20 Наурыз 14:30
...

Елімізде мал өнімділігі неге төмен?

аул
Фото: gov.kz

Қазақ ежелден мал баққан ел. Десе де, қазір ата кәсібін ұмыта бастағандаймыз. Елімізде мал өнімділігі өте төмен. Бұл жайт биік мінберлерден де ашық айтылып жүр. Ауыл шаруашылығы министрлігі NEGE-нің сауалдарына мұның себептері жөнінде толық мағлұмат берді. Және олқылықтарды жою жоспарымен де бөлісті. 

Ресейлік фермерлермен салыстырғанда отандық мал өсірушілердің көрсеткіштері жағынан едәуір төмен. Бұған орташа сүт өнімділігі, жұмыртқа өндіру және ірі қара малдың орташа тірі салмағы және тағы да басқа жайттар кіреді. Мәселен, 1 мал басына шаққандағы орташа сүт – 2 395 литр болса, Ресей Федерациясында – 5134 литр екен. Елімізде малдың тірілей салмағы 339 кг болса, Ресей Федерациясында – 448 кг. Орташа жұмыртқа өндірісі – 205 дана, Ресей Федерациясында – 308 дана.

«Оған себеп, ең алдымен, жеммен қамтамасыз етудің әлсіздігі, ауыл шаруашылығы жануарларының генетикалық әлеуетінің жеткіліксіздігі және саланы қаржыландырудың аздығы», – деп түсіндіреді ауыл шаруашылығы министрлігі.

Жүйесіз азықтандыру, әлсіз генетика мен технологиялар салдарынан мал шаруашылығындағы жоғалтқан шығын шамамен 30 пайыз шамасында.

Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемі мен сапасын арттыру – бірінші кезектегі дүние. Бұл бағыт бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар аз емес.

«Өңірлерде берік жемшөп базасын құру жұмыстарын жүргізу жоспарланып жатыр. Бұл үшін 505 жыл ішінде жемшөп алаңдарын 5 мың гектарға, оның ішінде шөпке біржылдық шөптерді 154 мың гектарға ұлғайту көзделеді», – дейді министрлік.

Айта кету керек, сонау 90-шы жылдары мал азықтық дақылдар егілетін алқаптардың жартысынан көбін көпжылдық шөптер алып жатты. Бұл осы дақылдардың мал азығын өндірудегі ерекше маңызын көрсетті.

Қазіргі уақытта шабындықтардың дені ескірген. 25-30 жыл бойы жаңартылмаған. Биологиялық ресурсы сарқылғанына таңғалудың қажеті шамалы.

«Бұл алқаптардағы шөптің өнімділігі 2-4 ц-тен аспайды. Кей алқаптардың әлеуетіне қарай гектарына 25-35 ц/га жетуі мүмкін. Осыған байланысты алдағы жылдары түбегейлі жақсарту үшін бұрынғы жерлерге көне шөп шабақтарын қайта егіп, яғни қайта жыртып, мүмкіндігінше көпжылдық шөптердің түрлік құрамын (еркекшөп, қусыз және тік шөптер, көк және тамырсыз шөптер, ситник шөптері, эспарцет, жоңышқа, ақ және сары түбірлер) себу қажет», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Ауылшаруашылығы министрлігі генетикалық әлеуетті арттыру бөлігінде тұқымсыз аналық мал басын тұқымдық түрлендіруді, оның ішінде шетелден асыл тұқымды мал басын сатып алуды арттыра түспек. Сонымен қатар, жеңілдікті кедиттеу және субсидиялау мақсаттары үшін саланы қаржыландыруды ұлғайту мәселесі пысықталатын болады.

Бұдан бөлек, құс еті саласында 3 жыл ішінде жалпы қуаттылығы шамамен 255 мың тонна құс еті болатын 27 жоба жоспарланып отыр. Бұл 2027 жылға қарай импортты толығымен жоюы тиіс.

Естеріңізде болса, Жергілікті атқарушы органдар мен Министрлік бірлесе отырып, агро-өнеркәсіптік кешен саласындағы 2024-2026 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі Жол карталарын әзірленген-ді. Соның аясында құс етін өндіру бойынша қуаттылығы 382,1 мың тонна болатын 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл жобалар Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, БҚО, СҚО, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау, Түркістан, Ұлытау облыстарында және Шымкент қаласында іске асыру жоспарланып отыр.

Министрлік пен «Kazakh Invest» ҰҚ» АҚ әзірленген, шетелдік инвесторлармен бірлескен 47 жоба аясында 2024 жылы инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетуі тиіс. Аталған пулда тек қана Қытай елінің инвесторлары емес, әртүрлі шетелдік инвесторлар бар.

Айта кету керек, ауыл шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше жобалар қолға алынып отыр.

Айталық, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, жұмыссыздар санын, АӘК алушылардың санын азайтуға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты кәсіпкерлік қызметке тартуға, сенімді өкіл (агент) арқылы 2,5 пайызға дейін шағын несие беру жобалары арқылы жүзеге асыруға бағытталған.

Осы мақсаттарға 2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие берілсе, 18 мың жұмыс орнын құру жоспарымен 100 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.

Қазіргі таңда 80 млрд теңгеге 12,8 мың шағын несие беріліп, олар арқылы 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылыпты.

Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасының бір мақсаты – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру.

Еліміздің барлық өңірлерінде жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа және фермер қожалықтарын, сондай-ақ қайта өңдеу кәсіпорындарын біріктіретін 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ. Оның ішінде 295 ауыл шаруашылығы кооперативі 6,1 млрд теңге көлемінде шағын несие алып үлгерген.

Биыл да «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 16,7 мың шағын несие беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлініп, 17,7 мың жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс.