Секциялар мен үйірмелерге қатысуды бақылау үшін Face ID-ге енгізу жыл соңына дейін аяқталады – Ерболат Досаев
Алматыда жыл соңына дейін «Даму бала» бағдарламасымен айналысатын балаларға арналған Face ID енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді.
Алматы, NEGE. Әкімнің айтуынша, қаланың қоғамдық кеңесімен бірлесіп, секциялар мен үйірмелерге мониторинг жүргізілген. Оның барысында «Даму бала» бағдарламасы бойынша қызмет көрсететін кейбір жауапсыз жеткізушілер анықталған.
«Міндетіне салғырт қарайтын жеткізушілер біздің балаларымызды, ата-аналарымызды алдап отыр, ал ата-аналардың көбісі бұған келісе береді. Біз Алматы қаласының Қоғамдық кеңесімен бірлесіп ауқымды жұмыс жүргіздік, көптеген мекемені аралап, осындай қызметтің бүгінгі жағдайын көрдік. Шығармашылық үйірмелер, спорт секцияларын, барлығының жағдайын қарап шықтық», – деді қала басшысы журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Ерболат Досаевтың айтуынша, секциялар мен үйірмелерге қатысуды бақылау үшін Face ID жүйесін енгізу жыл соңына дейін аяқталады.
Бағдарламаны қаржыландыруға қатысты әкім бұл көрсеткіш 2025 жылы биылғы деңгейде сақталатынын атап өтті. Қазіргі уақытта бюджет қаладағы 8 аудан арасында бөлінген. Сонымен қатар, балалар санының төмендеуі байқалып отыр. Осыған байланысты 2025 жылы кезекте тұрған балалар бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
«Біз ваучерлердің мерзімсіз болмауы туралы жаңа ережелерді бекіттік, яғни бір адамдардың оларды қайта-қайта пайдалануына жол берілмейді. Осылайша, кезек үнемі жаңартылып отырады», – деді әкім.
Сонымен қатар, қала басшысы сапалы қызмет көрсетушілерден жақсы пікірлер түсіп жатқанын айтты.
«Жауапсыз жеткізушілермен келісімшарттарды бұзамыз. Оларды міндетіне салғырт қарайтын жеткізушілер тізіміне енгізу қиын, өйткені олар мемлекеттік сатып алу қатысушылары емес. Қазір біз бұл мәселені шешіп жатырмыз, осылайша оларды бағдарламаға қайта жібермеу тетігін қарастырамыз», – деді Ерболат Досаев.