақытқа жуық қамшы салдырмай сыдырта сөйлеп келе жатқан әкім NEGE тілшісі сұрақ қойғанда кідіріп қалды. Терең күрсінгені де байқалды.
Облыс әкімінің өзіне қатаң сөгіс беру керек пе?
– Сіздің сұрағыңыз орынды екенімен еріксіз келісуге мәжбүрмін. Талдықорған қаласы Білім басқармасында мұғалімдер мен есепшілердің «4 млрд-тан астам мемлекет қаржысын жымқырды» деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оннан аса адам қазір қамауға алынған. Оның ішінде Талдықорған қалалық Білім басқармасының басшысы мен оның көмекшілері, бірнеше мектептің есепшісі бар.
Фото: ОКҚ
Сондықтан бұл мәселеге қатысты біз тексеру жұмыстарын жүргіздік. Талдықорған қаласы бойынша, әзірге сотқа дейін айтайық, «бюджет қаражатын азды-көпті тиімсіз мақсатта жұмсады» деген 23 мектеп бойынша деректер анықталды. Облыс пен қала әкімдігінің тарапынан 7 мектептің 5 директорын жұмысынан босаттық, екеуі басқа аймаққа көшуіне байланысты өз еркімен орынын босатты, тағы екі мектеп директорына қатаң сөгіс берілді. Ал мемлекет қаржысына келген зиянның көлеміне байланысты мектеп директорының осы уақытта жұмыс істеген-істемегені, бұрынғы жұмыс орнындағы жұмысының сапасына байланысты қалған мектептің директорларына ескерту бердік.
Екіншісі, ішкі саясат басқармасындағы өзіне-өзі қол жұмсап қайтыс болған азаматқа байланысты біз мемлекеттік қызмет этикасы бойынша омбудсменмен бірге, сол кісінің басқаруымен осы мәселеге қатысты арнайы комиссия шығарылып, тексерілді. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының тікелей қатыстылығы анықталмады.
Облыстық Полиция департаменті осыған қатысты қылмыстық іс қозғады. Алматыға жібердік, сараптама жүріп жатқанына екі айға жуықтады. Жаңа жылға дейін жауабы белгілі болады. Бірақ біз өз тарапымыздан облыстық ішкі саясат бөлімінің басшысына қатаң сөгіс жарияладық. Рустам Әлиге де қатаң сөгіс берілді.
Әрине, облыс басшысы ретінде маған ол отставкаға кету жөнінде арызын берді. Бірақ мен қатаң сөгіспенен шектелдім. Бір жылдан аса істеген азамат және бұл аталған фактілер осыдан 3-4 жыл бұрын басталған. Ол кезде облыста жұмыс істемеген. Негізі заңбұзушылықтардың барлығы 2019-2020-2021 жылдары және 2022 жылдың ортасына дейін жасалған. Рустам Әли 2022 жылдың күзінде ғана келген. Сондықтан мен қатаң сөгіс берумен ғана шектелдім.
Жомарт Қаратас пен Рустам Әли. Фото: 7su.ocnt
Талдықорған қаласы Полиция департаменті басшысы қыз зорлады деген күдікпен 2 айға қамауға алынды. Бұл жерде менің айтатын сөзім жоқ. Ақталмаймын. Қоғам сенген, тәртіпті қамтамасыз етеді деген мемлекеттік құқық қорғау органының басшысы осындай әрекетке барса, онда заңның барлық талаптарына сай жауапқа тартылуы керек.
Ұят! Ауыр! Қынжыламыз! Полиция қатарында мұндай адамдар болмауы керек. Біздің облысымызға осыдан он күн бұрын, Ішкі істер министрі келіп, қызметтік тексеру жүргізді. Облыстық полиция департаментінің басшысы мен екі орынбасары қызметінен босатылды. Қалған екі орынбасарына «қызметтік лауазымына толық сай емес» деген ұйғарым жасалды.
Қазір облыстық Полиция департаменті басшысының міндетін атқаруға жаңадан азамат келді. Ал қалалық Полиция бөлімінің басшысына адам қарастырып жатырмыз. Офицерлік құраммен және жалпы құраммен қаланың да, облыстың да Полиция департаментерінің құрамдарымен министр екеуміз жеке кездесу өткіздік. Бір сөзбен айтқанда, жағымсыз әңгіме болды.
Қазақ айтады ғой, «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп, осы фактіге байланысты полиция қатарында тек қана осындай адамдар жұмыс істейді деп ой түю әділеттілік болмайды, – деп Бейбіт Өксікбайұлы ентігіп тоқтады.
Жетісу облысындағы моральдық психологиялық жағдайға әкім баға берген жоқ. Анығында, бере алмаса керек. Жағдай онсыз да түсінікті ғой. «Әйеліне пышақ жұмсаған адамның жауапты қызметке тағайындалуы» туралы әкім мүлдем жақ ашпады. Әйелге қол жұмсау – дәл қазір күйіп тұрған шетін мәселе, ал әкім мұны қалыпты жағдай санайтын сияқты.
Қош, Бейбіт Өксікбайұлы әлгіндей оқиғалардан соң қарамағындағы екі адамға қатаң сөгіс берумен шектеліпті. Ал енді өңірде болып жатқан жағдайға әкім жауапты ма? Әрине, ең бірінші жауапты адам – әкімнің өзі. Ендеше, әкімге де қатаң сөгіс берілуі тиіс емес пе?
Жөнсіз қылжақ, орынсыз қалжың әкімге жараса ма?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ былтыр 16 наурыздағы Жолдауын «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» деп атаған. Биыл жазда Талдықорғанда өткен көшпелі брифингте облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының: «Жаңа Қазақстанның бет-бейнесі қандай болатынын мен білмеймін. Оның фотографиясын ешкім көрсеткен жоқ бізге», – деген.
Көшпелі брифинг, 2022 жылдың 13 маусымы. Фото: ғаламтордан
Осыған орай біздің тілші әкімге бүй деп сұрақ қойды: «Одан бері біраз уақыт өтті. Мемлекет басшысы Жолдауында айтқан «Жаңа Қазақстанның» не екенін түсіндіңіз бе?».
Бейбіт Өксікбайұлы тағы састы. Жымиғаны ма, ашуланғаны ма, әйтеуір, езу тартқандай болды.
– «Чувство юмора» дейді ғой, мен оны образды түрде айттым. Фотографиясын көргем жоқ, бірақ әрине, мен «Жаңа Қазақстанның» қолға алып жатқан әлеуметтік-экономикалық саяси реформалардың мақсатының не екенін, алға қойған міндеттерінің қандай екенін жақсы білемін. Сондықтан мен образды айтқан сөзімді сіз тікелей қабылдап қалыпсыз, – деп ақталғандай болды.
Әкімнің «чувство юморасы» біртүрлі екен. «Жаңа Қазақстан» – қазіргі биліктің даму платформасы, Мемлекет басшысы ұсынған жаңа Қазақстанды құру идеясы. Ал енді «фотографиясын көргем жоқ» деп Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты қылжаққа айландыру... (Қылжақтау – орыс тіліне аударғанда «паясничать», «балагурить», «неуместно шутить» деген сөз).
«Фотографиясын көргем жоқ» дегенді бүгін тағы айтты. Сондықтан әкімге кеңес бергіміз келіп отыр: Жаңа Қазақстанның фотографиясын көргіңіз келсе, Президент Тоқаевтың портретіне үңіліңіз, Бейбіт Өксікбайұлы!