Ердоғанның гамбиті. Оның ақша-несие саясатындағы ойынынан НЕГЕ от шығуы мүмкін?
Бүгін таңертең Форекс биржасындағы лираның долларға шаққандағы құны 16,74-ті көрсетті. Бірақ Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Орталық банкке тізе басып, базалық ставканы одан сайын төмендетіп отыр. Нәтижесі белгілі – лира құлдырап, инвесторлар қашып, халық көшеге шықты. Ердоғанның эксперименті қашанға дейін жалғасады және ол немен аяқталуы мүмкін? Nege.kz отандық экономистерді әңгімеге тартқан еді.
Елдегі мемлекеттік экономикалық саясатты жеке басқарып отырған президент Ердоған лираның әлсіреуі Түркияның экспорттық әлеуетін күшейтіп, сыртқы нарықта түрік тауарларының арзандауына, демек сатылатын көлемнің артатынына сенімді. Осы арқылы ол пандемиядан тұралаған түрік экономикасына жан бітірмек. Таңдаған бағытына сай, өткен бейсенбі күні Түркия Орталық банкі ставканы 15 пайыздан 14 пайызға төмендетті.
Түркия Орталық банкінің пайыздық мөлшерлемені 15%-дан 14%-ға түсіру бойынша 16 желтоқсандағы мәлімдемесі. Дереккөз: tcmb.gov.tr
Бірақ қазақ экономистерінің пікірінше, экономиканы көтеремін деп ақша-несие саясатымен ойнау – өте қауіпті. Әрі Ердоған жасап отырған эксперимент Түркия экономикасын құзға әкеліп тіреп отыр. «Мұның соңы Түркия үшін экономикалық және әлеуметтік апатпен аяқталады», – дейді Nege.kz шолушысымен тілдескен TikMill халықаралық брокерлік компаниясының сарапшысы Арман Бейсембаев.
«Қалай болғанда да, осы уақытқа дейін әртүрлі саясаткерлердің өздеріне дербес экономикалық жүйе ойлап табамын деген талпыныстары олардың «дарға асылуымен» аяқталып келді. Ердоған керісінше дәлелдей ала ма? Аяғын күтетін боламыз»
«Бұл – Түркия президентінің Орталық банк жұмысына тікелей араласуы. Менің ойымша, Ердоған эксперимент жасауда», – дейді қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов. Оның айтуынша, қазір Ердоған экономика түбінде әлсіз лираны жеңеді деп есептейді. Алайда, лира әлсіреп, инвесторлар кетіп жатыр. Ондай тәжірибе өткізу үшін Түркия мүлде басқа жағдайда болуы тиіс еді.
«Лира соңғы бес жылда он есе құнсызданған. Бұл түрік экономикасына ауыр соққы болып, тіпті ірі түрік компанияларының Түркиядан кетуіне себеп болуы мүмкін. Көлеңкелі сектор өседі. Бұл эксперимент жақсылықпен аяқталмайды. Мұндай тәжірибе сәтті өтуі үшін Түркияда кем дегенде 500 миллион халық, ал экономика көлемі қазіргіден 4-5 есе үлкен болуы тиіс. Сондықтан Түркияның экономикалық саясаты толық сәтсіздіктен аяқталады деп ойлаймыз. Ердоған 2022 жылдың бірінші жартысында ақша-несие саясатын қатаңдатпаса, онда лира мен экономиканың құлдырауы келесі жылы да жалғасатын болады»
FOREX биржасындағы 20 желтоқсан күнгі лира бағамы
Nege.kz Қазақстан Ұлттық Банкі төрағасының кеңесшісі, экономист Олжас Тілеуовпен де тілдесті. Оның айтуынша, біз Түркиядағы жағдайдан өзімізге пайдалы сабақ алуымыз керек.
«Түркиядағы жағдай биыл ғана басталған дүние емес. Ердоған мен оның төңірегіндегілер бұған соңғы 3-4 жыл бойы жылжып келді. Сондықтан, мұның бәрін эксперимент деп атауға болмайды. Өйткені эксперимент көп жағдайда жаңа, бұрын зерттелмеген процесті сынауды білдіреді»
Олжас Тілеуовтың сөзінше, Түркияда болып жатқан оқиға ХХ ғасырда Латын Америкасы мен Азияның бірқатар елдерінде болды. Оның немен аяқталғаны да белгілі. Инфляция бақылаудан шығып кетті. Жалпы, Түркиядағы ақша-несие саясатының қандай нәтижеге әкелетінін экономист осыдан бір жыл бұрын Капиталға жариялаған болатын.
«Дәл қазір Түркияны мысалға ала отырып, біз экономикалық белсенділікті жылдам өсіремін деп ставканы тым түсіріп жіберудің кері нәтижеге ғана емес, тіпті инфляцияға, валюта бағамына және теңгерімге қатысты үлкен проблемаларға әкелгенін байқаймыз. Жүргізіліп жатқан экономикалық саясатқа инвесторлардың, халықтың және бизнестің сенімі төмендеді», – деп жазған еді сол кезде Олжас Тілеуов.
Латын Америкасы елдерінің дамуда артта қалуының бір себебі – экономикалық популизм. Әсіресе, популизммен қолда билігі бар саясаткерлер айналысса өте қауіпті. Оны Ережеп Тайып Ердоған керемет дәлелдеп берді. Экономикаға арзан кредиттер керек деп базалық ставкамен ойнау, халықтың несиесін кешіру операциялары – мұның барлығы арзан популизм.
«Ердоған осы ойынымен экономиканың құлдырауы мен кризис туғызып, биліктен айрылады», – деп есептейді экономист Айдархан Құсайынов. Егер Батыстың ығына көнгісі келмесе, билігін сақтау үшін Ресеймен жақындасуы да ғажап емес.
Биыл Түркиядағы жылдық инфляция 55 пайызды көрсетпек. Ал келесі жылы, сарапшылар инфляция кем дегенде 30 пайыз деңгейінде болады дейді. Түркиядағы барлық сатушылар мен қызмет көрсету орындары еуроға ауысты. Түріктің ұлттық валютасы өз халқына да қажет болмай қалатын күн де алыс емес сияқты...