17 Шілде 15:00

Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер. «Стати ісі» үшін НЕГЕ «нұрклан» жауап беруі мүмкін?

Стати
Фото: Фото: Nege.kz

Қазақстан 14 жылға созылған «Стати ісінде» Анатол мен Габриель Статилермен бейбіт келісімге қол жеткізді. Бейбіт келісім дегенмен де, Статилердің өтемақысыз қалмағаны анық. Екі сұрақ басы ашық күйінде тұр: Қазақстан тарапы Статилерге қанша төледі және оны кім төледі?

Статилер негізі жеңіске жетіп тұрған еді. Сондықтан олар өздері талап еткен 500 миллион доллардан кем өтемақыға келісе қойды деуге сену қиын.

«Статилерге Назарбаев кланына қатысы бар шетелдік актив бұйырады. Оның құнын нақты айта алмаймын. Бірақ өтемақы сомасына парапар деп ойлаймын. Ал Қазақстан тарапы Ascom Group инвестор ретінде қайта оралуға ниет танытса, шұрайлы кен орнына опцион беруге қарсы болмайды», – дейді NEGE-нің Лондондағы дереккөзі.

Статилер өтемақысы бойынша Назарбаев кланының қаржылай жауап беруі әділетті болмақ. Себебі, кезінде Молдова президенті Ворониннің айтағына ерген Нұрсұлтан Назарбаев Кәрім Мәсімов, Тимур Құлыбаев бастаған шенділерге Анатол Статидің Қазақстандағы бизнесін біржақты қылуды тапсырған болатын.

Стати
Фото: Н.Назарбаев тапсырмасы. Дереккөз: Orda.kz

1999 году Анатол Статиге қарасты «Tristan Oil» компаниясы Қазақстанда «Боранқұл», «Толқын» мен «Табыл» кен орындарын игеруге лицензия алып, «Толқыннефтегаз» бен «Қазполмұнай» фирмаларының иесі атанады. Тез арада Статилер Маңғыстау облысында газ өңдеу зауытын тұрғызып, оны сәтті іске қосып, 2009 жылы алғашқы табысын тапқан.

Стати
Фото: Nege.kz

Алайда, 2008 жылдың қазан айында Молдова президенті Владимир Воронин, «Анатол Стати Қазақстанда тапқан табысын молдован оппозициясын қаржыландыруға жұмсайды» деген желеумен Назарбаевқа астыртын хабарласқан-мыс. Нәтижесінде, 2009 жылы «Tristan Oil» компаниясының үстінен түрлі тексерулер басталып, ақыры Статидің кен орындары, зауыты мен активтері «Қазмұнайгаз» қарамағына өтеді.

«Стати ісі» Қазақстанды бірнеше миллиард доллар әлеуетті инвестициядан айырды. Оған қоса тікелей шығын алып келді. Қазақстан тарапы 14 жылға созылған сот процесі барысында 300 миллион доллар жұмсаған. Осы процеске Қазақстан атынан кезінде басшылық еткендер бұл істің барынша ұзаққа созылуына мүдделі болғанын белгілі. Қазір бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевтың дәл осы «Стати кейсі» үшін тергеліп жатқаны анық және осы жылдың соңына дейін басталуы тиіс сот процесінде сіздер білмеген біраз дәйек жарыққа шығатын болады.

Стати
Фото: Nege.kz

Оған қоса, Статилер сұраған 500 миллион долларға Швеция арбитражының шешімі бойынша жылына 25 миллион доллар процент қосылып отырды. Стокгольм соты алғаш рет осы шешімді 2013 жылы шығарғанын ескерсек, одан бері 11 жыл өткендіктен, сол 500 миллионның үстіне тағы кемінде 250 миллион доллар артылды.

Нәтижесінде 300 миллион доллар жоқ және Статиге құны кемінде 500 миллион доллардан кем емес актив бердік деп есептеп көрейік Бұл 800 миллион доллар немесе 372 миллиард теңге. Мәселен, бұл ақшаға 186 мектеп салуға болар еді. Назарбаевтың қате шешімі мен оның кланы жасаған рейдерлік әрекеттің нақты құны осындай болды.