2 Ақпан 18:20

Банктер банкетке келгенде. НЕГЕ зейнетақы қаржысына банктер де қызығып отыр?

Фото:

Отбасы банктен бөлек БЖЗҚ қаржысын шешіп алу үшін арнайы шот ашуды «Халық банк», «ЦентрКредит» пен «Altyn bank» сынды қаржы ұйымдары бастап кетті. Оларға бұдан қандай пайда бар?

Іс жүзінде бұдан кіріс көрудің үш жолын келтіруге болады.

  • Арнайы шот операцияларына комиссия салу;
  • Шотта қордаланған ақшаны қысқа мерзімді қазынашылдық операциялар арқылы айналдыру;
  • Клиенттердің қаржысын өз ипотекасына алғашқы жарна ретінде тарту.

Бірінші пунктке қатысты, «Отбасы банк» арнайы шотқа байланысты операциялардан ешқандай комиссия алмайтын болғандықтан, басқа банктер де комиссия енгізбейді деп болжауға болады.

«Комиссиядан көп пайда таппайсыз және ол халықтың наразылығын туғызып, банктің беделін төмендетеді», - дейді, Nege.kz шолушысына түсініктеме беріп, атын атамауды өтінген осы іске қатысы бар маман.   

Осыған орай Nege.kz «ЦентрКредит Банкі», «Altyn bank» пен «Халық банкке» ресми сауал жіберген болатын. «Altyn bank» биыл 25-ші қаңтарда банк пен БЖЗҚ арасында келісімге қол қойылғанын хабарлап, қазір ақпараттық жүйелерді интеграциялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын, ішкі ережелер қабылданбағандықтан арнайы шоттың шарттарын жария ете алмайтындығын жеткізді.

Ал "ЦентрКредит" банкі ипотека бағытының жетекшісі Ербол Дүйсебаев бізге берген жауабында арнайы шоттарды ашу, жүргізу және аудару үшін комиссиялар жоқ екенін, барлық операциялардың ақысыз болатындығын растады. «2 ақпан күнгі жағдай бойынша 1712 арнайы шот ашылды. Қазіргі таңда БЖЗҚ-дан аударымдар болған жоқ», - деп хабарлады, банк өкілі.

«Банктің уәкілетті оператор ретінде жұмыс істеуінің экономикалық негізі - азаматтармен өзара байланыс орнату арқылы потенциалды клиенттік базаны кеңейту болып табылады»

Демек ЦентрКредит осы шара арқылы клиенттер санын ұлғайтуды көздеп отырғанын айтып отыр. Бірақ арнайы шоттағы азаматтардың қаржысын түрлі қазынашылдық операцияларға қолдануға тиым салатын бап жоқ. Сондықтан, банк өзінде жатқан ақшаны қалай айналдырса да құқылы.

«Банктер қысқа мерзімді, мысалы, бір апталық РЕПО мен овернайт операцияларын пайдаланып, халықтың зейнетақы ақшасын айналдырып алатындығына еш күмән жоқ. Бұл жерде кірістілік шамамен жылдық 7% айналасында болуы мүмкін», - деп жалғастырады, Nege.kz дереккөзі. «Әсіресе басқаларға қарағанда оператор ретінде жұмысын ертерек бастаған Отбасы банкінің пайда табуға мүмкіндігі мол».

Фото: kelesakimat.gov.kz

«Теория жүзінде банктер БЖЗҚ-дан алынған қаражатты қысқа мерзімді операцияларға қолдана алады. Бұл - бір аптаға дейінгі банкаралық несиелер», - дейді, Nege.kz шолушысына жағдайды түсіндірген қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.

«Бірақ менің ойымша оған банктер бәлендей қызығушылық танытып отырған жоқ. Бұл жерде керісінше мемлекет ірі банктердің филиалдық мүмкіндігін пайдаланғысы келіп отыр деп айтуға болады»

Қалай болғанда да, қаржы нарығы осы екі аптаның ішінде 1 триллион теңге ликвидті ақшаға көмелмек. Бірақ ол ипотека портфелін тең жартысына дейін қысқартып, банктерді болашақ проценттік табыстан айыратын болады.

Өз кезегінде, оның өтеуі ретінде банктер қазіргі ликвидтен пайда табуға ұмтылатыны түсінікті.

Тегтер: