Біреуге ШОКОЛАД, біреуге ШАПАЛАҚ! Машкевичтер Қазақстан мемлекетін НЕГЕ балаша алдап келді?
NEGE порталы табандап талап еткен соң, Қазақстанның Қаржы министрлігі ақыры ERG тарапынан мемлекетке аударылған дивиденд сомасын айтты. 2017 жылдан бері Қазақстанға тиесілі, бірақ арнайы есеп-шотта бұғатталып жатқан дивиденд көлемі небәры 365,6 миллион доллар екен.
Қазақстан Үкіметі – «ERG S.a.r.l.» трансұлттық холдингінің ірі акционері. Біздің мемлекетке акциялардың 40 пайызы тиесілі. Қалған 20,7% үлесі олигарх Александр МАШКЕВИЧТІҢ, 20,7%-ы Мұқадасқан ИБРАГИМОВАНЫҢ (Алиджан Ибрагимовтың жесірі – ред.), 18,6%-ы Патох ШОДИЕВТІҢ үлесінде.
2017 жылы өткен Люксембург сотында Анатолий мен Габриель СТАТИЛЕРДІҢ Қазақстанның үстінен түсірген шағымына байланысты сот Қазақстанның ERG-ден алатын дивидендін бұғаттап қойған болатын. Яғни, дивидендтер арнайы шотқа жинала береді. Бірақ біз оны қазір ала алмаймыз.
NEGE коллажы.
ERG – трансұлттық компания. Оның Африка мен Бразилияда металл өндіретін еншілес компаниялары бар. Бірақ негізгі нанын қазақ топырағынан табады. Мысалы, шетелдік активтері ERG-ге ортақ выручканың тек 30 пайызын ғана береді. Ал табыстың негізгі бөлігі Қазақстандағы кәсіпорындардан түседі. Корпорация біздің елімізде «Қазхром», «Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты», «Шұбаркөл көмір», «Қазақстан аллюминийі», «Жәйрем марганеці» сынды ірі кәсіпорындарға иелік етеді.
Қаржы вице-министрі Д.ТЕМІРБЕКОВТІҢ ERG-ге қатысты бізге берген жауабын толық назарларыңызға ұсынамыз. Одан кейін, біздің қазба байлықтарды әлемдік биржаға шығарып сатып отырған трансұлттық корпорацияның 5 жыл бойы жұмыс істеген уақытында бізге бар-жоғы 365,6 миллион доллар, қазіргі курспен 170 миллиард теңге дивиденд бөлгені бойынша сұрақтарды талқылаймыз.
Қаржы министрлігінің жауабы.
Сонымен, 2017 жылдан бері ERG-ден тапқан пайдамыз 170 миллиард теңге ғана екен. «Elge qaitaru» қорының есебі бойынша бізге тиесілі дивиденд кем дегенде 370 милллиард теңге болуы тиіс еді. Сонда 200 миллиард теңге қайда жоғалды?
Мұны ерінбей санап шығуға да болады. ERG-дің біздегі іргелі кәсіпорны «Қазхром» 2018 жылы 169 миллиард теңге, 2019 жылы 149 миллиард теңге, 2020 жылы 132,1 миллиард теңге, 2021 жылы 439,2 миллиард теңге таза пайда тапқан. Демек, бір «Қазхромның» өзі ERG-ге 2018 жылдан бері 889,3 миллиард теңге пайда алып келді.
NEGE коллажы.
Ал егер «Соколов-Сарыбай», «Қазақстан аллюминийі», «Шұбаркөл көмір» сынды кәсіпорындардың тек 2 жылдық табысын есептесек, кем дегенде 300 миллиард теңге болады.
NEGE есебінше, ERG 2017 жылдан бері 1,1 триллион теңгеден аса таза пайдаға кенелген. Ал Қазақстанға кемінде 475 миллиард теңге дивиденд төлеуі тиіс еді. Бұдан шығатын қортынды мынау: машкевичтер бізді НЕГЕ 170 миллиард теңгемен қатырып отыр? Оның өзін Статидің қырсығынан есеп-шоттан ала алмай отырмыз. Сонда кім кімді ақымақ жасап жүр?