Түркістан облысында жыл соңына дейін тамшылатып суару жүйелерін шығара бастайды
Түркістан облысының жері құнарлы. Не ексең де, бітік шығады. Күннің қызуы, қысының жұмсақтығы шаруашылыққа аса қолайлы. Тіпті, тау, құм асып келген тропикалық өсімдіктер де жерсінбей жатқан жоқ. Өнім беріп жатыр. Тек дихан маңдай терін төгуден аянбаса болғаны. Десе де, су мәселесі – су жетіспеушілігі үлкен мәселе. Ала жаздай аптап ыстық, күннің астында еткен еңбекті еш етуден тайынбайды.
Оңтүстік мақта өсірмейтін бола ма?
Суды үнемдеу үшін күріш пен мақта алқаптары қысқарту туралы да сөз болып та жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, бұдан 1,4 млрд м3 су үнемдеуге болады. Сонда ақ маржан күріш пен оңтүстіктің ақ алтыны – мақтаны тек сырттан алатын боламыз ба? Жоқ әлде басқа да амалы бар ма? Бұл сауалға аталған министрліктің жауабы мынадай болды:
«Үкіметтің тапсырмасын және шаруаларды вегетациялық кезеңде суармалы сумен қамтамасыз етуде туындайтын проблемаларды ескере отырып, ылғал көп қажет ететін дақылдар алқаптарын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда мақта алқаптарының 11 мың гектарға 116 мың гектардан 105 мың гектарға, күріштің 6,4 мың гектарға, яғни 94,2 мың гектарға қысқаруы болжанып отыр».
Десе де, министрліктің пікірінше, бұл отандық күріш пен мақта көзден бұлбұл ұшты деген сөз емес. Алқаптар қысқарғанмен, минералды тыңайтқыштарды 2 есе көп енгізу арқылы аталған дақылдардың өнімділігін арттыруға болады. Бұл өнім өндіру көрсеткішіне әсер етпейтін көрінеді.
Тығырықтан не шығарады?
Бұл тығықтан шығудың жалғыз жолы – суарудың заманауи технологиялары. Билік бұл мәселеге соңғы кездері баса назар аудара бастады.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің дерегінше, биыл Түркістан облысында суарудың озық жүйелері қолданылмақ. Бұл жаңашылдық 54,3 мың гектарға дейін алқапқа енгізілмек. Осы мақсатта, 22 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілетін болады.
Соңғы кездері елімізде суды үнемдейтін технологиялар туралы көп сөз қозғалып жатқаны анық. Шетелдік компаниялармен келіссөздер өтіп, біршама жұмыс қолға алынды. Десе де, қандай технологиялардың біз үшін қолайлысы әрі оңтайлысы екшеп алу маңызды.
Өйткені, су үнемдеу технологияларының бағасы арзан емес. Оның үстіне, шетел асып келеді. Талай шекаралардан өтіп келуі керек. Сондықтан кез келген диханның қолы жете бермейді. Жаппай айналымға енгізіп, сахараны көкөніске толтыру оңай шаруа емес. Көп қаражатты, инвестицияны, жаңа технологияларды, мамандарды қажет етеді. Бұл технологиялар қолжетімді болуы үшін, ең алдымен, құрылғыларды жасап шығаратын өндіріс орындары елімізде ашылуы шарт.
Үнемдеу технологияларын енгізу үшін қажеттің бәрі бар
Су ресурстары және ирригация министрлігі бұл бағытта жұмыс жүріп жатқанын айтып сендіріп отыр.
«Іске асырылып жатқан жобаларға тоқтала кетсек, Түркістан облысында жыл соңына дейін тамшылатып суару жүйелерін шығара бастайды. 1406 шаруа қожалығы тиісті жұмысқа кірісті. Су үнемдеу технологияларын енгізу үшін қажеттің бәрі бар. Алайда жұмысты сапалы ұйымдастыру қажет», – дейді аталған министрліктің баспасөз қызметі.
Бұл үшін министрлік, «Қазсушар», жергілікті атқарушы органдар мен бизнес бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесіп әрекет етуі тиіс. Неге десеңіз, бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы. Президент белгілеген меже – 150 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу.
«Қазақстанның оңтүстігінде өнімділікті төмендетпей, суармалы суды үнемдеу үшін су үнемдеудің озық технологияларын енгізу қажет. Осы мақсатта жетекші шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр», – дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Сынақ сәтті өтсе, сұраныстан кенде болмасы хақ. Дихандардың қызығушылығы мол. Десе де, «ірі агрокомпаниялар бұл технологияларға қол жеткізсе де, ауылдағы қарапайым дихандарының шамасы келе ме?» деген сауал көкейге оралары анық. Билік өкілдері мұның да шешімі бар екенін айтады.
«Қазақстан Республикасы АШМ тарапынан фермерлердің қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алуға, сондай - ақ су алу және беру үшін барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізуге жұмсаған шығындарының 50% өтеу субсидиялары беріліп жатыр. Сонымен қатар ҚР СРИМ АШМ бірлесіп, аталған субсидияларды 80% дейін арттыру мақсатында тиісті шаралар қабылауда», – дейді дейді Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі.
Алматы облысы да бұл тәжірибені қолданбақ
Бұл жаңашылдықты Алматы облысы да қолға ала бастады. Қаңтар айында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, Алматы облысында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңеске су беру жабдықтарын өндірушілер мен ірі шаруа қожалықтарының өкілдері де қатысты.
Алматы облысының әкімдігі мен қытайлық ірі компаниялар арасында өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу және инвестиция тарту бойынша бірнеше меморандумға қол қойылып отыр. Бұл 2030 жылға қарай суармалы жерлердің алаңдарын 1,3 млн. гектарға немесе 50%-ға дейін арттырға ықпал етпек.
Қазақстандық Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша шамамен 2,1 текше шақырым суды үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімінің өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Аталған іс-шараларды іске асыру 2030 жылға қарай 10 текше шақырымға дейін су жинауға, үнемдеуге және суармалы жерлердің жаңа алаңдарын 2,5 млн.гектарға дейін жеткізу арқылы айналымға тартуға мүмкіндік бермек.