10 Сәуір 13:45

Қамыттан қашу. Банктер НЕГЕ қарызынан құтыла бастады?

Банки
Фото: Фото: Nege.kz

«Халық банкі» мемлекетке 250 миллиард теңге қарызын толығымен қайтарды. Енді Тимур мен Динара Құлыбаевтар осы жазда банктен шамамен 241 миллиард теңге дивиденд шығара алады. Jusan bank те «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына мерзімінен бұрын 100 миллиард теңгені қайтарып берді. НЕГЕ?

Кезінде мемлекеттен көмек алған банктер оны қайтаруға асықпағандықтан, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өте тиімді мотивациялық шешім қабылдаған болатын. Арнайы ереже аясында, балансында мемлекет көмегі жатқан банктер өз акционерлеріне дивиденд төлей алмайды.

Осылайша, дивидендтен айрыла бастаған банк қожайындары мемлекет қарызын тез қайтаруға демде мүдделі болып қалды. 2015 жылы «Казкомды» банкроттықтан сақтап қалу үшін мемлекет «Проблемалық кредиттер қоры» арқылы банк капиталына 250 миллиард теңге құйған болатын. «Казком» небәрі 2 теңгеге «Халық банкіне» сатылғаннан кейін, осы мемлекеттік көмек «Халық банкінің» балансына өтті. 2023 жылы банк ол қарыздың 68,4 миллиард теңгесін, ал биылғы сәуірде 181,6 миллиард теңгесін қайтарып, балансын толық тазалап шықты. Еліміздегі ең ірі банкте 2,5 триллион теңге үлестірілмеген кіріс қордаланғанын ескерсек, олар үшін 250 миллиард теңгені қайтару бәлендей қиын болған жоқ.

Тимур
Фото: Nege.kz

Енді «АЛМЭКС» холдингі арқылы «Халық банкінің» мажоритарлы акционері (69,5%) болып отырған Тимур мен Динара Құлыбаевтар және басқа да акционерлерге 2023 жылдың дивидендін еш кедергісіз алуға болады. Мемлекет тарапынан шектеу жоқ.

«Қазақстанның Халық Банкі» АҚ 2023 жылғы шоғырланған қаржылық есебіне сай таза табыс 693,4 миллиард теңгеге шыққан. Осы пайдадан дивиденд үлестіру үшін банк 25 сәуірге акционерлердің жалпы жиналысын шақырып отыр. Онда дивидендтерді маусым айында төлеу мәселесі қарастырылмақ. Банк акционерлерге жазған хатында «егер жағдай тұрақты болса, биылғы жылдың екінші жартысында өткен жылдардан қалған пайдадан тағы да дивиденд төлейтінін» жазады. Сонда, 2023 жылғы шоғырланған табыстың тең жартысына жуығы дивиденд төлеуге бағытталуы мүмкін. Бұл шамамен 347 миллиард теңге. Оның 241 миллиард теңгесі Құлыбаевтарға төленеді.

Народный Банк
Фото: "Қазақстанның Халық Банкі" АҚ 2023 жылғы шоғырланған аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Deloitte

Jusan bank қожайыны Ғалымжан Есеновке де дивиденд керек. Сондықтан банк «Самұрық-Қазына» қорына мерзімінен бұрын 100 миллиард теңгені қайтарып берді.

Бірақ одан бөлек, Jusan bank-тың мемлекет алдында кемінде 500 миллиард теңге қарызы бар. Сондықтан, толық дивиденд алу үшін Ғалымжан Есеновке әлі де біршама тер төгуге тура келеді.