Кредитті қайтару керек. Биыл ERG үшін НЕГЕ «сын сағаты» басталмақ?
2024 жылы ERG ресейлік екі банк – ВТБ мен СБЕР алдындағы қарыздарын төлей бастайды. Александр Машкевич Ресейге салынған санкцияларды пайдаланып, осы борышты өтеуден барынша жалтарып келген еді. Енді Антонычқа ондай маневр алаңы қалмаған сияқты.
2019 жылдың желтоқсан айында S& P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі қарызының шамадан тыс асып кетуіне байланысты ERG рейтингтерін «В-» деңгейіне дейін төмендеткен болатын. ERG жалпы қарызы 8,4 миллиард долларға жеткені де сол кезде белгілі болған еді. 2022 жылы S& P Машкевич бастаған қаржылық-өндірістік топтың рейтингін қайтадан «В» деңгейіне дейін көтерді. Себебі, ERG өзінің «FFO/қарыз» пропорциясын қауіпті 6-11% деңгейінен кемінде 20 пайызға арттыра алған.
Бірақ біздің есебімізше, ERG кем дегенде әлі 7,5 миллиард доллар қарыз. Оның барлығы ERG-дің Қазақстандағы кәсіпорындарын, кен орындарын ресейлік банктерге кепілге қою арқылы алынған. Банкке қайтатын төлемдердің биыл басталатыны ERG тобына жататын «Қазхром» компаниясының 2023 жылғы 9 айдағы қаржылық есебінен белгілі болды.
ERG 2019 жылдан бері өзінің ВТБ алдындағы қарызын қайта құрылымдап, уақытын созумен келеді. Олар 2019 жылы ВТБ-ны 3 миллиард доллар қарызды өтеу мерзімін 2022 жылға дейін ұзартуға көндірді. Ал биыл сол ВТБ-ны тағы да қарызды қайта құрылымдауға келістірмек және банк алдындағы кредит төлеуді 2030 жылға дейін созатын ойлары бар.
Осы қарызды ERG қалай қайтарады? Оған мүмкіндігі бар ма? 2022 жылы Eurasian Resources Group S.a.r.l. EBITDA-сы 2021 жылмен салыстырғанда 19,4 пайызға құлдырап, 3,39 миллиард доллар көрсетті. Топтың жалпы түсімі 7,9 миллиард доллар болды. Бірақ жыл сайын ERG-дің капиталды шығындары, тауарды өндірудің өзіндік құны артып келеді.
Не болса да, ERG қарыздың барлығын ресейлік банктерден ала бермей, басқа да қаржыландыру көздерін табуға белсене кірісті. Осы орайда Александр Машкевич бастаған қаржылық топ Қазақстан даму банкінен 43 миллион доллар несие алып, мемлекеттік арзан кредитінің қызығын көруге көшті. Одан бөлек Еуразия даму банкінен 53 миллион доллар қарыз алды.
ERG мұндай ірі қарыздарды түбі қайтаратынына сенімді. Бірақ ол үшін металл, көмір, кобальттің әлемдік нарықтағы бағасы жоғары болуы керек. Бірақ тауарлық нарықтағы кез-келген дағдарыс компанияның барлық жоспарын күлге айналдыра алады. Ал ERG-дің 40 пайыз үлесі Қазақстан Үкіметіне тиесілі екенін ескерсек, одан бәріміз зардап шегетін боламыз.