28 Қараша 11:35
...

Қарыз бастан асса да... «RBK банк» тиынына Ким НЕГЕ қол сала береді?

Ким
Фото: Фото: Nege.kz

Bank RBK мемлекетке әлі 214 миллиард теңге қарыз. Бұл – негізгі борышы ғана. Ал барлық мерзімге есептелген проценті 58,8 миллиард теңге. Онымен қосқанда шамамен 273 миллиард теңге шығып тұр.

Мемлекетке бір демде мұндай көлемдегі қарызды қайтаруға тек «Халық банкінің» шамасы жетті. Ал «RBK банкінде» ондай жағдай жоқ. Баланста мемлекеттік борыш жатқандықтан, банктің негізгі акционері әрі «Ескі Қазақстан» олигархы Владимир Ким кірістен толыққанды дивиденд ала алмай келеді.

Ким
Фото: Nege.kz

2017 жылы дефолт алдында тұрған «RBK банк» мемлекеттен 15 жылға 4% мөлшерлемемен 243,7 миллиард теңге алған болатын. 2022 жылдың қорытындысы бойынша банк кіріс алып, одан мемлекетке 12,94 миллиард теңге қайтарды.

Ал 2023 жылдың нәтижесінде банк 50 миллиард теңге таза пайда көрді. Одан 25,2 миллиард теңгені дивиденд ретінде жариялады. Осы дивидендтің 66 пайызын, яғни 16,6 миллиард теңгені «RBK банкі» мемлекетке қайтарды. Сонда акционерлерге 8,6 миллиард теңге қалды.

Банктің 89,79 пайыз акциясын «КСС Финанс» холдингі арқылы Владимир Ким ұстап отырғандықтан, оған 7,72 миллиард теңге бұйырды. Ал қолында 6,49 пайыз акция бар, «RBK банкінің» басқарма төрайымы Наталья Акентьеваға 880 миллион теңге дивиденд тиген сияқты. Ол үшін бұл да жаман емес. 2022 жылғы жұмыс нәтижесінде Владимир Ким 5,5 миллиард теңге алса, Наталья Акентьева 400 миллион теңгені місе тұтқаны есте.

Ким
Фото: Nege.kz

Биылғы жылдың 9 айында Bank RBK таза кірісі 43,68 миллиард теңгені көрсетіп тұр. Былтырғы 9 айдағы көрсеткіші 33,43 миллиард теңге болатын. Соған қарап, біз банктің биылғы таза кірісі 50 миллиард теңгеден асып кететінін, тіпті 60 миллиардқа жетіп қалатынын нық сеніммен айта аламыз.

Басты сұрақ мынау: 60 миллиард теңге кірістің қанша пайызын банк дивидендке бағыттайды? 60 пайыздан кем болмайды деп батыл болжап көрсек, онда 36 миллиард теңге бөлінеді деп топшылай аламыз. Осы 36 миллиард теңгенің 66 пайызы, яғни 23,7 миллиард теңге мемлекетке қайтуы тиіс.

Бұл қарқынмен негізгі қарыз 214 миллиард теңгені мемлекетке толық өтеп шығу үшін «RBK банкіне» 9 жыл қажет болады. Одан бөлек, осы мерзімге дейін проценттердің өзі 58 миллиард теңгеге шығатынын ескеруіміз керек. Сондықтан Bank RBK үшін таза табысты акционерлерінің құлқынына құя бермей, барынша мемлекеттік борышты өтеуге бағыттап отырған жөн.