28 Қараша 14:55
...

Жеп қойған сияқты. Кәрім Мәсімовтің құда баласына іздеу жарияланды

Антикор
Фото: Коллаж NEGE

Ресейдің Ішкі істер министрлігі К.Мәсімовтің туған күйеубаласының бауырына іздеу жариялады. Бұл туралы «Выход к морю» телеграм каналы хабарлады.

К.Мәсімовтің қызы Тамилла Кәрімнің (Мәсімова) күйеуі Азамат Қапеновке Ресейдің арнайы органдары биылғы жылдың басында іздеу жариялап, қазақстандық Антикор оны халықаралық іздеуде жүргендердің тізіміне қосқан-ды. Енді міне, Ресей А.Қапеновтің туған бауыры Медер Қапеновтің де ізіне түсіпті. Әзірге оның нақты қандай қылмыс бойынша істі болғаны белгісіз.

М.Қапенов туралы там-тұм ғана ақпаратқа қарағанда, ол 1993 жылы Қырғызстанда туған. 2000-жылдардың басында Мәскеуде оқыған. Ол Қазақстанда бірнеше компанияның иесі екен. Ол иелік ететін «Трансконтейнер Еуразия» ЖШС және «Еуротранс Актив» ЖШС логистика саласында жұмыс істейтін көрінеді. 2022 жылы М.Қапенов Қазақстан азаматтығынан бөлек, Қырғызстан төлқұжатын да алғаны белгілі болды. Бұл – Қазақстан заңына томпақ.

М.Қапеновтің Ресейдегі «Рубиус» деп аталатын компаниясы жылжымайтын мүлікті басқарумен айналысады екен. Дәл осы компания арқылы Мәсімовтің күйеубаласы мен құда баласы Мәскеудің қақ ортасынан аса қымбат үйлер мен элиталық көліктер алған болуы мүмкін.

Айталық, Азамат Қапенов пен Тамилла Кәрімнің Рублевкада және Серебренный Борда құны 6 млрд теңгеден астам зәулім үйлері болған. Ал інісі Медер Қапеновтің Мәскеуде және Подмосковьеде қымбат пәтерлері бар екен. Мәселен Мәскеудің қақ ортасындағы Варсонофьев көшесіндегі 2 млрд теңге тұратын 234 шаршы метрлі пәтері Лубянскі алаңындағы ФҚҚ (ФСБ) кеңсесінен бар-жоғы 400 метр жерде ғана орналасқан.

Іздеу
Фото: «Выход к морю»

Ресейдің құқық қорғау органдары Медер Қапеновті оның бауыры Азамат Қапеновтің ісіне байланысты іздеп жатқан болуы мүмкін. А.Қапенов өткен жылы жазда Ресейден табанын жалтыратыпты. Ол қазір Біріккен Араб Әмірліктерінде жасырынып жүрген болуы мүмкін.

А.Қапеновтің ісіне қатысты көп жайт белгісіз. Қазақстанда оны алаяқтық бабы бойынша айыптаған. Бұл іс ресейлік «АвтоВАЗ»-дың ірі әріптесі «Азия Авто» зауытының бұрынғы иесі Анатолий Балушкиннің арызына қатысты болуы мүмкін. Балушкин Мәсімовтің отбасын және А.Қапеновті «рейдерлік жасап, зауытты тартып алды» деп айыптаған болатын. Көп өтпей А.Қапеновтің үстінен рейдерлікке қатысты тағы бірнеше арыз түскен.

ҰҚК
Фото: ғаламтордан

Бірер жыл бұрын ашық ақпарат көздерінде жарияланған кейбір деректерге қарағанда, К.Мәсімовтің қызы Тамилла Кәрімнің де қос азаматтығы болуы мүмкін. Енді бір дереккөз Т.Кәрімнің ешқашан Қазақстан азаматы болмағанын айтады.

2015 жылы К.Мәсімов премьер-министр кезінде оның Сингапурде тұратын әйелі Дилярам Мәсімова мен ерке қызы Тамилланың атақты Chopard брендінен миллиондаған долларға әшекей бұйымдар тапсырыс бергені сөз болған еді.  

ҰҚК-нің экс-төрағасы мен оның жақындары төңірегінде небір алыпқашпа әңгімелер жұрт аузында әлі өріп жүр. Қазіргі биліктің Мәсімовке қатысты істі жасырып-жауып, құпиялап тастағаны да гу-гуді одан әрі өршітіп, отқа май құйғандай болды.