Банкке айналар алдында. Solva қаржылық тиімділігі НЕГЕ құлап барады?
«Solva» сауда маркасы аясында қызмет көрсететін «ОнлайнКазФинанс» микроқаржы ұйымы 2023 жылдың аудиттелген есебін жариялады. Былтыр жоғарғы пайыздық ставка есебінен несие беретін барлық ұйымдар, әсіресе, банктер қомақты таза пайда көрсе, керісінше, Solva өзінің таза кірісін 17 есе құлдыратып алған.
НЕГЕ олай болды? Компания өзінің аудиттелген есебінде 2022 жылдан бастап микроқаржы ұйымының банкке айналу бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын хабарлайды.
«Жалғыз акционердің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы шешіміне сәйкес қазіргі уақытта компания оны микроқаржы ұйымынан банкке айналдыру бойынша қажетті шараларды жүзеге асыруда. Қазіргі уақытта компания Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне айырбастауға рұқсат алу үшін өтініш беру шараларын жүргізуде. Компания келесі жылы банк ретінде жұмысын бастауды жоспарлап отыр», – делінген хабарламада.
ҚНРДА нормативтері бойынша банктің жарғылық және меншікті капиталы кемінде 10 миллиард теңге болуы тиіс. Қазір осы шарттарға сай келетін және банкке айналуға ниетті 3 микроқаржы ұйымы бар. Олар KMF, «ОнлайнКазФинанс» (Solva) және BNK Finance. Осының ішінде ҚНРДА рұқсатын BNK Finance алып үлгерді. Ал Solva-ға бірнеше көрсеткішті түзеу бойынша ескерту берілген. Олар жыл аяғына дейін бұл шаруаны бітіруі тиіс.
Solva 2022 жылы 3,7 миллиард теңге таза кіріс алған болатын. Алайда 2023 жылғы көрсеткіштері мәз емес. Таза пайда бар-жоғы 219 миллион теңге болған. Компанияның проценттік және кредиттік шығындары көбейіп кеткен. Бұл «Егер Solva банк атанатын болса, ол қаншалықты тұрақты болады?» деген сұраққа жетелейді.
«ОнлайнКазФинанс» микроқаржы ұйымының негізгі акционерлері – шетелдіктер. 2023 жылдың соңында Араб Әмірліктерінің «Neo Crystal Holdings» инвестициялық компаниясы микроқаржы ұйымының ірі акциялар пакетін сатып алып, мажоритарлы акционер атанған болатын.
Ал банкке айналу үшін Solva сырттан қосымша 20 миллион доллар тартты. Болашақ Solva банк негізінен шағын және орта бизнес нысандарынмен жұмыс істейтін болады.