30 Қазан 12:50

Квадраттағы М. Митталдан НЕГЕ көз жазып қалдық? Енді Машкевичтен НЕГЕ көз алмау керек?

Фото:

Қазақстан үшін Александр Машкевичтің әр қадамын аңдып отыру аса маңызды. Қарағанды шахталарына еш инвестиция құймай, табысты тек шетелге шығарып келген Лакшми Митталдың жолын ERG акционерлері де қайталап келеді. Ертең «Қазхром», «Соколов-Сарыбай», «Шұбаркөл» сынды кәсіпорындардың құрылғылары шіріген, қарыздары бастан асып, жұмысшылары аш отырған күйінде Қазақстанға қайтатынын ішіміз сезіп отыр.

Мәселен, ERG тобына қарайтын «Шұбаркөл көмір» акционерлік қоғамын мысалға ала отырып, Қазақстандағы кәсіпорындарды барынша сығып алу стартегиясының қалай жүзеге асып жатқанын байқауға болады.

«Шұбаркөл көмір» – еліміздегі көмір өндіретін ірі өндіріс ошағы. Өз кезегінде ERG Швейцарияда тіркелген, Ресейге қатысы бар олигарх Станислас КОНДРАШЕВКЕ тиесілі «Telf AG» трейдеріне осы көмірді арзан бағамен сату әдісіне көшті. Қазақстаннан арзан бағамен көмір әкетеді де, Еуропаға қымбат бағамен сатады. Сонда ірі пайда Швейцария юрисдикциясында қалады да, оны бөліске салу оңай болады. Ал қазақстандық кәсіпорын пайдасыз, тек өз шығынын жауып отыратын режимде жұмыс істейді. Қазақстан бюджетіне төленетін салық та тым мардымсыз.

2023 жылдың нәтижесі бойынша қаржылық есептілікті күту керек. Соған қарап отырып, жағдайдың қалайша өзгергенін толық көре аламыз. Тіпті 2022 жыл бойынша «Шұбаркөл көмір» қаржылық жағдайын қолдан нашарлатқанын байқауға болады. Бухгалтерлік баланс бойынша, кәсіпорын капиталы 2022 жылдың басында 91 миллиард теңге болса, жылдың соңында 968 миллион теңгеге дейін түсіп қалған. Сонда бір жылда 90 миллиард теңге жоғалтқан.

«Шұбаркөл көмірдің» 116 миллиард теңгелік ортақ түсімімен таза пайда небәрі 7,4 миллиард теңгеге шыққан. 2021 жылы таза пайда 32,5 миллиард теңге болған еді. Капиталдың жоғалу себебі: компания ERG тобына 60 миллиард теңге қарыз берген және 97 миллиард теңге дивиденд төлеген. Осындай көріністің ERG бақылап отырған Қазақстандағы басқа да кәсіпорындарға да ортақ екенін айта кетуіміз керек.

Миттал кейсінен Машкевичтің сабақ алатыны сөзсіз. Лакшми Миттал Теміртаудағы металлургиялық комбинатты барынша пайдаланып, инвестиция салмай, ескі кеңестік құрылғыларды шірігенге дейін пайдаланды. Қаза тапқандар саны 160-қа жеткенде, өзінің Қарағандыдан тапқан кірісі 15 миллиард доллардан асқанда ғана комбинатты мемлекетке қайтару бойынша келісімге оңай бас шұлғи салды. Себебі, ары қарай Теміртаудағы жұмысты жүргізу үшін қыруар инвестиция құю қажет. Енді оған Миттал емес, Қазақстан бюджеті шығынданатын болады.

Митталдан кейін Машкевич жасап кеткен тағы бір проблемаға қаржы құюға ел бюджетінің шамасы жете ме? Бұл – үлкен сұрақ. Сондықтан қазірден бастап ERG-дегі «ішкі кухняны» қатаң бақылауға алған жөн.     

Тегтер: