Ішкі-сыртқы саясатта ұлттық мүдде бірінші кезекте тұруы керек
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің «Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері» мақаласы қоғамда қызу талқылана бастады.
Әділетті Қазақстан, жаңа идеология, билік пен қоғамның арасындағы диалог, ішкі-сыртқы қауіптер, тағы да басқа мәселелерді кеңінен қозғаған мақаладағы екі мәселеге ерекше тоқталғым келіп отыр. Біріншісі – ішкі саясат, екіншісі – ұлттық мүдде. Мемлекеттік кеңесші осы екі шетін мәселені де ұғынықты әрі нақты көрсетіп берген.
«Ішкі саясат – саяси технологиялардың жиынтығы әрі жалаң үгіт-насихат» деген түсінік ел ішінде кең таралған. Бұл – шындыққа еш жанаспайтын жаңсақ пікір. Мұның бәрі – саясаттың қосалқы құралы ғана. Ешқандай саяси технология халыққа етене жақындық пен ел-жұртпен қоян-қолтық жұмыстың орнын толтыра алмайды. Ішкі саясат дегеніміз – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істеу деген сөз, яғни адамдармен ашық әңгімелесіп, тұрақты диалог орнату», – дейді автор.
2000-жылдардан бергі уақытта ішкі саясат шынымен де халықтың ой-санасын манипуляция жасайтын құрал ретінде қабылданып келді. Түрлі деңгейдегі сайлауларда лас саяси технология пайдаланылғаны да құпия емес. Бірақ кейінгі жылдары, әсіресе, соңғы екі жылда ашықтық, билік пен халық арасындағы диалог орнай бастады деп айтуға болады.
Оқи отырыңыз: Бірлік пен даму: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының басты негіздері – Ерлан Қарин
Лас саясатты лас саясаткерлер жасайтынын ескерсек, ең алдымен мемлекеттік аппарат тазаруы керек. Бұл жөнінен Е.Қариннің мына сөзі үміт сыйлады: «Қазір мемлекеттік қызметшілердің мүлде жаңа ахуалда жұмыс істеуіне тура келіп отыр. Бір жағынан, мемлекет олардың біліктілігіне, моральдық ұстанымы мен мінез-құлқына, тіпті процессуалдық-нормативтік міндеттеріне қатысты талаптарды күшейтіп жатыр. Екінші жағынан, халықтың да сұранысы арта түсті. Мемлекеттік мекемелер ашық жұмыс істей бастады. Түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалар немен айналысып жатқанын елге көрсетіп, қызметін жан-жақты түсіндіру үшін көпшіліктің алдына жиі шығатын болды...»
Мемлекеттік һәм ұлттық мүдде тұрғысында Қазақстан қандай саясат жүргізуі керек? Түрлі тәуекелдерге қалай төтеп береміз? Ұлттық мүддемізді қалай қорғаймыз?
Көрнекті саяси қайраткер, «Ескі Қазақстан» кезеңіндегі саяси террор құрбаны Алтынбек Сәрсенбайұлының ұлттық саясат және ұлттық мүдде туралы былай дегені бар еді: «Бiз саясатты өз қолымызбен жасауымыз керек! Егер бiз саясатты өз қолымызбен жасамасақ, онда Қазақстандағы саясатты өзгелер жасайды. Өзгелер жасаған саясат қазақтың мүддесiн көздемейдi, қазақтың ұпайын түгендемейдi. Саясат дегенiмiз – мүдделердiң бәсекесi, мүдделердiң майданы. Ұлттың мүддесi де саясат арқылы қорғалады, саясат арқылы iске асырылады. Ұлтқа жаның ашитыны рас болса, онда саясатпен айналыс! Саясатқа ден қой!».
Ал Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ұлттық мүдде туралы былай дейді: «Қазақстан ішкі және сыртқы саясатын біреуге ұнау үшін немесе қандай да бір үрдіске ілесу үшін жүргізбейді. Біз, ең әуелі, ұлт мүддесін, төл ұстанымдарымызды басшылыққа аламыз. Жаһандық саясатта көңілшектік пен аңғалдыққа жол беруге әсте болмайды...»
Ұлт мүддесіне қызмет ету қай заманда да оңай болған жоқ. Дәл қазіргідей алмағайып кезеңде бұл тіпті қиын. Бізге «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» дипломатиядан бөлек, ешкімге есе жібермейтін табандылық та қажет. Ел боламыз десек, кез келген жағдайда Ұлттың мүддесін бірінші кезекке қоюымыз керек. Тәуелсіздікті сақтаудың және нығайтудың басқа жолы жоқ.