16 Шілде 18:07

Алға, популизм! НЕГЕ популистер Қазақстан экономикасын іштен ірітпек?

Фото:

Соңғы уақытта елде түрлі популистік мәлімдемелер жасап, халықтың алғысын алғысы келетіндер көбейіп кетті. Егер бұрындары популистердің саны саусақпен санарлық әрі олар белгілі болса, қазір тіпті мемлекеттік мекемелер мен компанияларды басқарып отырған сауатты азаматтардың өздері арагідік осы зиянды ағымға аяқ басып қояды.

«Анаған ақша құртқанша, оданда мына жердегі халыққа көмектеспей ме?», «Кредиттің бәрін кешіру керек, себебі халықта оны төлейтін ақша жоқ», «Ұлттық компаниялардың барлығын жауып тастап, зейнетақы қорын ыдырату керек!». Сізге мұндай үндеулер ұнай ма? Әрине, бәрімізге ұнайды. Халық қолдайды, әлеуметтік желілерде лайктар басылады. Бірақ айтылған ұсыныстардың еш қаржылық негізі жоқ және оларды іске асыратын болсақ, онда ел экономикасы ауыр халге ұшырайды. Дәл осы парадокске  «экономикалық популизм» деген ат берілген. Қазақстандағы біршама азаматтар қазір президентке жағу үшін, түпкілікті реформатор атану үшін популизм жолын таңдай бастады.

«Экономикалық популизм баяғыдан бар және одан толық арылу мүмкін емес», - дейді, EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев. «Шектен тыс бақылаудан шығып кеткен популизм туралы айтқанда, мұнай қоры бойынша бірінші мемлекет болса да халқын кедейшілікке ұшыратып, мың процентке жететін гиперинфляция жайлаған, ұят болғанда Ираннан мұнай сатып алатын Венесуэланы мысалға келтіруге болады. Сондықтан, егер ел басшылығы, экономика министрлігінде отырғандар популизмді басшылыққа ала бастаса, оның арты жақсылыққа апармайды».

«Қазақстанда популизм бар. Қазір елде толықтай социализм орнады деуге болады. Біз доллармен ипотека алғандардың несиесін баяғы бағаммен қайта қаржыландырып, халықтың тұрмыстық кредитін жауып беріп отырған ТМД аумағындағы жалғыз елміз. Сонымен бірге, экономикалық популизмнің белгілері қазіргі дағдарыс кезеңінде одан да күшейетін болады».

«Әңгіме қазіргі популистердің билікке жағып отырғандығында», - дейді, Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары. «Айталық, қазір мекемені басқарып отырған басшы дейік, оның нақты атқарған жұмыстарын терең экономикалық тұрғыдан ешкім зерттемейді. Тиімді қадамдар жасады ма, нақты оң өзгерістер әкелді ме?»

«Есесіне ол туралы әлеуметтік желіде жағымсыз шу көтерілетін болса, орнынан кетеді. Ал егер әлеуметтік желі арқылы халықтың көңілін таба білсе өсуі де мүмкін. Сондықтан популизм қазір тиімді болып отыр».

Популистік ұсыныстарды қабылдау экономикаға қауыпті.  «Соңғы кездері айтылып жүрген жалпыға ортақ базалық кіріс туралы кез-келген әңгіме - бұл таза популизм», - деп өрбітеді, Андрей Чеботарев. «Егер бәріне жаппай ақша тарататын болсақ, баға бір күнде тура осы сомаға өседі. Біз импортқа тәуелді елміз, азаматта артық ақша пайда болса отандық өндірушіні емес, шетелді қолдайды. Сонымен қатар, біз өз валютамызды күйретеміз».

«Әрине, популистік мәлімдемелер жасау арқылы әлеуметтік желілерде лайк жинау оңай. Кез-келген жағдайда, сыни көзқарасты сақтап, салқынқанды шешім қабылдау керек. Тек осы қасиеттер ғана елді дағдарыстан шығара алады».

Қазір тұрмыстық популизмнің демократиялық елдерде сәнге айналғанын байқап отырмыз. Оның себебі, саясаткерлер дауыс берушілерге тәуелді және солардың ығына жығылуға мәжбүр. Велосипед мінген қала басшысы, эконом-класспен ұшып жұрген президент сияқты трендтер де осы саясаттан туған. Бірақ оларда популизм ұсақ тұрмыстық сипаттарда ғана жұмыс істейді. Ал ірі экономикалық шешім қабылдау кезінде дамыған елдер ешқашан популизмге жол берген емес.

Тегтер: