10 Желтоқсан 14:20
...

Мемлекетке қарыз емес. Halyk Bank НЕГЕ енді тек акционерлерін байытатын болады?

Кулибаев
Фото: Фото: Nege.kz

2024 жылы «Қазақстанның Халық банкі» акционерлік қоғамы өз қожайындарына 2023 жылдың таза табысынан 381,6 миллиард теңге төлейді. Оның қалған 104,2 миллиард теңгесін Тимур Құлыбаев бастаған акционерлер осыдан екі күннен кейін алмақ

Биыл Halyk тобы мемлекет алдындағы 250 миллиард теңге қарызын толықтай өтеп біткен болатын. Енді акционерлері үшін таза пайдадан дивиденд алуға еш кедергі жоқ. Сол себепті, банк жылына бір рет емес, екі рет дивиденд төлеуге шешім қабылдады. 2023 жылы Halyk тапқан 647,2 миллиард теңге таза пайдадан биылғы жылдың жартысында 277,4 миллиард теңге дивиденд төленген еді. Енді екінші транш аясында акционерлерге 104,2 миллиард теңге аударылады.

Кулибаев
Фото: Nege.kz

Halyk банкінің 56,39% акциясы Тимур мен Динара Құлыбаевтарға тиесілі. Олар банктің негізгі пакетін «АЛМЭКС» холдингі арқылы бақылап отыр. Сонда биыл төленетін 381,6 миллиард теңге дивидендтің 215 миллиард теңгесі Тимур Құлыбаевтың қолына тиетін болады.

Жыл санап, Халық банкінің өз акционерлеріне көбірек пайда шығарып беруге талпына бастағанын байқаймыз. Биыл таза пайданың 59 пайызы дивидендтерге бөлінді. Бұл өзінше рекорд. Себебі, 2022 жылғы табыстан Halyk Bank өз акционерлеріне 276,5 млрд теңге, яғни таза пайданың 51 пайызын төлесе, 2021 жылғы табыстың тек 30 пайызы ғана дивиденд ретінде қарастырылған еді.

Кулибаев
Фото: Nege.kz

Біздің есебімізше, биылғы жылдың нәтижесінде банктің таза пайдасы 700 миллиард теңгеден кем болмауы тиіс. Және келесі жылы дивидендтің таза пайдадағы үлесі 63-64% деңгейінде болуы ықтимал. Демек, келесі жылы Тимур Асқарұлын кем дегенде 252 миллиард теңге приз күтіп тұр.

2022 жылы Тимур Құлыбаев өзінің біраз активтерінен құтылды. Кейбірін сатты, кейбірін «Жаңа Қазақстан» қайтарып алды. Қазір мамандарды «олигарх мұнайгаз секторынан біржолата кетіп, тек банк секторында қала ма?» деген сұрақ қызықтырып отыр. Онда келесі жылы «Каспий мұнай» компаниясына қатысты жаңалықтарды естуіміз мүмкін.

Банк секторы – Тимур Асқарұлы үшін ең проблемасыз, үздіксіз кіріс әкеліп отырған сала. Мұнайгаз сияқты апатты, өндірістік дауы жоқ, тыныш жұмыс істейтін сектор қазір олигарх үшін тоннельдің соңындағы жарық сәуле іспеттес. Сондықтан Кулибаев банк үшін күресте барын салатыны анық. Ол үшін қиын да бұлыңғыр 2025 жыл келе жатыр.