15 Мамыр 17:00
...

Дивиденд кимге бұйырады? Bank RBK иелері НЕГЕ 2032 жылға дейін қуана алмайды?

Ким
Фото: Фото: Nege.kz

Кимдер жарысында жеңіліп, Форбс тізімінде төмен түсіп қалған олигарх Владимир Кимге қарасты Bank RBK акционерлік қоғамы 2023 жылды сәтті аяқтап, таза кірісін 50 миллиард теңгеге дейін жеткізді. Бұл банктің 2022 жылғы кірісінен 12 миллиард теңгеге артық.

Бірақ Владимир Ким екі жылдан бері табысының қызығын дұрыс көре алмай жүр. Себебі, оның өндіріп дивиденд алуына мемлекет шектеу қойған. 2017 жылдары мемлекеттен көмек алған Bank RBK осы қарызды толық қайтарған жағдайда ғана акционерлер толық дивиденд ала алады.

Ким
Фото: Nege.kz

2017-2018 жылдары қиындыққа тап болған Bank RBK облигация орналастыру арқылы мемлекеттен 15 жылға 243,7 миллиард теңге қаржылай көмек алған болатын. Қазіргі график бойынша 2032 жылы осы қарызын толық өтеп бітуі тиіс. Қазірге дейін банк осы соманың тек 49 миллиард теңгесін мемлекетке қайтарды.

Баланста мемлекеттік көмек жатқандықтан, қазір банк дивидендтердің 66 пайызын мемлекетке беріп, қалғанын өз акционерлері арасында үлестіруге көшті. Былтыр жаз айында 2022 жылдың қорытындысы бойынша 19,1 миллиард дивиденд төленсе, соның 66 пайызы, яғни 12,9 миллиард теңге мемлекетке аударылды.

Қалған 6,2 миллиард теңгенің 5,5 миллиард теңгесін «КСС Финанс» холдингі арқылы банктің 89,7% акциясын иеленіп отырған Владимир Ким, 400 миллион теңгесін қолында банктің 6,49% акциясы бар басқарма басшысы Наталья Акентьева алды.

2022 жылы таза пайданың тең жартысын дивиденд ретінде төленгенін ескерсек, биыл 2023 жылдың қорытындысында 49,5 миллиард теңге табыстың кемінде 25 миллиардына дивиденд жариялануы мүмкін. Ол кезде мемлекетке 16,5 миллиард теңге қайтпақ және Владимир Кимнің қарызы 178,2 миллиард теңгеге дейін азаяды.

РБК Банк
Фото: "Bank RBK" АҚ 2023 жылғы аудиттелген қаржылық есебі. Аудитор: Ernst&Young

Bank RBK табысы өсіп жатса да, Владимир Кимнің жағдайы аса мәз емес. Ол Қазақстандағы ең бай олигарх мәртебесінен айрылып, Форбс есебі бойынша байлығы 1 миллиард долларға қысқарды. Қазір ол отандық тізімде Вячеслав Ким, Тимур мен Динара Құлыбаевтарды алға жіберіп алды.

Эдуард Огаймен бірлесіп иелік ететін, мысты барлау мен өндірумен айналысатын «Aidarly Project» компаниясы 2023 жылы 3,2 миллиард теңге шығынға батты. Ал Ресей олигархы Олег Новачук екеуі басқаратын «Баимская» тау-кен кешені АҚШ санкцияларына іліккен. Демек, болашақта «Баимская» бағыты бойынша Владимир Ким үшін қосымша қиындықтар туындауы мүмкін.

Тек банк пен «Қазақмыс» корпорациясында бәрі жақсы. Банк туралы жоғарыда айттық. Ал «Қазақмыс» 2023 жылы акционерлеріне 109 миллиард теңге таза кіріс әкелді.