«ҚазАвтоЖолдың» НЕГЕ көктайғаққа шамасы жетпей отыр?
Әлеуметтік желіде Жезқазған-Қызылорда тас жолын көк мұз басып жатқан видео тарады. Аталмыш жолда көлік түгілі, адам тайғанақтап жүре алмайды.
Көлік иелері жолдың жағдайына шағым айтып жатыр.
«Біз Жезқазған-Қызылорда тас жолының бойында тұрмыз. Бұл жол «ҚазАвтоЖолдың» балансында. Демек, өздеріңіз көріп отырғандай, «ҚазАвтоЖол» тек жол ақысы мен айыппұл жинаумен ғана айналысады. Көрдіңіз бе, бұл жол тайғақ, яғни пайдалануға жарамсыз. Құм себілмеген, көлік иелеріне ешқандай жағдай жасалмаған. «ҚазАвтоЖол» қайда қарап отыр деген сұрақ туындайды», - дейді видео авторы.
Бұл жол «ҚазАвтоЖолға» қарайды. Дер кезінде бұл мәселе шешіліп, құм, тұз себілмеуіне не себеп?
NEGE тілшісі аталмыш сұрақты Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашевқа қойды.
«Ол видеоны көрдік. Жалпы, Қызылорда-Жезқазған нысанының ұзындығы – 423 км. Ол жерге мердігерлер жұмылдырылған. Қазіргі таңда Ұлытау облысында жұмыстар басталды. Өздеріңіз білесіздер, өткен демалыста қар аралас жаңбыр жауды. Заң бойынша, толық күтіп ұстау жұмыстарымен мердігерлер айналысады. Қазір келісімшартқа сай мердігермен жұмыс атқарып жатырмыз. Бұл жағдайға байланысты мердігерге қосымша айыппұл саламыз», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы.
Алдыңғы брифингте Дархан Иманашев ыстағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 63 мың тонна техникалық тұз, 104 мың текше метр құм, 172 мың текше метр қиыршық тас қалдығы, 1,2 мың тонна химиялық реагент дайындалғанын айтқан. Былтырғы жылмен салыстырар болсақ, көктайғаққа қарсы материалдың көлемі 3 есе ұлғайған. Десе де, халық жолдың көк мұз болып жатқанын айтып шағымдануда. Көктайғаққа қарсы материалдардың көлемін ұлғайтқаннан не себепті нәтиже жоқ?
Басқарма төрағасы бұл жағдайды техниканың тапшылығымен түсіндірді.
«Өткен жылға қарағанда көктайғаққа қарсы материалдардың санын 3 есе көтердік. Бірақ, техниканың тапшылығы себебімен осындай мәселелер туындап жатыр», - деді Дархан Иманашев.