23 Ақпан 11:10

ERG VS Gecamines. Машкевич НЕГЕ Конгодан қуылуы мүмкін?

Erg Конго
Фото: Фото: Nege.kz

ERG корпорациясының Конго Демократиялық Республикасында кобальт өндіріп, табыс аламын деген жоспары іске аспай қалатын түрі бар. Конгоның ұлттық Gecamines компаниясы өз елінің табиғи байлықтарын мемлекетке қайтарып алу бойынша батыл қадамдарға бара бастады.

Bloomberg агенттігінің жазуына қарағанда Gecamines Конгодағы мыс және кобальт активтерін сатып алу бойынша ERG корпорациясына ұсыныс білдірген. Оны «Рейтерге» сұхбат берген Gecamines басшысы Роберт Лукама да растады. Оның сөзінше, олар ERG-дың Конгодағы кеніштері мен өндірістік орындары сынды кем дегенде үш активіне көз тігіп отыр.

Конгода Машкевичке тиесілі не бар? Қазір ERG Frontier, Comide, Metalkol, Boss Mining кеніштеріне иелік етуде. Оларды кезінде инвестиция саламыз деп алып алған болатын. Ал 2022 жылы белгілі болған ERG жоспарына сай, олар жылына 14 мың тонна өндіру үшін Comide зауытын қайта жасақтап, оған 800 миллион доллар инвестиция құймақшы болған. ERG өз ақпаратымен бөлісе бермейтін, Nege редакциясының сауалдарына жауап беруге қиналатын жабық компания екенін ескерсек, қазір Comide зауытына қанша инвестиция құйылып үлгерді, не істелді, ол жағы бізге белгісіз.

Comide кен орны
Фото: Comide кен орны. Simon Dawson/Bloomberg

Конго билігі өзінің ұлттық компаниясы Gecamines қадамын қолдап отырғаны айдан анық және активтерді сатып алуға қаржылық көмек беруге дайын. Соңғы жылдары электрокөліктер, батареялардың маңызы артып келе жатқандықтан, кобальт болашақтың стратегиялық материалына айналды. Сондықтан Конгодағы басшыларға енді Машкевичтің де, ERG-дің де еш қажеті жоқ. Конгодан ығыстырылған ERG Африкада қаламын десе, Зимбавбедегі жобаға көбірек күш салуына тура келеді.

ERG ешбір биржада жоқ. Әйтпесе, Конгодағы күтпеген өзгерістер оның биржадағы капитализациясын күрт төмендетіп жіберер еді. Егер кобальт активтерінен айрылса, компания бағасы мен болашақ табысының төмендейтіні түсінікті. Ал Қазақстан осы корпорацияның ең ірі акционері саналады. ҚР Үкіметі ERG-дің 40% акциясын ұстап отыр. Қалған 20,7% – Александр Машкевичке, 20,7% – Мұқадасқан Ибрагимоваға (марқұм Әліджан Ибрагимовтың жесірі), 18,6% – Патох Шодиевке тиесілі. Бірақ Еуразиялық үштік атынан (себебі олар қосылса 60% акция болады) корпорацияны Александр Машкевич басқарады.

ERG VTB
Фото: Nege.kz

Шынымызды айтсақ, ERG жағдайы анау айтқандай мәз емес. 2022 жылы Eurasian Resources Group S.a.r.l. EBITDA-сы 2021 жылмен салыстырғанда 19,4 пайызға құлдырап, 3,39 миллиард долларға түсті. Топтың жалпы түсімі 7,9 миллиард доллар болды. Сонда біз жыл сайын ERG табысы құлап бара жатқанын көреміз және уақыт өткен сайын ERG-дің капиталды шығындары, тауарды өндірудің өзіндік құны артып барады.

Антоныч биылдан бастап тіпті қиналып қалуы мүмкін, себебі «ВТБ» мен «Сбер» сынды Ресей банктерінен алған қарыздарын төлей бастауы тиіс. Біздің есебімізше, қазір ERG қарызы шамамен 7,5 миллиард долларды құрайды.

Ал келесі жылдан бастап біз Машкевичтің енді Конгодағы емес, Зимбабведегі шытырман оқиғаларынан «бизнес по-казахски» жанрында мақала жаза бастауымыз ғажап емес...